Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ «Білім – өмір шырағы» екенін жақсы біледі. Дегенмен, қазіргі кітаптардың бәрі «білім бұлағы» ма? Қазіргі кітаптарды кімдер жазып жүр? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік…
Республикамыздың түкпір-түкпірінде кітапханалар, кітап сататын дүкендер өте көп. Ал бүгінгі күннің авторларын оқығысы келген адам іздегенін кітапханалардан емес, кітап дүкендерінен табады. Солардың бірі – «Меломан». «Меломан» дүкендер желісі – білімге құштар, жаңашылдыққа бейім жастар көп бас сұғатын орындардың бірі. Алайда осы кітап дүкендерінде 10 мың кітап болса, соның 10-ы ғана – қазақ авторларының кітабы. Ал сол 10 кітаптың авторлары – бүгінгі жазушылар, яғни, әншілер, кәсіпкерлер, блогерлер тағысын тағы. Жазғандары – өз өмір жолы, тыныс-тіршілігі, қатесі, күнәсі, естелігі. Кітаптардың мазмұны да стилистикалық қателерге толы. Сөз зергері Зейнолла Қабдолов «Әдебиет – ардың ісі. Жазушы атанған адам жаман жазуға арлануы керек» демеп пе еді. «Кітаптың барлығы әдеби болуға тиісті емес» деген күннің өзінде, бүгінгі кейбір «жазушылар» Лев Толстойдың «Жер жырт, етік тік, тағы бірдеңе жасап тамақ асыра, бірақ жазушылықты кәсіпке айналдырушы болма!» деген өрелі ойын оқыды ма екен? Оқыса, түсінді ме екен? Жоқ, оқымаған да, түсінбеген де. Кешегі кемеңгерлерді оқымаған, түсінбеген авторлар кітаптың құндылығын төмендетеді, сауатын да кемітеді. Бұл сауатсыз кітаптар сауатсыз ұрпақты тәрбиелейді, содан сауатсыз қоғам пайда болады. Ең өкініштісі де – осы. Дегенмен қазіргі «қаламгерлер» бұлай ойламайды, осы күнгі жазғыштардың бір тобы кітаптарын «оқырмандарды жігерлендіреді, мотивация береді, кәсіп жасаудың қыр-сырын түсіндіріп, өмірдің сабақтарына үйретеді» деп таныстырады. Тек олар жақсы кітап кәсіпкерге жол көрсететін карта емес, оқырманға ой салатын, жүрегін қозғайтын ақылшы-дос екенін ескермейді. Оқырман кітаптан өзін, өзінің қоғамын көруі керек екенін бағамдамайды. Ал екінші бір жазғыштар кітаптарын өз өмірлеріне арнайды. Демек, олардың кітаптары – мемуарлық кітаптар. Мейлі, солай делік. Десе де кітап деген қадірлі сөздің қасиеті төмендеп, кез келген жаза алатын «күнделік» болып қалғаны ма сонда?
Кітап жазу кәсіп емес. Әрине, кітаптарды тек филологияда оқып, әдебиеттің қыр-сырын меңгерген жазушылар ғана жазсын демеймін. Кітап жазуды мақсат еткен автор кітапты кімге жазатынын, не мақсатпен жазатынын ойлап, кешегі ірі қаламгерлердің еңбектерімен танысып не болмаса әлем әдебиетінде мойындалған авторларды оқып, пайымдап, жауапкершілікті сезінсе екен деймін. Ең болмағанда сауатты редакторлар мен корректорларға тапсырып, кітаптың стилистикалық қателерін түзетсе екен деймін. Себебі, осы күнгі авторлар «Қан мен терді» он шақты рет түзетіп, әр сыншының мінін ескеріп қайта жазған Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді еңбектенбейтінін білемін. Дәлел ретінде кітаптардың мазмұнында да, жүйесінде де менмұндалап тұрған бір реттік шолақ ойды айта аламын. Ал қалай болса солай ойлайтын адамның, қалай болса солай жазатыны түсінікті. Осы орайда, сапалы киім киіп, қымбат телефон ұстайтын қоғамның ойы арзан, мазмұны сапасыз кітап оқып жүргені еріксіз ойға оралады.
Керемет кітап – кемеңгер ұстаз. Мүмкіндігі шексіз саналатын ғаламтор да кітап беретін тәлім-тәрбиені бере алмайды. Ал сол «ұстаздың» өзі шаласауатты, ойсыз болса, оны оқыған біздер кім боламыз? «Ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің?» дегендей, бүгінгі қоғамның мен көрген басты мәселелерінің бірі – оқымайтын жастар емес, оқуға тұрмайтын кітаптар. Тоқетері, сөзге тоқтаған халықтың ұрпақтары осы мақаланың көпке шашылған топырақ емес, кітапсүйгіш қауымның жанашыры ретінде айтылған аз сөз екенін түсінсе екен. Мақсатым сол – жазуды мақсат еткен әрбір автор кітаптың қадір-қасиетін төмендетпейтін дүние жазып, сөзін саралап, ойын жүйелеп, қатесін тексеріп, елеп-екшеп баспаға ұсынып, бастысы кітаптың ақшаның емес, таным-тәрбиенің көзі екенін ұғынса деймін. Менің сыным ғана емес, шыным да – осы.
Түйін. Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Білімсіз қоғам ешқашан да өрге басқан емес. Қай елдің, қай халықтың болмасын, оның мәдени деңгейі, сауаты кітаппен байланысты. Бүгінде біз мәдени деңгейімізді қаншалықты дамытып жүрміз?
Мөлдір ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың 4-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!