Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалар кітапханасы: ғимарат тар, халі мүшкіл

20.10.2022, 11:40 530

Аймақта балалар жан-тәнімен кітап оқып, сабақ­тан  кейін бос уақытын шығармашылыққа арнай­тын кітапхана жоқтың қасы. Нақты «жоқ» дейін десең, бірен-саран кітапхана бар, бірақ жағдайы көңіл көншітпейді. Ұлттың болашағы саналатын жастың ең алдымен кітап оқып, сауатын ашатын, өмірге деген таным-түсінігін кеңейтетін – кітап ғана. Сондықтан оларға да арнайы жағдай жасалып, іс-шаралар өткізу керек. Биылғы жылды «Балалар жылы» деп жүрміз. Балаларға қанша көңіл бөлінсе де, ол бірмезеттік өтпелі жағдайдың уақыты келгенде әрі қарай қарқыны басылады. Ал балаларға арналған орындардың оларға көрсететін қызметі мен жағдайы негізгі жұмысы болғандықтан мүлде ақсамайды, керісінше, жұмысы дөңгелеп, бүлдіршіндердің бақыты үшін барын салады. Бұл тақырыпты қозғауымыздың  негізгі  мәні  де  осында  жатыр.

Тасбөгет кентінде орналасқан Қызылорда қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сіне  қарайтын  №13  балалар  кітапханасы – балалардың жиі  баратын орны. Ол жерде жасөспірімдерге  арналған түрлі қызықты әрі танымды іс-шаралар өткізіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Кітап көрмесі де қойылып, оқырман­дардың қызығушылығын арттыратын жер. Бірақ бұл кітап­хананың бір ғана «әттеген-ай» дейтіні бар. Ол – осы іс-шаралардың барлығы аядай ғана бөлмеде өтуі және  ғимараттың  ескілігі. Бұл – кезіндегі  аудандық ауруханадан қалған ғимараттың бірі. Қабыр­ғасына қылау түсіп, іргетасы әлдеқашан жерге кіріп кеткен бір бөлмелі кітапхананың қазіргі халі оқырман­дардың да, балалардың да көңілін түсіріп жүргеніне біраз  болды. Бұл туралы №13 балалар кітапхана­сының  аға  кітапханашысы  Шолпан  Ғани­қызы  айтып  берді.

– Қазірде  кітапханамызда 34514 кітап қоры жинақталған. Оның 13043 данасы – қазақша, ал қалғаны – орыс және ағылшын тіліндегі кітап. 2 кітапханашы ғана қызмет етеміз. Бұл кітапханада жұмыс істеп жүргеніме 9 жылдың жүзі болып қалды. Алайда осы ғимараттың мен келген уақыттан бастап, халі мүшкіл еді. Сол жағдаймен қанша жыл өтсе де, жаңа орынға қол жеткізе алмай келеміз. Сондықтан, балалардың қуанып қалағанынша еркін кітап оқып, іс-шаралар өткізуі үшін кең кабинетті кітапхана болса деген тіле­гіміз бар, онда барынша жоғары деңгей­де жұмыстар атқарып, балаларға қуаныш  сыйлаушы  едік, – деді ол.

Кітапханаға барғанымда расында оқырманның қарасы қалың екенін байқадым. Қуыс-қуыста қолына кітап ұстаған оқушылардың бірі ертегі, бірі көркем әдебиетті оқып отырғанын көзім шалды. Енді бірі қолына балалар журналын алып, ішіндегі ертегіні ынта-ықыласымен зер салып оқып отыр. Осындай көрініске куә болғаннан кейін, «расында да оқу мен білімге құштар балаларға кең көлемді кітапхана қажет-ақ» деген ой түйдім. Жүздерінен патриоттықтың лебі есетін балалар мұнда күнара келіп, кітап оқып тұрады екен. Себебі дәл бұл кентте бұдан өзге балалар кітапханасы немесе олардың бос уақытын кітапқа бөлетін орын жоқ. Әрі кітапхана ересек адамдарға да кітап беріп, айналасындағы оқырмандарын барлық жанрдағы кітаптармен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан, ұзақ ойланбай, іске көшу қажет секілді. Бұл кітапханадан өзіне де, өз немересіне де кітап алып, тұрақты оқырманына айналған ардагер журналист Тілеген Бекарыстанов та кітапхананың тағы да мүмкіндіктерін ашу үшін жаңа орын қажет екенін алға тартып, пікір білдірді.

– Кітапхананың ұйымдастырған іс-шаралары жоғары деңгейде өтеді, себебі қызметкерлері де, оқырмандары да таңдалған тақырыпқа тыңғылықты дайын­далып, барын салатынын көзбен көріп келеміз. Тіпті, соңғы өткізген жиынына да қатысып, қалай өтетінін көзбен көріп қайттым. Ғимараттың тарлығына қарамастан 70-ке жуық адам иық тіресіп сол концерттік бағдаламаны тамашалады. Өмірін өнегеге арнаған жандардың мерейтойын тойлап, думанды кеш дәл осындай шағын кітапханада өтеді десе, ешкім сенбес еді. Бірақ ол күмәннің орынсыз екенін алға тартамын. Осы кітап­ханаға енді жаңа ғимарат болмаса да, жаңа кең орын берілсе, нұр үстіне нұр болар  еді, – деді  Тілеген  Бекарыстанов.

Шынын айту керек, елімізде бала­ларға кең көлемде жағдай жасау қарас­тырылмай келеді. Мұндайда тек мектептерге «коворкинг орталығын» ашу көзделген. Ал  бұл  балалардың  қажет­тілі­гін  толық  қанағаттандырмайды. Шығармашылықпен айналысқысы келетіндер­дің «коворкинг орталығындағы» у-шудан гөрі тыныш жерде отыр­ғысы келетіні бар. Сол үшін кентке ең болмағанда көпшілік баланың алаңсыз шығармашылықпен айналысып, кітап оқуына бір кітапхана қажет. Мұны еститін құлақ болса, кезек күттірмейтін жұмыс – осы. Енді қалғаны – уақыт еншісін­де.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер:
  • Тасбөгет кенті, Баймағамбетов көшесінде орналасқан Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесіне қарасты № 13 балалар кітапханасы бойынша ұсыныстар тиісті орындарға жолданып, қала әкімдігінің басты назарына алынған.

  • Бүгінде аталған аумақтың заңдылықтарына сәйкес келетін ғимарат іздестірілуде.

  • Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №13 балалар кітапханасына бүгңнгі таңда назарға алынып, заңдылықтарға сәйкес ғимараттар, іздестірілуде.

Ақнұр үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: