Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені

06.03.2026, 16:35 73

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзі

Қымбатты ханымдар!

Ең алдымен, көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде Сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және алғысымды айтамын.

Халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға «Ана» сөзін қосып, «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты орындау – ұрпақтар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлтымыздың болмысы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбиесімен дариды.

Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған. «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады. Бүгінде Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда.

Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзік жандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі – әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Прокуратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде.

Жақында Дубайда күштік құрылымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халықаралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бермей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз.

Сонымен қатар бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өткім келеді.

Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталады.

Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым.

Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр. Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды. Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды. Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық.

Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгін оған «Парасат» ордені табысталады.

«Парасат» орденімен белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова марапатталады.

Арамызда отырған Мария Зейнелованың ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман Наурызым қорығында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты.

Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар «Құрмет» орденімен марапатталады.

Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр. Осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке «Құрмет» ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға «Шапағат» медалі табысталады.

Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі.

Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылды. Сузуки ханым Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысуда. Сондықтан оны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаймын.

Біз Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтамыз, оларды жас буынға үлгі етеміз.

«Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар. Қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді.

Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады.

Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте «нәзік жанды» деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқарады.

Адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында.

Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті, соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек қателеспейміз.

Қазақ қызының жолы, тағдыры ешқашан кедір-бұдырсыз, яғни қиындықсыз болмаған. Оған тарих куә. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыйым» деген түсініктер халық санасына әбден сіңіп кеткен. Себебі, біз – қыз баланың абыройын ел болашағының кепілі деп санайтын елміз. Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар.

Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал, керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды.

Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық.

Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар.

Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді.

Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау.

Ата Заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі.

Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді. Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек.

Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет.

Қазіргі таңда дүние жүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылуда. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз.

Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады.

Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.

Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.

«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады.

Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін.

Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады.

Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді.

Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз. Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.

Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн.

Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады.

Стратегиялық әлеуетіміздің кілті инфрақұрылым, технология, білім және ғылым салаларында жатыр. Лайым солай болуға тиіс. Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің таптаурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек.

Алайда жарқын болашаққа қарай ұмтылу түп-тамырыңды ұмыту деген сөз емес. Мәселе – жаһандық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – болмысымызды жоғалтып, бабаларымыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шығарып алмау. Оған біздің құқымыз жоқ. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындаламыз.

Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек.

Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапты.

Ал қазіргі Ата Заңымыз қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақтап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі.

Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде.

Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі.

Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз.

Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.

Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз.

Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты.

Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды.

Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын.

Қадірлі ханымдар!

Осы жерде Қазақстанның әр аймағынан келген көптеген мамандық иелері отыр. Сіздер түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуетін арттыруға атсалысып келесіздер. Әділетті Қазақстанды өздеріңіз сияқты жауапкершілігі мол, жасампаз, көзі ашық, тиянақты, еңбекке адал азаматтар құрып жатыр. Мен мұны үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Бәріңізді зор құрметке лайық деп санаймын.

Сондықтан бүгін мен Сіздерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым.

Баршаңызға құтты болсын!

Сіздерге амандық және табыс тілеймін!

Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: