Бүгінгі елдегі жағдайға қарап отырсақ, Қазақстанның дамуы шектелген, мешеу мемлекеттердің қатарына жататынын байқаймыз. Ақиқаты – осы. Елдегі барлық сала тоқырауға ұшыраған. Экономикада дағдарыс, саясатта дағдарыс, геосаясатта дағдарыс, әлеуметтік салада дағдарыс, қаржы саласында дағдарыс, т.б. Ал мұндай жерде даму жөнінде сөз айтуға бола ма? Әрине, жоқ. Ал біздегі Үкімет «Қазақстан барлық саланы еңсеріп, алға шықтық» дегеннен жазбай келеді. Бұл – енді өзін-өзі алдау. Меніңше, бізге барлық салада реформа қажет. Онда да шұғыл түрде. Қазір билік өз алдына, халық өз алдына өмір сүруде. Бұқара билікке сенуден қалған заман. Тіпті кешегі өткен құрылтайларда да халық билікке деген өз өкпесін айтты, запыранын төкті. Осыдан-ақ елдегі жағдайдың мәз емес екенін, қандай да бір әлеуметтік жарылыстың болайын деп тұрғанын байқауға болады. Әрине, бізге революция қажет емес. Бізге тұрақтылық керек. Эволюциялық жолмен бәрі шешілуі тиіс. Осының бәрін сараптай келе «Байтақ-Болашақ» экоальянс ақсақалдар кеңесін шақыруды ұсынды. Кеңес мүшелері бір ауыздан қолдап, елдегі қозғалыс көшбасшыларын шақыруды да қолдады.
Елдегі қалыптасып отырған ауыр жағдайды елдің бетке ұстар ақсақалдары билікке жеткізіп отыруы тиіс. Сондай-ақ, тығырықтан шығар жолды да солар көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырса. артықтық етпес. Қазақ үшін ақсақалдар кеңесі ықылым замананнан келе жатқан дәстүрдің жалғасы ретінде қабылданғаны жөн. Шынын айтар болсақ, егер де Қазақстан осы бағытта, осы жүйеде кете беретін болса, түбі мемлеттігін жоғалтып, құрдымға кетері хақ. Біз бұған жеткізбеуіміз керек! Қазір елді үркердей ғана олигархтар басқарып отыр. Онда да өз еңбектерімен емес, мемлекеттің байлығына сұғанақ қолдарын сұғып, байып алғандар. Бүкіл заң-зәкөн солардың ыңғайына қарай жазылады. Оларға еш жерде бөгет жоқ, сот жоқ. Керісінше елге ондай сұғанақтар емес, көрген білгені, жиған- тергені мол көреген ақсақалдар иелік етіп жатса, жол көрсетіп жатса, жақсы болар еді. Бәлкім мемлекеттің басқару саясаты да түзелер ме еді? Қашанда мемлекеттегі маңызы бар соңғы шешімді ақсақалдар кеңесі қабылдап жатса, жөн болар еді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
саясаткер
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!