Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәрсен ағайдың сенімі

20.01.2023, 9:00 559

Қыс мезгілі де келді. Дала ақ ұлпа қарға оранды. Барлық бала осы сәтті көп күткендей, бірі шанасын сүйреп, екіншісі аққала жасауға кірісті. Балалар бір-бірімен қуаласып, қар атқылап ойнап жүр. Оларға қарап отырып өзімнің де балалық шағым еске түсіп кетті. Осы бір сәтте көз алдыма ата-анам, бауырларым, алтын ұя мектебім, білім берген ұстаздарым, ауылым елестеді. Әне-міне дегенше оқу бітіргенімізге де он жыл болып қалыпты. Кеудемді мектепке деген сағыныш кернейді. Сол бір кезең дүниеге кетігін тауып, кірпішіміздің қаланып жатқан кезі екен. Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай елді мекенінде туып-өстім. Қ.Сәбиров атындағы №141 орта мектептің түлегімін. Әр оқушының өзіне үлгі алатын, жақсы көретін ұстазы болары хақ. Өзім бала кезімнен спортқа бейім болдым. Дене шынықтыру сабағын асыға күтетінмін. Біз оқығанда мектебіміз ескі болатын әрі спортзал деген атымен жоқ еді. Далада волейбол, орындыққа отырып таза ауада дойбы, тоғызқұмалақ ойынын үйренетінбіз. Дене шынықтыру пәнінен беретін ағайымыз сабаққа деген қызығушылығымызды түрлі әдіс-тәсілдері арқылы оятатын. Қырық жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келе жатқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сәрсен Тәжиев – біз үшін расында әкеміздей тұлға. Әрі бүгінгі күні ұстазымыз зейнет жасына қадам басқалы тұр екен. Сондықтан, бүгін сол кісі жайлы  жазып, алғыс білдіргім  келеді.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тұрқы бөлек тәмсіл бар. Жақсы жанның ізгілік қасие­тін, шәкірт тәрбиелеуде төгілген тері мен еңбегінің арқасында келген жүлделі жеңістерін жазсам, ол бүгінгі өскелең жастар үшін үлгі болары хақ. Маған «сенен бірдеңе шығады» деп сабақ аяқталса да, дойбының жүрістерін, тактикасын, өз білгенін үйрететін. Кітаптарын арқалап, «былай жүргенде мына әдісті, ал осылай болса, былай жеңіп шығуға болады» деп бағыт-бағдар беретін.

8-сыныптан бастап, дойбыдан мектепаралық, аудан, облыс деңгейіндегі жарыстарға қатыса бастадым. Әр жарысқа шығар алдында ағай үнемі бізді жігерлендіріп отыратын, сол себепті болар, жүлдесіз қайтқан емеспіз. 2011-13 жылдары Шиелі ауданында қырыққа жуық мектеп арасында спорттық ойындардан жарыс өтті. Сол жарыста дойбы мен тоғызқұмалақтан және қыздар волейболынан бас жүлдеге ие болдық. Ауылда спортзалдың жоқтығын  естіп  көбі  таңырқай  қарағаны бар еді. Бұл дегені­міз – жеңу үшін барлық жағдайдың жасалғаны емес, ұстаздардың үйрету әдістерінің өзгеше екенін аңғаруға болады. Дене шынықтыру пәнін оқытатын ұстаздарымыздың спортзалдың бар-жоғына қарамастан, жоғары жетістікке жол бастағанын осы күні түсініп жүрміз.

Жалпы, дойбы, шахмат,  тоғызқұмалақ  ойындарын  ойнау­да өзге мектептің оқушыларында бірізділікті  байқайтынбыз, сол – бір  жүріс,  сол – бір қадам. Ал Сәрсен  ағайымыздың  үйретуі  басқаша  болды. Ол ойынның ережесін түгел түсіндіріп, бізді ойнауға  бейімдеп болған соң, қарсыластың ойын оқып, оның  жүріс-тәсілдерін одан бұрын біліп отыруға да үйретті. Бұл – спорт саласын жай ғана меңгерген адамның қолынан келе­тін дүние емес, қаншама жылдық тәжірибе мен бала оқытудың жетістігінен туындайтын сана. Бұл арқылы ағайды артық мақтау ойымызда жоқ, тек расында осындай адамнан білім алып, жоғары жетістікке жеткендігіміз жайлы айту. Сәрсен ағайдың сенімін оқушылары да әркез ақтауға тырысады. Әрине,  жеңіс  бар  жерде  жеңіліс  те  бар.

Сәрсен ағайдың сенімін ақтап, мектеп абыройын аудан, облыс­та, керек десең республикада асқақтатқан шәкірті де біршама. Мектептің материалдық базасының жетіспеушілігіне қара­май, оқушылардың марапат мінберінен түспей, алға шығуына тәрбиелеу, дайындау – ең қиын жұмыс. Ал ұстазымыз жоқты барға айналдырып, әр уақытты тиімді пайдалануға шақыратын. Бір қызығы, біздің мектепте соңғы 40 жылда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ дейтін ойындарды меңгермеген бала жоқ. Дойбыдан аудандық жарыстың финалында №141 мектептің екі командасы кездескен сәттер де болғанын тарих растайды. Осы орайда, Сәрсен ағайдың еңбегі мен мамандығына деген  адалдығының  жоғары  екені  байқалады.

Көбінде өзге мектептерде дене шынықтыру мұғалімдерінің оқушыларға тым қатаң сөйлейтінін байқайтынбыз, ал біздің ол жағынан жолымыз болды. Себебі, ағай бізге артық ауыз ұрысқан емес. Егер артық кеткен жеріміз болса, түсіндіріп, сабыр­ға шақырып отырды. Сол үшін де болар, дене шынық­тыру пәнінің мұғалімі жағымды, адами болмысын жоғалтпаған тұлға кейпінде есімізде тұр. Бізді спортқа ғана емес, адам болып жүруге, адами қасиеттерді биік ұстап, өзгелер үшін көмек көрсетуден аянбауға үйретті. Ағайымыз жайында тағы бір айтатын дүние – ол сауатты болды. Сауаттылығымен қатар, дұрыс сөйлеу принципін ұстанатын жан. Әрбір аудандық, облыс­тық, респуб­ликалық газетті жібермей оқитынына барлығымыз куәміз. Қанға сіңген қасиет қайтсын ба, әлі де газетқұмар адамдардың қатарында екенін білемін. Өлең жазып, домбыра шертетіні де бар. Біздің мектептегі жылдарымыздың жетістік пен жақсылыққа, ұмытылмас қуаныштарға толы өтуіне себепкер  болған  ағайымыз  қандай  құрметке  болсын  лайықты.

Мектеп бітіріп, университет қабырғасында жүргенде де спорттық жарыстар өтсе, қалмай қатысатынмын. Жүлделі орындарды иемденгенде кімнен үйренгенімді сұрайтын. Кеудем­ді қуаныш кернеп, ағай жайлы, ол кісінің тактикалары жайлы айта бастайтынмын. Сәрсен ағайымызды қалай айтсам да, не нәрсе жазсам да, барлығы жарасымды деп ойлаймын. Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Осындай ұстазға шәкірт болу әрбір бала оқушының арманы деп білемін. Тауға қарап, оның биіктігін көзбен көру оңай. Ал сол тау жотасында жүріп, шыңына шығу бөлек. Сол сәтте ғана таудың расында биік екенін сезіне­сің. Адамзат та сол секілді, бір қарағанда баға бере алғанымызбен, шынайы болмысын араласып, әңгімесін естігенде барып біле аламыз. Бұл арқылы, ұстазымыздың болмысын сөзбен жеткізуге тырысқанымызбен, нағыз адамгершілігін суреттеу  мүмкін  емес  екенін  айтқым  келді.

Фариза  МАДИЯРОВА,

шәкірті

Пікірлер:
  • Сәрсен ағай, зейнет жасыңыз құтты болсын!Отбасыңыз аман, денсаулығыңыз мықты болсын!Жақсы аға,ұлағатты ұстаз бола білдіңіз! Еңбегіңіздің зейнетін көріңіз!Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!

Мейіржан Нурдин үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: