Елімізде ғылым мәселесі, оның ішінде шетелге аттанған, артынша сол жақта «сұлтан» болып, өзге мемлекеттің дамуына елеулі атсалысқан ғалымдар мәселесі біраздан бері қозғалып жүр. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі біршама уақыт бұрын мұхит асқан өнертапқыштарды елге қайтарып, инновациялық-технологиялық жобалар жасауды ұйғарып, күн тәртібіне енгізгені есімізде. Рас, еліміздегі белді, жабдықталған мектептердің түлектерінде әлемдік аренаға шығу мүмкіндігі жоғары. Олар бала күнінен қандай да бір салаға, ғылымға бағытталып, халықаралық олимпиадаларға қатысады. Бертін келе әртүрлі жоғары оқу орнына құжат тапсырып, батыста нан тауып, күн көреді. Неде болса, еліміздегі ғылымның тоқырауына қарап, оларды айыптау да қате секілді. АҚШ пен Еуропа елдерінде оларға берілетін қаражат, қолдау мен құрмет біздікілерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Өкініштісі сол, Қазақстанда ғалымдарға академиялық қолдау жетіспейді. Бізде керісінше, спортшылар және өнер адамдарынан культ жасау, сәйкесінше солардың сойылын соғу салты кеңінен қалыптасқан… Біз бұл мақаламызда ұлты қазақ бола тұра, өзге елдің дамуына ықпал етіп, мемлекетімізде аса танылмаған «генийлер» жайлы айтатын боламыз. Әрқайсысына жеке тоқталып, немен айналысқандарын, қандай жетістікке жеткендерін толығырақ тарқатамыз.
Қуат Есенов – қазақстандық математика вундеркинді.
Ата-анасының айтуынша, Қуаттың есеп-қисапқа қабілеті шамамен үшінші сыныпта ашыла бастаған. Көбіне физик-математиктердің аталған ғылымға икемі ерте жастан байқалып жатады. Осы көзқараспен қарайтын болсақ, Қуат өзінің табиғи дарынын әжептәуір кеш байқаған. Жас ғалымның өзі «Мектептің мен үшін маңызы зор болды. Бірақ та мен өзімнің нағыз математик екенімді лицейде білдім. Егер мен №8 дарынды балаларға арналған лицейге түспесем, мүмкін қазіргі дәрежеге жетпес пе едім» деп оқушы шағын еске алады. 9 және 11-сынып аралығында Қуат халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда бас-аяғы алты алтын, бір күміс және бір қола медаль еншілеген. 9-сыныпта ол Англияда өткен әлемдік олимпиадада күміс медаль алса, дәл сондай АҚШ-та болған ғылыми, техникалық бағыттағы додада қола медальді қанжығылапты. Атап айту керек, Қуаттың жасы өзгелерге қарағанда бір жасқа төмен болған екен.
Лицей оқушысына мектеп бітіре салысымен бірден америкалық белді оқу орындарынан ұсыныс түседі. Ойлана келе ақпараттық технологиялар бағытында білім беретін ең мықты ЖОО МІТ-қа жолы түседі. Қазақстандық математик Қуат Есенов бірнеше жылдан бері Google компаниясының Калифорниядағы бас кеңсесінде инженер болып жұмыс істеп келе жатыр. Ғалым, PhD докторы бұлтты ІT технологиялары саласымен айналысады, ірі компаниялар үшін бағдарламалық платформалар жазумен қатар, жаңа жобаларды әзірлейді және оны жүзеге асырады.
Бауыржан Бектеміров – Markets Mentor компаниясының атқарушы директоры, Гарвард университетінде білім алған алғашқы қазақтардың бірі.
Бұл кейіпкеріміз жоғарыда атап өткендей, Гарвардта оқыған. Сонымен қатар, математикадан халықаралық олимпиаданың алтынын алған алғашқы қазақтардың бірі. Бауыржан – Ақтөбе облысына қарасты кішігірім ғана Мәртөк ауылының тумасы. 9-сыныбында Ақтөбедегі ҚТЛ-да оқуын жалғастырады. Вашингтонда өткен халықаралық олимпиададан Қазақстан құрамасы бірдей төрт алтынды иеленеді. Солардың алғашқысы Бауыржанға тиесілі. 2002-2003 жылдары ол Глазго және Токиода ұйымдастырылған халықаралық білім сайыстарында да топ жарып, құрама қоржынына екі күміс сыйлайды. Дәл сол жылы ол аты әйгілі Гарвард университетінің математика және итальян тілі мамандығына оқуға қабылданады. Оқып жүрген уақытында итальяндық Болон университетінде де тәжірибе алмасып үлгерді.
2012 жылы Халықаралық банк қаржыландырған бағдарлама аясында Чикаго университетінің магистратурасына түседі. Біздің бұл кейіпкеріміздің өзгелерден ерекшелігі – елге қызмет етуінде. Бауыржан шетелде білімін жетілдіргенімен, Қазақстанда да бірқатар жұмыс атқарды. Нақтырақ айтқанда, 2009 жылы «Самұрық-Қазынада», кейінірек Экономикалық зерттеу институтында, одан соң Ұлттық банк пен Халықаралық қаржы орталығында абыройлы жұмыс істей білді.
Әділет Иманбеков – Райс университетінің физика және астрономия факультетінің профессоры.
Әділет 1981 жылы Жамбыл облысында дүниеге есігін ашты. 14 жасында физика және математика пәнінен өткен ұлттық олимпиаданы жеңіп, ресейлік ММУ-ға қарасты Колмогоров мектебіне жолдама ұтып алды. Ол мектепті үздік тамамдап, 1998 жылы физикадан Исландияда өткен халықаралық олимпиаданың алтынын еш қиналмастан мойнына тағып, Мәскеу физика-техникалық инстиутын қызыл дипломмен аяқтайды. Өз қатарластарының қашанда алды болған Әділетке Гарвард университетінің өзі көз тігеді. 2002 жылы аталған оқу орнына қабылданып, PhD дәрежесін сәтті қорғап шықты. Қорғаған тақырыбы – салқын атомдар системасы. Аспирантураны бітірген соң Әділет өз мансабын Йель университетінде жалғастырады. Кванттық физикаға ден қойған ол араға екі жыл салып Райс университетіне ресми оқытушылық қызметке тағайындалды. Алайда, біліммен қатар экстремалді өмірге құлшынған ғалым 2012 жылы өз отанында, Тянь-Шань тауының баурайында дүние салады…
Шухрат Миталипов – әлем мойындаған ғалым.
Шухрат Миталипов – генетика және биомедицина саласында әлемге танылған ғалым. Ол жасуша инженериясы мен гендік терапия бағытында ауқымды зерттеулер жүргізіп, адамзаттың тұқым қуалайтын ауруларын емдеуге мүмкіндік беретін жаңалықтарымен танымал.
Шухрат Миталипов 1961 жылы Қазақстанның Шығыс өңірінде дүниеге келген. Орта білім алғаннан кейін Новосибирск мемлекеттік университетіне түсіп, генетика саласында маманданған. Ғылымға деген қызығушылығы оны әрі қарай ізденуге итермелеп, кейін Ресей Ғылым академиясында қызмет етті. 2000 жылдардың басында АҚШ-қа қоныс аударып, Орегон денсаулық және ғылым университетінде (OHSU) жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта сол университет жанындағы Приматтар орталығында (Oregon National Primate Research Center) зерттеулер жүргізеді.
Қазіргі таңда Шухрат Миталипов – Орегон университетіндегі жетекші генетиктердің бірі, сонымен қатар әлемдік биотехнологиялық қауымдастықта жоғары бағаланатын маман. Ол көптеген халықаралық ғылыми журналда мақалалар жариялап, АҚШ пен Еуропадағы беделді ғылыми ұйымдардың мүшесі ретінде дүйім жұртқа белгілі. Шухрат Музарапұлы қанша Америкада қызмет етіп, сол жақтың менталитетіне сіңісіп кетсе де, өз туған жерін ешқашан ұмытқан емес. Президент жанындағы ғылыми академияда академик болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, ҚазҰУ-ның медицина саласында білім алып жүрген студенттерге дәріс оқып тұрады.
ТҮЙІН. Бұл – тек сәл де болсын танымал, әжемжеліде аттары аталып жүрген ғалымдар. Статистикаға көз жүгіртсек, Америкадағы Google компаниясының өзінде жүздеген қазақ тер төгіп жүр. Расында, елдегі ғылым ахуалы осындай данышпандарды аса қадірлемей, тасада қалдырып жатқандығы көңіл көншітпейді. Олардың әр жаңалығы мен жетістігін елемеу, дәріптемеу – еліміздің ғылымға деген көзқарасының айқын дәлелі.
Мәселе – тек мойындауда емес, олардың білімі мен тәжірибесін ескеріп, елге қайтарудың амалын жасауда. Ғалымын қадірлей білген ел ғана болашаққа нық қадам басатынын білеміз. Сол себепті тума таланттарымызды бағалап, ғылымды дамытуды ұлттық мүдде ретінде қарастырмасақ, біз тек сыртта мойындалған, десе де өз елінде елеусіз қалған ғалымдар туралы сөз тарқата беретініміз анық.
А.АБАЙҰЛЫ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!