Қаныңыз қайнап көрді ме? Қан қайнамайды ғой, қайнаса адам өлмей ме? Жоқ, қан қайнайды. Армстронг биіктігіне көтерілгенде 37 градуста адамның денесіндегі бар сұйықтық қайнай жөнеледі. Шамамен теңіз деңгейінен 18-19 шақырым биіктікте. Егер осындай биіктікке көтерілгенде қорғаныш киімі болмаса, құрыды дей беріңіз.
Айтпақшы қан қайнауы үшін осынша биіктікке көтерілудің қажеті жоқ. Намыс көтерілсе, ашу мен ыза аспандаса, алпыс екі тамыр бұрқанған қанның емес, лаваның өзіне айналады. Өйтпегенде ше…
Бірер күн бұрын Рудный қаласының тұрғыны (abai.kz жазыпты Рудныйдікі деп) Кирилл Божконың «Қазақты маймылға, тілін сол мақұлықтың шүлдіріне» теңегені қанды қайнатты. Шынын айтайын, өзім Армстронг биіктігіне көтерілмесем де, ашуым сол белестен әрі асып түсті. Әлгі пақыр, есірген неме қазақтың дарқан даласында тұрып, қазақтың асын ішіп, суына шомылып, топырағына аунап, ауасын жұтса да, тұтас ұлтты даттауы, даттауы емес қаралауы, тіпті қаралауға да келмейді, масқаралық қылып, ар мен намысын аяққа таптауы, шыны керек, 18-19 шақырым былай тұрсын, Құс жолы галактикасынан әрі асырып, қара түнекке (черная дыра) бір-ақ тықты.
Несі бар, ауыз өзінікі. Мүмкіндік берген өзіміз. Қазақ тәуелсіздік алса да, санасы тәуелсіз емес. Талай қаланың атауы әлі орыс тілінде. Петр мен Павлға әлі «тәу» етеміз. Ата заң орыс тілін әлі де қазақ тілімен тең қояды. Ресми құжаттардың дені әлі орысша. Телеарналар әлі күнге орыс тілін қазақ тілінен артық сайратады. Жолдаудың өзінде кімнің құрсауынан шыққанымызды айғақтайтын дәлел бар. 50 пайыздан астамы орыс тілінде болғаны мықты дәлел бола алатын шығар? Түк бітірмейтін, бірақ едәуір қаржы жұмсалатын Ассамблея деген бар. Ит бар, ит үстінде бит бар демей-ақ қояйын. Сол Ассамблея талайдың сөзін сөйлеп жүр, талайды мап-мамық креслоға жайғастыруда. Ал қазаққа көзқарасы жақсы емес. Өйткені ұлтаралық талай кикілжің туды, ассамблеяның мардымды қарекет еткенін, мардым демей-ақ қоялық, бір қарекет еткенін көрмедік, естімедік, байқамадық. Айтқан екен, көрмедім деп көзін басқан, естімедім деп құлағын, айтпадым деп аузын басқан үш маймыл туралы карикатура есіңізде ме? Болмаса ғаламтордан іздеңіз. Тауып береді сол карикатураны. Біз құдды сол болдық та қалдық. Айтпақшы күллі әлем интернет деп жүргенде оны ғаламтор деп ауыстырған қазақ Петропавл, Павлодар, Рудный сынды қала атауын өзгертуге шамасы келмей жүрген соң талайлар есірмей қайтсін?!
Айтпақшы қазақты маймылға, тілін сол мақұлықтың шүлдірлегеніне теңеген Божко кешірім сұрап, әлеуметтік желіге бейнебаянын салыпты. Енді ше көрген үлгісі сол ғой. Домбыра сындырады, кешірім сұрайды, қазақтың үш ұлы биін сайқымазақша келмеждейді, кешірім сұрайды, ақшамызды қорлайды, «қателігін түсініп, кешіре салуды» өтінеді. Неменеге есірді, неменеге жұрт кешірді?
Біз өзі жуас халықпыз. Көзімізге жуаның сөлін тамызса да, табанымызды тіліп, тұз сепсе де қыңқ етпейміз. Момында да мінез бар деуші еді, сол мінезі қатты болатұғын. Сол момын құрлы қарекетіміз болмағаны шымбайға батады…
Негізі бұл жазба кеш жазылды білем, ашу құс жолы галактикасынан қайтамын дегенше ұзақ уақыт кетті. Ашуды ауыздықтамай әңгіме жазсақ артыққа кетерімді білдім де, кідірдім. Ұлтараздық қақтығыс тудыру ойда жоқ, тек қазақтың қасиетіне жүрдім-бардым, балағаттадым һәм кешірім сұрай салдым деген әңгімені болдырмас үшін бір заңның керегі анық…
Дастанбек САДЫҚ,
тәуелсіз журналист
Карикатураны салған Ғалым СМАҒҰЛҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!