Әлеуметтік желілерде «Сырдарияның суы үзіліп қалды» деген ақпарат тарады. «Сыр – Алаштың анасы» дейміз, ендеше анамыздан айырылғанымыз ба?» деген секілді ішкі жан дүниеңнің астан-кестенін шығаратын пікір де жазылды. Құрғақшылық екі бүйірден қысып, алқымнан алуды бастап кеткелі қашан? Суы арнасына сыймай аққан Сыр өзенінің бүгінгі ахуалы адам аярлықтай. Облыс аумағындағы ірілі-ұсақты көл-көлшіктердің тартылып, орны ақ шаңға айналғанын айтпағанда, әлем білетін дарияны демінен айыруға шақ қалғанымыз жанға батады.
«Әр ел Сырдарияның суын өз қалағанынша емес, мемлекетаралық деңгейде қайта қарап, теңдей бөлуі керек. Өзім би, өзім қожа екенмін деген саясатпен көршілеріміз ала берсе, бізге тамшы су келмейді. Су саясаты – бәрі біздің мемлекетаралық мәселенің шешілуімен ғана жүзеге асатын нәрсе» дейді жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы. Осы тақырыпты кеңінен жазып жүрген сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаеваның пікірі де осы мәселені меңзейді. «Сырдария суының проблемасы мемлекетаралық деңгейде шешілмейінше, нәтиже болмайды. Ол үшін елімізде су саясатын күшейтіп, өз мүддемізде табандылық таныту – үкіметтің табиғат, ел-халық алдындағы парызы» дейді ол.
Иә, су үшін соғысатын да кез келді. Өйткені, әлемдегі кез келген ел үшін судан туындайтын мәселе өте күрделі саналады. Су тапшылығының туындағаны кеше ғана емес. «Өзен жағаласам, өзегім талмайды» дейтін ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі тұтастай дарияға байланысты емес пе? Сонымен, Сырдарияның суы үзілді ме, жауаптылар соған жауап берді.
Соңғы уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Осы мәселеге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов және «Қазсушар» РММ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтардың қатысумен брифинг өтті.
«Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылығына тікелей байланысты. Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда. Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына байланысты және көбінесе «Тоқтағұл» су қоймасында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Осы жылы «Тоқтағұл» су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем, вегетациялық кезеңнің басында аталған су қоймасында шамамен 15 млрд м3 су жинақталған норма болып саналады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд м3 ғана болды, бұл 2020 жылға қарағанда 2,9 млрд-қа аз» деген дерек келтірді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің фейсбуктегі ресми парақшасы.
Брифинг барысында Сырдария суының көбейіп жатқаны айтылды.
– Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі 30 текше метрді құраған болатын. Бұл су деңгейінің күрт төмендеуіне әкелуде. Осыған байланысты облыс әкімдігімен ҚР Премьер-министріне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолданды. 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен «Нарын-Сырдария» су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатындығын жеткізді. Сонымен бірге, осы жылдың 18 қазаны сағат 18:00-ден бастап «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 50 м3/с су тасталуда, – деді Бауыржан Шаменов.
Мамандар «өзеннің суы үзіліп қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деді. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда судың көлемі азайғанын ашық айтты. Әрине, ол осы күні соқырға да белгілі жайт ғой…
– Сырдария өзені су деңгейіне байланысты өткен жылмен салыстырғанда біраз төмендеуі байқалады. Негізгі себебі Сырдария өзені трансшекаралық өзен болып саналады. Жалпы, жылына екі рет судың көлеміне байланысты халықаралық комиссия арнайы тексереді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша биыл Сырдария өзені арқылы Қазақстан территориясына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд м3 су келуі керек деп болжанған. Қазіргі уақытта 2 млрд текше метрге жуық су келген. Бұл 60 пайызды қамтып отыр. «Көксарай» су реттегіші және «Шардара» су қоймасында толық пайдалануға және шекті пайдалануға ең төменгі шегі 650 млн текше метрге дейін су қалды. Осы себепті қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Соның есебінен төменге тастайтын су 30 текше метрге дейін азайған. Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
– Қыркүйек айынан бастап «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді. Сондықтан негізсіз ақпаратқа сенуге болмайды, – деді «Қазсушар» РММ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
«Шардара» су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі қараша айында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралмақ. Әрине, мұнан кейін Сыр арнасы толып кетеді дегенге сену қиын. Сыр-ана сарқылмасын…
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!