Табиғаттың айтып келмейтін аласапыран оқиғалары өте көп. Тасқын да, өрт те – табиғаттың жаулары. Айтып келмейтін апат табиғи қалыптасқан тепе-теңдікті бұзып қана қоймай, адам баласының өміріне қауіп төндіріп, табиғатымыздың таптырмас байлықтарына үлкен зиян келтіруде. Қазіргі күні өңірімізде өрт мәселесі өршіп тұр. Жыл басынан бері Қызылорда қаласы аумағында әртүрлі сипаттағы жалпы саны 165 (2020 жылы 221 өрт) оқиғасы болып, салдарынан 5 адам қаза тапса, 13 адам жарақат алған (2020 жылы 3 адам қаза болып, 3 адам жарақат алды). Соның ішінде тұрғын үйлерде 114 (2020 жылы 139 өрт) өрт оқиғасы тіркелген, өткен жылмен салыстырғанда 25 өртке азайған. Жалпы, былтырғы жылмен салыстырғанда өрт оқиғалары азайған екен. Дегенмен, бір бәленің бетін жапсаң, екіншісі сарт ете келеді емес пе? Ағымдағы жылы газдың улану фактісі бойынша өңірдегі оқиғалар сала мамандарын алаңдатып отыр. Мәселенің түйінін тарқату үшін қала әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өтті.
- Жыл басынан көмірқышқыл газына улану фактісі бойынша 3 жағдай тіркеліп, олардан барлығы 8 адам, оның ішінде 5 бала зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген. Сонымен қатар, табиғи газға улану фактісі бойынша 1 жағдай тіркелген, 4 адам зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген, – деді Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.
Осы аталған оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында жауапты мамандар біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, 15 тамыздан бастап Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастырумен 2021–2022 жылдар аралығындағы жылу беру маусымында қала аумағында орналасқан өрт сөндіру бөлімдері қызметкерлерін, жергілікті атқарушы органдарды, полиция басқармасының қызметкерлерін және волонтерлерді жұмылдыра отырып өртте адамдардың қаза болу және жарақат алу қауіп-қатерін азайту, көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізуде.
Сондай-ақ бүгінге дейін 3 831 тұрғын үй секторының (15425 адам)ауласы араланып, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қала тұрғындарымен 195 рет кездесу ұйымдастырылған. Кездесу барысында электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану туралы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша мәселелер қамтылған. Түсіндірме жұмыстары барысында басты назар әлеуметтік тәуекел топтарына, яғни мүгедектер, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға назар аударылып, бірінші кезекті аталған үйлерде түсіндірме жүргізілген.
- Өткен жылу беру маусымында 330 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер әлеуметтік тәуекел топтарына кіретін отбасылардың тұрғын үйлеріне орнатылды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, биылғы жылу беру маусымында 350 отбасыға датчик орнатылатын болады. Сонымен қатар газдан келетін оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мен коммуналдық қызметтерді есептеу орталығының инспекция бөлімі, газ шаруашылығы саласындағы ұйым өкілдерінің қатыстысуымен газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын (тұрмыстық газ баллондар) пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесі тақырыбында мейрамханалар мен тамақтану орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда, – деді Жасұлан Түйменов.
Міне, көріп отырғанымыздай сала мамандары қала тұрғындарының қауіпсіздігіне немқұрайды қарамай, көптеген жұмыстарды істеп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етуде. Дей тұрғанмен, өңірде тілсіз жаудың құрбаны болғандардың саны көбеймесе азаяр емес. Себебі 21 қараша күні сағат 17:43-те қалада үй өртеніп, екі адам қайтыс болды. Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиғаның желісі үйдің едені отқа оранып басталған.
- Оқиға орнынан екі адамның мәйіті табылды. Оның біреуі 1966 жылғы үй қожайыны болса, екіншісі – үйге қонаққа келген 1990 жылғы азамат. Алдын ала жасалған болжам бойынша өрттің шығуына себеп болған отты абайсызда қолдану, яғни темекі шегу, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Нұрманова.
Біршама жұмыс халықтың қауіпсіздігі үшін жүргізілгенмен қала тұрғындарының салғырттығынан жарақат алып, ең қиыны қаза болып та жатыр. Жалпы, осындай жағдайларды талдайтын болсақ, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына бейжай қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр сымдардың дұрыс жалғанбауы мен ескіруінен, балаларды қараусыз қалдыруынан және ішімдік ішіп масаң күйде болуынан өрт оқиғаларына әкеп соқтыруда. Жоғарыда келтірген мысалда бір темекі шегемін деп көкке ілініп кетіп жатыр. Сол себепті қала тұрғындары айтып келмейтін апатқа бейқамдық танытпай, «Сақтансаң, сақтармын!» дегенді естен шығармауды сұраймыз. Өрт деген зұлматқа кез келген жағдайда мамандар дайын болса, халық та өз кезегінде жауапсыздық танытпауы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қиын күндер адам баласына туындамау үшін барынша сақ болайық.
Көрнекі фото
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!