Баға шарықтап, теңге құнсызданған нарықтық заманда ерлермен қатар әйелдердің жұмыс істеуі бүгінгі күні ерсі көрінбесі анық. Иә, шаңырақтың жүгін бірге арқалаған қыз-келіншектердің қызмет атқаруына көзіміз үйренісіп-ақ кетті. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен деген нақылдың айтылуы тегін емес екенін қазіргі алмағайып заман түсіндіргендей. Отбасы тәрбиесі мен жұмысты тыңғылықты атқаратын әйелдердің біршамасы билік басында жүр. Бұған заманымыз өзі жетелеп апарды. Әйел қауымының шаруа басына қосылғанына еш өкініш жоқ. Керісінше, әйелдеріне сабылып жұмыс іздеп жүретін ер-азаматтардың барына қуанамыз. Дегенмен, мемлекеттен қашанда қолдау күтетін халық екеніміздің тағы бір дәлелі – істейтін іс табылмағаннан кейін жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына тіркелеміз. Бүгінгі күні осы жұмыссыздық облыс бойынша түйткілді мәселеге айналып отыр. Аймақта «екі қолға – бір күрек» табылмай жүрген әйелдер саны басым. Санға шағып, 2022 жылдың 1-тоқсанындағы статистика мәліметіне сүйенсек, аймақта әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дық үлеске жеткен. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеген. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына биыл 7469 нәзікжанды тіркелген. Бұл тек тіркеуге алынғандардың пайыздық көрсеткіші болса, санаққа кірмеген, қызметі жоқ жандар қаншама десеңізші. Сонымен қатар отбасы тіршілігін бәрінен жоғары қоятын әйел қауымының бүгінгі жұмыспен қамтылуы қалай?
Облыс бойынша 9 жұмыспен қамту орталығы бар. Барлығы ашық және электронды жүйеде өз-өзіне қызмет көрсету жүйесімен қамтылған. Алайда бәрі интернет құрылғысы арқылы болғандықтан кей аналардың ол құрылымды түсінуі екіталай. Сондықтан да «Жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтып жатыр ма?» деген сауалды Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қоюымызға тура келді. Олардың мәліметінше, халықты жұмыспен қамту орталықтары мамандары ірі және орта кәсіпорындармен кездесулер, семинарлар өткізіп, «Электрондық еңбек биржасы» порталын пайдалану, бос жұмыс орындарын енгізу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 2022 жылы ақпараттық түсіндірмелер жүргізу мақсатында арнайы іс-шаралар мен облыс әкімдігі ғимаратында «Жұмыспен қамту саласындағы өзгерістер» туралы БАҚ өкілдеріне хабарлама, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының аясындағы жаңа ережелерді тікелей эфирлерде түсіндірмелер беріледі. Бұдан басқа, басқарманың, халықты жұмыспен қамту органдарының интернет порталдарына, facebook парақшасына ақпаратық түсіндірме орналастырылған. Сонымен бірге, жұмыссыздар үшін еңбек нарығындағы қажетті дағдылар мен біліктіліктерді меңгеру үшін қысқамерзімді курстар ұйымдастарылады. Бұл қурсты оқу арқылы әр жұмыссыздыққа тіркелген адамдарға грант ұсынылады. Яғни бизнес жоспарына байланысты қайтарымсыз қаражатты иеленеді деген сөз. Осы жобаның арқасында көпшілігі өз кәсібін бастап, тіршілік қамытын арқалап жүр.
Қазіргі таңда еліміздегі жұмыссыздықты жою үшін көптеген мәселе қарастырылуда. Мемлекет тарапынан қолға алынып, ұсынылып жатқан бағдарламалардың түр-түрі бар. Алайда ол бағдарламалар жұмыссыз халықтың құлағына жете ме? Міне, дәл осындай сұрақтарды қарапайым қала тұрғындарына қойған болатынбыз.
– Мен «Бизнес бастау – 2021» мемлекеттік жобасы арқылы жоспар жасап, өз кәсібімді бастадым. Негізі жұмыссыз, баламен үйде отырған әйел едім. Үш айлық тегін курсты оқу арқылы бизнес жоспар дайындап шығып, әрі қарай оны қорғап, өз бизнесімді бастауға қайтарымсыз қаражатты жеңіп алдым. Бұл жобаның маған әкелген пайдасы өте зор болды. Қазір кішігірім кәсіпкер атанып отырмын, – дейді Ақтолқын есімді қала тұрғыны.
Сондай-ақ ертеден әйел заты үйде отырып, ұрпақ тәрбиесімен айналысу керек деген түсінік кей шаңырақтарда бүгінге дейін қалыптасқан. Бұны теріс оймен айтқанымыз емес, керісінше ұлт тәлімінің құндылығы аса маңызды. Бірақ жұмыссыздық адам баласының психологиясына әсер етуі мүмкін. Бүгінде қаншама отбасы жұмыссыздықтың кесірінен күйзеліске түсіп, өміріне бір көлеңкесін түсірмей қоймайтыны хақ. Психолог мамандардың айтуынша, жұмыс табылмай, тұрмыс тіршілігі қиындаған жандардың өмір сүру барысы төмендеген жағдайда оны психологиялық стреске әкеп соқтырады. Сондықтан күнделікті тіршілікке көлеңкелі жақтарын түсірмеу үшін берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, мейлінше заман ағымына қарай бағытталуымыз керек.
Кейде аналардың базарда немесе көшеде қайыр тілеп отырғанын көргенде ет жүрегің қан жылайды. Дамыған елдер қатарындамыз деп ойлап жүрміз. Тап бір бізде бәрі жақсы, ойдағыдай заман тәрізді. Десе де, қиын да күрделі кезеңдерді көріп те, қабылдап та келеміз. Бұны көпшілігі аңғармай, көзін ашып қарамай, өтіп кетіп жүргендей көрінеді.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!