Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жын арбауына түскен емші

06.02.2020, 10:38 612 0

Күләнда апаны алыс-жақын ауыл-аймақтың барлығы таниды. Өйткені оның емшілік қасиеті бар. Алдына барған науқас айықпай­ қайтпайды. Білетіндер онда мұндай қасиет бұрыннан бар дегенді айтады. Аты көп алысқа тарамаса да, ауылдың айналасындағылар басы ауырып, балтыры сыздай қалса, Күләнда апаға қарай тартып отырады. Күләнда – бір көргенге ашық-жарқын, елмен етене араласып­ кететін жайдары жүзді кісі. Алайда оның ішінде адам баласы білмейтін құпия бар еді.

Сәуленің құрсақ көтермей жүргеніне біраз жылдың жүзі болып қалды. Дастан екеуінің бар арманы – сәби сүйіп, соның қызығын көру. Жастары қырықтан асса да, әлі бір перзентке зар болып жүргендері жандарына батады. Осы уақытқа дейін бала сүю үшін бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Жуырда жақындарының бірі жақын ауылда тұратын Күләнда емшіге барып қайтыңдар деген кеңесін­ берген. Мұны дереу құп алған Дастан мен Сәуле сонда тартып отырды. Бара сала отбасылық мәселелерін жеткізді. Күләнда емші де бала көтеру үшін «кемінде бір жеті осында қалып емделесің­дер» деп талап-шартын қойды. Ерлі-зайыптылар бірден келісе кетті.

Арада айлар өтіп, Сәуле жүкті болды. Екеуінің қуанышында шек  болған жоқ. Бірақ жүктілігі басталғалы Сәуленің мазасы кете бастады. Түн ортасы ауа әлдебір дауыстардан шошып оянатынды шығарды. Оянса демі жетпей, қос алақанымен әлдекім мойынынан қысып жатқандай болып тұрады. Бірақ жанында күйеуінен өзге ешкім байқалмайды. Айғайлайын десе ауа жетпей демігіп, көзінің алды тұманданып қалатын болған. Таң ата мұндай қорқынышты құбылыс басылып, түк болмағандай қалыпқа енеді. Бұл бір емес бірнеше мәрте қайталанды. Дастанға болған жайтты айтып көріп еді, ол аса мән берген жоқ. «Өзің әлденеден шошынған шығарсың» деді де бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ.

Дүниеге келген сәбиге Айдар деп ат қойды. Бала денсау­лығынан бастапқыда ешқандай ақау білінген жоқ. Дәрігерлер де бірқалыпты деген соң Сәуле де жайбар­ақат жүре берді. Бірақ, баяғы өзінде болаты­н құбылыстың балаға да көрініп жүргенін байқап қалды. Түн ортасы ауа бесікте жатқан бала шар етіп жылап­, тыныс алуы қиындап кететінді шығарды. Сәуле­нің ойы сан-саққа кетті. Дәрігерлерге айтып еді, олар бала денсау­лығын тексеріп, ағзасында ешқандай кінәрат жоқ деп анықтама жазып берді. Алайда Сәуленің жаны тыншымады. Баяғы өздері емдел­ген Күләндаға барып, мән-жайды білгісі келді. Сөйтіп Дастан­ екеуі емшінің ауылына келді. Барған бойда Күләнда емші «қарап жатқан емделушілерім көп» деп сылтауратып, ерлі-зайыптыларды­ қайтарып жіберді. Апта соңында Дастан мен Сәуле емшіге қайта жол тартты. Бірақ бұл жолы да емші әлденелерді айтып, оларды маңына  жолатпады.

Тауы шағылған ерлі-зайыпты бір күні «сіздерді емші қабыл­дауы­на шақырып жатыр екен» деген хабарды естіді. Дереу жолға дайын­далып, екеуі Күләнда емшіге жетуге бекінді. Барса, әншейін­де үйінің маңында толып отыратын халықтың қарасы да көрін­бейді. Түпкі  бөлмеде жалғыз өзі теріс қарап отыр екен. Екеуі есіктен­  үңіліп еді, «отырыңдар»  деген  дауысы  үзіліп  естілді.

– Бойыма дарыған қасиеттің қадірін кетірген адаммын. О баста емшілікті тірі жаннан көк тиын алмай Алла разылығы үшін жасадым. Кейіннен қу дүниеге қызығып, қалтаға қарай қимылдайтын болдым. Содан кейін менің емшілігіме жындар араласа бастады. Шайтанның арбауына түстім. Олар мені «егер біздің айтқанымыз­ға көніп, айдауымызға жүретін болсаң, сенің адам  алдындағы дәрежең­ді көтеріп, бай-бақуатты қыламыз» деп азғырды. Егер осы уәдеңнен тайқысаң, сенің ем-домыңмен дүниеге келетін сәбидің жаны біздің азаптауымызда болады» деді. Соңынан мен сертімнен­ тайқып, тәубеме келдім. Сол аралықта сендер сәби сұрап, шарасыз­ күйде екендіктеріңді көріп, кері қайтара алмадым. Ем-дом жасасам­ да, дүниеге келетін баланың жындардың азаптауында болатынын білсем де, көңілдеріңді жыққым келмеді. Келіншегіңіздің жүкті кезде және бала туғаннан кейінгі шошынуының себебі осыдан. Мені кешіріңдер,- деді теріс қараған күйі күбірлей сөйлеп.

– Енді баланы емдеудің жолы бар ма?- деді Дастан жұлып алғандай.­

– Бар. Бірақ баладағы жындардың азабын өзіме аламын,- деді  емші.

Дастан мен Сәуленің қуаныштарында шек жоқ, өйткені жалғыз перзенттерінің дені сау, бұрынғы­дай ауру-сырқауы ұшты-күйлі жоғалды. Бірақ, жұрт «Күләнда емші араға көп уақыт салмай, ақыл-есінен айырылып, психикалық ауруға шалдығыпты» дегенді айтып жүрді.

Керім   АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: