Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыныс ауыстыру – Құдайды мойындамау

07.12.2020, 9:30 1372

HALYQLINE.KZ

Тісіңізге «құрт» түсті, емдеттіңіз де, жасанды тіс салдырдыңыз. Ішер асыңызды бойыңызға сіңіру үшін қажеттілігі сол болды. Тіс дұрыс болмаса, асқазаныңызға қауіп. Қажеттіліктен табиғиды жасандыға ауыстырдыңыз. Ойды ой қуалайды. Бір көршім бар, жүрек дімкәстігінен әбден зардап шекті. Дәріні «азық етті» талай жыл. Былтыр Гиппократ көкеге ант бергендер жүрегіне аппарат сап берді. Содан бері әлгі көршім «өмір аппаратынан» зардап шекпей жүр. Оныкі де өмір сүру үшін жасалған қадам. Бір ағам бар, көлік апатына ұшырап, жуан саннан аяғы кесілді. Мәжбүрліктен. Әйтпесе, құлындай шаптырған аяғынан кім айрылсын? Не керек, жұмыр дүниені жүріп көрмек ниетпен жасанды аяқ салдырды. Шынында, Құдай берген мүшені ешкім өмір қызығы үшін ауыстырмайды, сол өмірді сүру үшін ғана алмастырады. Өйткені тән де, жан да – адамға берген Құдайдың уақытша сыйы. Оны сап-сау күйінде қайта табыстау – міндет.

Жалпы, ғылым адамзат игілігі үшін қызмет еткені дұрыс. Ал игілігі жоқ ғылым пендені шайтанның азғыруымен дүниеге келеді. Мәселен, атомды, яғни физикадағы «қуатты сәулелі» элементтер әу баста адамзат игілігі үшін зерттелді. Бір шымшымы (шымшып ұстай алмаймыз ғой, грамы) 3-4 тонна көмірдің қуатын беретін әлгі элементтер аса қажеттіліктен зерделенді. Бірақ фашизмді дүниеге әкелгендер әу баста шайтанның азғыруымен жүрді емес пе, сол азғындықпен адамзатты қырып жіберетін қаруды ойлап тапты. Кейін оны алпауыт елдер арам пиғылы үшін «үйреніп» алды. Тағы бір қызық жайт, пенденің ұлы мұраты – ұрпақ өрбіту. Жалпы тіршілік атаулының мұраты десек те болады. Кей-кейде туабітті, кейде жүре келе талай пенде бала сүйе алмайды. Ерлердің мұндай мүмкіндігі жоқ болса, ғылым әсіресе медицина еш көмек бере алмайды. Ал, нәзікжандыларға бір көмегі бар. Мәселен, жатыры тіршілік жарылысы тулауға дәрменсіз болса, донор табылса, жатыр ауыстырып, бала сүю бақытына ие ете алады. Әлемде 40-тан астам әйел осы жолмен аналық сезімді сезінді. Бұл – ғылымның жұмырбастылар үшін жасаған игілігі. Енді сұрақ, жыныс ауыстыру қандай қажеттілігімізден бізге керек болды?

Ат шаптырымнан орағытып, бұл мәселені неге қозғап отыр дейсіз ғой, 2021 жылдан бастап, ол жыл бір айдан соң басталады, елімізде жыныс ауыстыруға толықтай мүмкіндік беріледі. Денсаулық сақтау министрі Цой солай мәлімдеді. Қазақтың Құдайшылдығына қарамай жұмыс ауыстырғандай талайға жыныс ауыстыруға мүмкіндік берді.

«Орыс ойына келгенді, қазақ көргенді істейді» деген қағытпа сөз бар. Еуропа мен аюлы елден көргеніміз, көріп жүзеге асырмақ болғанымыз осы кесапат болмақ. «Ару боп келді, ауру боп кетті. Ер боп келді, тұқымы тұз боп кетті», – деп жүреді әлі талай ұрпақ. Қайдағы ұрпақ, жынысын «толық» ауыстырғандарда ұрпақ болмайды емес пе?

Жыныс ауыстыру – батыстың жымысқы әрекеті негізі. Ұлтты, адамзатты жоюдың басты құралы. «Атеизмді» қуаттайтын белгілі бір топтардың адамды Құдайдан алыстатуға жасаған әрекеті. Әйтпесе бұл не? Құдай жаратқанды бүлдіру, сол Құдайға қарсы шығу емес пе? Әр пенде өмірге келерде ер не әйел етіп Құдай жаратты емес пе? Содан қазақ Алланы «Жаратушым» деп дәріптемей ме?

Еліміздегі сандарға сенсек, жылына 6-7 жыныс ауыстыру жағдайы тіркеледі екен. Сұмдық па? Ал бұл көрсеткіш рұқсат берілген соң ұлғая түспек. Себебі де түсінікті. Мүмкіндікті мүлт жібермеуге ұмтылатын елміз ғой. Солай болғанның өзінде осы әңгімені айтқан Цой бұл дүниенің қазақ танымы мен дағдысына сәйкес емесін неге ескермеген? Себебі атажұрт «Әуелі Алла» деп қарекет етіп, дәл сондай қалыппен өмір сүретін ұрпақ тәрбиеледі емес пе? Қазақтың Құдайсыз күні жоқ. Ал мына «Құдайдан безген» дүниеге есікті айқара ашпас бұрын елдің ойын саралап, пікірін тыңдау керек еді. Құдай берген жыныстан безінген адамдарға жағдайды жасап беруде. Құдайға, табиғатқа қарсы шығуды қуаттайды Цой айтқан әңгіме. Мөңке бидің:

«Кебір – жерге теңеледі,

Әйел – ерге теңеледі,

Көл – теңізге теңеледі.

Сиыр – өгізге теңеледі», – дегені енді дөп келетіндей. Еркек әйелге, әйел еркекке айналса, теңелу деген осы емес пе?

Жұмыс ауыстырғаннан жыныс ауыстырған оңай болатын жыл жақындап келеді. Сіздің пайым қалай?

Дастанбек  САДЫҚ,

тәуелсіз  журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: