Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрси сатудың шебері

03.05.2020, 10:16 2613

HALYQLINE.KZ Студент кезімде жатақханадағы көрші бөлмеде тығыршықтай қара қыз тұратын. Оның жазғы демалыс уақытында түрси сататынын бәрі білетін.

Өзі әкесіз өскен. Ата-әжесі, анасы, інісі бәрі қосылып түрси сатумен айналысады екен.

Қысқасы, ол ес білгелі отбасындағы үлкендердің түрси сатып, үйіне азық-түлік әкелетінін көріп өскен. «Дамбал сатушылар отбасы» десек артық емес. Сондықтан оған адамның тілін табу, өнімді өткізу түк қиын еместігін еш қысылмай ашық айтатын. Сол кезде қасымдағы басқа қыздар «фууу» деп күліп, мазақтап, оған жиіркене қарайтын. «Дамбал сатудан басқа іс құрып қалып па, неге телефонның шехолын сатпайсың немесе басқа іспен айналыспайсың, іш киім сатқанның несі қызық?» деп оны жерден алып жерге салатын. Ал ол болса, еш қысылмастан «несі бар, сауданың аты – сауда. Арақ сатқаннан, дамбал сатқаным артық. Арын сатқандар да ұялмай жүр ғой. Адал ақша тапқанның несі жаман? Құдды өзің іш киім кимейтіндей айттың ғой. Егер сол затты ешкім сатпаса, күнің не болар еді?» деп әлгілердің аузына құм құятын.

Қазір сол дамбал сататын қыз – нағыз кәсіпкер. Кезінде оны мазақ қылғандар біреудің қасын бояп, біреудің арқасын уқалап, енді бірі адамның бетінің кірін езетін, тазалайтын косметолог болса, енді бірі клиентінің тырнағын ретке келтіріп, нәпақасын тауып жүр.

Осы орайда айтпағым, адамды қызметіне қарап келеке еткеннің күні болашақта одан да жаман болып қалуы мүмкін екендігі туралы. Мейлі ол, күзетші, еден жуушы, ғалым, бастық болсын, бәрібір. Оған қызметші ретінде емес, адам ретінде қарау керек. Қызмет мүмкіндікке байланысты өзгеріп отырады.

Қазір экономистер мен сарапшылар карантиннен кейін «экономикалық дағдарыс» болу қаупі жайлы дабыл қағуда. Әрине, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны анық. Ал біз болсақ, сол баяғы «зона комфорттан» шыға алмай жүрміз. Жұмысқа тұру үшін таныс іздеп, Мәке-Сәкелеп… Шыңғысхан қазақ па, қазақ емес пе деп бас қатырып, келесі президент кім болады деп…

Шапағат Сердәлінің ФБ парақшасынан алынды.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: