Авторлық фильмдер туралы айтып жүміз ғой…
Мына гәп көпшілікке арналған (кинотеатрларда көрсетіліп, ютубты жайлайтын) фильмдер туралы. Яғни, жанрлық фильмдер туралы.
2019 жылы Қазақстанда экранға шығып үлгерген (пандемияға байланысты үлгермегені қаншама) көпшілікке арналған (дені комедия) фильмдердің біразын интернет арқылы шолып шықтым. Бәрі орысша. (Аттарын, авторларын атап айтқым келіп тұрған жоқ, білесіздер ғой). Арасында қаңғыған қазақша сөздер кездесіп қалады, оның өзі жөн сөз емес.
Ал актерлердің бәрі – қазақ актерлері! Талай сахна арқылы өнеріне қанық болған амплуалары анықталған, шеберлігі мойындалған қазақы қалжыңмен, қазақы әзілімен, қазақы танымымен көрерменін үйіріп келген қазақ актерлері! Кәдімгі қазақша оқыған, қазақша тәрбиеленген отырыс-тұрысы, ым-ишарасының бәрі қазақша… тек, тілі басқа…
Бұл не?
Бұл Қазақстан ба?
Қазақтың тілі экранға жарамай ма?
Комедиялық актерлердің «ойыны адал да, тілі арам» ба?
Енді кинотеатрға бара қалсаңыз, көрерменнің бәрі – көкөрім қазақтың ұлы мен қызы! Қаптаған қазақ жастары!
Оларға қазақ тілінде берсеңіз, шайнамай-ақ жұтпақ! Бірақ біз орыс тілінде ұсынамыз? Неге?
Бұл не қылған комплекс?
Мәселе фильмді жасаушылардың түсінігінде болып тұр ғой. Қазақ тілінде дүниені ұсынбау – тілге сенбеу. Тілге сенбеу – қазаққа сенбеу…
Ал идеологияның тізгіні – кино. Ол қайда бұрса, сонда жайлайсыз… Тіліңді қаңғытып, діліңді көнертіп басқаның «қолтығын жайлау» етесіз… Осылай бірте-бірте негізімізден арыла береміз.
Біз қайда бара жатырмыз?
Біз қандай ұлт болдық?
Іске аспаса, тілің кім үшін?
Тілің болмаса, күнің кім үшін?
Срошна, «ел болам десеңіз, киноңызды түзеңіз»!
Данияр САЛАМАТ,
кинорежиссер
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!