Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кесір-кесапаттың алдын алмаса болмайды

26.10.2022, 15:00 547

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Еліміздің болашағы желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тікелей байланысты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтпақшы, қай заманда да, қандай жағдайда да ең алдымен ұрпақ қамын ойлау керек.

Ұрпақ жайын сөз етер болсақ, көптеген шетін мәселелер андағайлап алдыңнан шығады. Солардың бірі – ғаламтор арқылы бәс тігу және порно-эротикалық сайттардың кесір-кесапаты. Жаңа заманға сай еліміздің әр азаматында қалта телефон бар. Ғаламтор күндіз-түні қосулы. Ашып қалсаңыз, не керектің бәрін лезде тауып аласыз. Бір жағынан пайдалы, екінші жағынан аса зиянды. Адамның уақытын ұрлайды, тұлғалық жетілуі мен денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұны ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Басқасын айтпағанның өзінде, қазір көздері нашар көретін балалардың саны күрт көбейді. Қолыңыздағы телефондағы ғаламторда сантүрлі эротикалық суреттер және бейәдеп бейнелер мен порно фильмдер саңырауқұлақтай самсап тұр. Әдетте «порно өнімдеріне 18 жастан төменгілерге көру тыйым салынған» деп жазып қояды. Ал бұнда ондай тыйым да жоқ. Бұл, сөз жоқ, оң-солын танымаған жасөспірімнің теріс жолға түсуіне түрткі болады. Кейбір дәрігерлер бұларды күшті дәрінің әсерімен салыстырады. Сонымен қатар порнографиялық фотосуреттер мен бейәдеп бейнелер миға вирус сияқты әсер етеді екен, оны тазалау, жою, жадтан өшіру мүмкін емес. Тіптен жыныстық зорлық-зомбылықты аңсап, аяғын шалыс басуға итермелейтін көрінеді. Албырт та аңғал жастар осылай порнографиялық тәуелділікке ұшырап, депрессиядан, жүйкеден, жалғыздықтан, санасын сансыратар сансыз ойлардан зардап шегеді. Бірте-бірте бойын сенімсіздік пен үмітсіздік жайлап, сарыуайымға салынып, өмірден баз кешеді. Мамандардың айтуынша, порнографияны үнемі көруге деген ұмтылыс психологиялық ғана емес, сонымен қатар физикалық проблема болып табылады.

Көпшілікті алаңдатып отырған тағы бір шетін мәселе – телефондағы ғаламтор арқылы спорттық ойындарға бәс тігу. Букмекерлік кеңселерден бәс тігуге шақыратын неше түрлі хабарламалар келіп жатады. Оның үстіне ғаламтордағы ке келген басылым мен сайтты ашып қалсаңыз да, «Мүмкін сіз де бәс тігудің майталманы болып шығарсыз?!» деген бас айналдырар жарнамалар көз алдыңнан кесе көлденеңдеп шыға келеді. Тіпті адымыңды аштырмайды. Бұл да адамды тұзаққа түсірудің, алдап-арбаудың, аздырып-тоздырудың бір түрі. Кез келген жан аңдаусызда құмарлық иіріміне күмп ете түсіп, өмірін қор қылуы әбден мүмкін. Қоғамды жегідей жеп жатқан жегіқұрттардың бірі де – осы. Оңай олжаға кенелгісі келген өрімдей жастар алдап-арбаудың құрбанына айналып, азап шегіп, мехнат тартып жүр. Ең сорақысы, ғаламтордағы бәс тігулерге кез келген жастағы балалар мен жасөспірімдер де қатыса алады екен. Бұның аса қауіптілігі де осында. Олардың қалтасында айтарлықтай мол ақша болмайтыны да түсінікті. Ата-анасы тамақ алып ішсін деп берген азын-аулақ тиын-тебенін бәс тігуге жұмсап, шырмауға шырмалып қалады екен. Содан соң одан құтылып шығу қиынға соғады. Өздігінен құтылып шыға да алмайды. Қалталарындағы ақшаларын ұтылғандардың көңіл күйі өзгеріп, әртүрлі психологиялық дертке ұшырайтынын жасөспірімдер алдын ала қайдан білсін?!. Ендеше мұндай кесір-кесапаттың алдын алмаса болмайды. Шынтуайтына келгенде, бүгінде бар уақытын компьютерлік ойындарға арнап, ғаламтордағы бәс тігуден жалықпайтын жастардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс.

Бәс тігу де құмар ойындарына жатады. Мамандардың айтуынша, бір рет бәс тіккен адам тәуелділік ауруына шалдығады және бұл есірткіге тәуелділік секілді тез таралады екен. Ал тәуелділікке ұшыраған адамның өмірі кері кете бастайды, есіл-дертін құмарлық билеп, ерік-жігерінен айырылады. Ал бәс тігу мен порнографияға тәуелді жандар сәтсіздікке ұшыраған сәтте отбасының, ата-анасының, туған-туысының, дос-жаранының дүние-мүлкін сатуға дейін барып, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсуі мүмкін. Олар ұтылған сайын сол ақшасын қайтарып аламын деп жанын да, барын да салады. Тіпті ақыр аяғында бәрінен түңіліп, өз-өзіне қол салуы да ғажап емес. Сондықтан да дамыған елдердің басым көпшілігінде бұндай құмар ойындарына қатаң тыйым салынған.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Еліміздің ертеңі мен ұрпағымыздың болашағын ойласақ, ғаламтордағы бәс тігулер мен порносайттарды бұғаттап, олардың жұмысына қатаң тыйым салу керек. Ірі көлемде айыппұлдар салып, тіптен қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Ғаламтордағы басқа да осындай кеселді кесапаттарды түбірімен жою керек. Адамның ой-санасын улап, еліктіріп-желіктіріп, теріс жолға түсіру – ауыр қылмыс. Жас ұрпақтың болашағына балта шабатын осындай аса зиянды іс-әрекеттерге қатаң тыйым сала алмасақ, ертеңгі күніміздің жарқын болары күмәнді.

Сондықтан Сізден, Елбасшымыз ретінде осындай келеңсіз құбылыстарды ауыздықтайтын пәрменді жарлық күтеміз!

Думан  РАМАЗАН,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: