Әңгімемізді осынау жаңашыл һәм күрескер ғалым Самат Көшенұлы Өтениязовтың қысқаша өмір жолымен таныстырудан бастайық.
Ол 1978 жылы Украинаның И.И.Мечников атындағы Одесса мемлекеттік университетінде Роман-герман филологияcы факультетінің Испан тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген.
1981-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми жұмыспен шұғылданды. Ертедегі түркілер мәдениетін және қазақ мемлекеті тарихын зерттеумен айналысты. Белгілі шоқантанушы ретінде танылды. Тарих ғылымдарының кандидаты.
Кубаның Қазақстандағы елшілігінде аудармашы және кеңесші болған. Алматы Шет тілдер университетінде және Қазақ-Америка университетінде испан тілінен сабақ берді. Испания Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған испан тілі мен әдебиеті оқытушыларының біліктілігін арттыру жөніндегі алты айлық курсынан өткен. 2001 жылдан Мадрид университетінің профессоры. 1991-2001 жылдары «Central Asia newsfile» атты Лондон университеті журналының Орта Азия мен Қазақстан бойынша тілшісі міндетін атқарды.
Академик Зиманов ашқан университеттің кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры, бірінші проректоры қызметтерінде болды.
2018 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде испан, латын тілдерінің оқытушысы қызметін атқарады.
Латын мен испан тілі негізгі мамандығы болғандықтан, С.Өтениязов Еуропа тарихы мен әдебиетін тікелей танып, аса жетік білді және ғұн империясының әлем тарихы мен қазақ тарихындағы орнын, оның түркі халықтары, қазақ халқы арасындағы этнографиялық байланыстарын жан-жақты зерттеп, ғылымның осы саласының Қазақстандағы негізін қалаған оқымысты болды, ол – бірден-бір белгілі қазақстандық аттилатанушы.
Тарихшы-ғалым Самат Көшенұлы зерттеуінің негізгі бағыты – Аттиланың әлем әдебиетіндегі орны. Ол герман тайпаларының батырлар жырындағы Аттила бейнесін түбегейлі зерттеп, өте жағымды кейіпкер екенін көрсетті. Аттила мен ғұндар тақырыбында алты монография жазды және екі университет студенттеріне арналған екі оқулығы жарық көрді.
Аударма саласындағы еңбектерін де айтайық. Испан тілінен Испания және Латын Америкасы жазушыларының жиырмадан астам әңгімесін және бірнеше романды қазақ тіліне аударды. Орыс тілінен Шоқан Уәлихановтың шығармаларын, шағатай тілінен Қадырғали Жалайыридің туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.
Одесса мемлекеттік университетін бітіріп келгеннен соң аз жылдан кейін испан тілінің маманы Самат Көшенұлы Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жемісті еңбек етті. Мұнда ол академик Ә.Марғұлан және институт директоры, академик Ақай Нүсіпбековтің қамқорлығы арқасында белгілі ғалымдармен бірге қазақ халқының тарихын жазу жұмыстарына қатысып, іргелі жұмыстар жүргізуге қабілетті зерттеуші ретінде қалыптасты.
Академия қабырғасында оған атақты академик Әлкей Марғұлан ұстаз болды. Ол Әлекеңнің жетекшілігімен Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттейтін ғалымдар тобында еңбек ете жүріп, білікті шоқантанушы дәрежесінде мойындалды. Бұл ретте оған тарих институтында бірге қызмет атқарған көрнекті ғалымдар Мәриям Тұрсынова, Болат Көмеков үлгі-өнеге көрсетіп, зор ықпалын тигізді.
Самат Көшенұлы қазақ халқының дербес елдік мәртебесін жоғалтқанға дейінгі тарихын зерттеуге атсалысу барысында кеңес өкіметі тұсында жасырылып яки бұрмаланып келген тарихи оқиғалар мен қаһармандар жайындағы шындықты көтерді, өткір мақалалар жазып, елеулі жаңалықтар ашты. Мәселен, Қазақ Ордасында ханды халық емес, ру-тайпа басшылары сайлайтынын, ханда шексіз билік болмайтынын, тіпті хан тұрақты әскер де ұстамайтынын, қажеттілік туғанда сарбаздарды рубасылары жинап беретінін дәлелдеді. «Ақтабан шұбырынды…» қасіреті қалай туғанын баяндап, сол кездегі орыс-жоңғар қарым-қатынасының көпке беймәлім тұстарын көрсетті. Көпшілік санасына халқы алдындағы еңбегі бұрмаланып, басқаша сіңірілген Әбілқайыр хан туралы шындықты ашты…
Осынау маңызды бағыттарда зерттеулер жүргізумен қатар Өтениязовтың ғұн (хұн, хун, гунн) деп аталатын ежелгі дәуірдегі тайпалар одағының, түрк халықтарынын арғы атасының мұрасын, хундардың аса әйгілі басшысы Аттила тарихын зерттеуші бірден-бір маман, ғылыми жұртшылық мойындаған аттилатанушы ретінде танылғанын атап айту ләзім. Ол бұл тақырыпқа Одесса университетінде оқып жүрген кезінен қызығушылық танытқан еді. (Кейінірек Мадрид университетінде қызмет істеген жылдары испандық кітапханалар қоймаларын сүзіп, Аттиланың батыстағы өмірі мен қызметін жан-жақты қарастырған-тын). Түрк халықтарының тарихын терең қарастырған тарих ғылымдарының докторы Александр Бернштамның көп жылғы ізденістері нәтижесінде дүниеге келген «Гундар тарихының очеркі» («Очерк истории гуннов») атты еңбегі үшін сталинизм тұсында «буржуазиялық ұлтшыл» деп таңбаланып ресми сынға ұшырағанын оқып біліп, таңғалған-ды. Таңғалған да, сол тараптағы өзіндік зерттеуін жалғастырып, іздене берген.
Содан, Алматыға келіп, тарих институтына орналасқаннан кейін Марғұлан сынды ғұлама ұстазының ақыл-кеңесімен дүниеге келген хундар мен олардың көсемі Еділ батыр (Аттила) жайындағы алғашқы мақаласын оқырманға ұсынды. Мақала бұдан қырық төрт жыл ілгеріде, жастардың «Білім және еңбек» атты ғылыми-көпшілік журналында басылған болатын. Жарияланым тақырыбының сонылығымен және мүлдем тосын, тың болуымен көпшілікке қатты ұнады. Оған ғылыми орта да елең етті. Содан бастап Саматтың Аттила бастаған хундардың адамзат тарихындағы орны туралы зерттеулері, сондай-ақ жауынгер көшпенділердің көсемі жайында жас ұрпақ үшін дайындаған танымдық туындылары әр жылдарда қазақ және орыс тілдерінде жарияланып тұрды. Осы жүзжылдықтың басында «Аттила» атты зерттеу еңбегі жарық көрді.
Самат бұдан кейін академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты көлемді монография жазды. 2010 жылы басуға әзірленіп, шығудың алдында тұрған (алайда кітап түрлі жағдайға байланысты кешіктіріліп, содан он жыл өткен соң ғана, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың басшылығымен 2021 жылы жарық көрді) Саматтың осы алғашқы үлкен жұмысына арнап жетекшісі Салық Зиманұлы «Аттила туралы жаңа басылым» атты кіріспе мақала жазған-тұғын. Онда академик: «Автор хун тарихы мен Аттила тарихы басқа түркі халықтары сияқты қазақ еліне де ерекше қатысы бар екенін жан-жақты көрсетеді» деп ерекше атап өткен еді. Бұл тұжырым оқырманның монографиямен жақын танысуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыра түсері кәміл. Еңбекті мұқият оқып, мәтінге қосымша берілген мазмұнға бай безендірме материалмен танысу барысында оқырман көптеген тың мәліметке қанығады. Академик Зиманов атап көрсеткендей, Самат Өтениязовтың бұл жұмысының хундар мен Аттила проблемаларын түгел қамтыған, қысқа да нұсқа түрде баяндаған анықтамалық және көне тарихты білуге құмартушылар үшін өте пайдалы кітап екеніне көзі жете түседі.
Самат Өтениязовтың осынау үлкен кітабының алғашқы бөлімі ежелгі көшпенді хундардың ордасы біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрын Қытай елімен көрші болғанынан, белгілі бір мерзімде оны өзіне бағындырып, ұзақ уақыт бойы салық төлетіп тұрғанынан басталады. Сосын біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында Хун ордасының Батыс Қазақстанда мемлекеттік бірлік құрғаны, содан соң батысқа жылжығаны, IV-V ғасырларда қуаты артқаны, әсіресе Аттила билеген 434-454 жылдары мүлдем күшейгені көрсетіледі. Аттиланың Рим империясын ыдыратуы, оның одақтасы болған германдықтарды бағындыруы, тарихта «халықтар ұрысы» деп аталатын әйгілі Каталаун шайқасының шындығы, Аттила өмірден өткеннен кейінгі жағдайлар да кітапта қызықты баяндалады.
Осы жайттарға толық тоқтала келе, хундардың Еуропаға келуі қандай жағдай орнатқанын ашып көрсетіп, автор «Батыс хундар Еуропада өшпес із қалдырды» деп қорытады.
Келесі бөлімде хун мәдениеті мен өнерінің адамзат тарихында алатын орны қарастырылған. Автор мұнда Орданың мемлекеттік тілін, хундар мен түркі тілдерінің сабақтастығын, хун, қыпшақ, қазақ халықтары арасын жалғастырып тұрған этнографиялық, мәдени және тұрмыстық сипаттарды ашқан.
Үшінші бөлімде хундардың және олардың ұрпағы боп келетін ежелгі түркілердің ең көп қоныстанған Шығыс Түркістан, Моңғолия, Алтай, Қазақстан, Орта Азия жерлеріндегі обалардан алынған зергерлік бұйымдар тағдыры, Бірінші Петрдің Сібір коллекциясы, оның тарихы, XVII ғасырдан басталған Сібір обаларын тонау тарихы, қазақ жерінде совет заманында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері баяндалады.
Одан кейінгі бөлімдер тікелей Аттилаға арналыпты. Самат Көшенұлы Аттиланың латын, испан әдебиеттерінде, Скандинавия халықтарының, немістің батырлар жырларында қандай орын алғанын, шығыстық батыр бейнесі оларда қалай көрсетілгенін тарихи шындықпен салыстыра отырып қарастырған екен. Ол француз, неміс драматургияларында жасалған Аттила образын талдап, неміс, итальян музыка өнерінде қалай бейнеленгенін әңгімелейді. Әсіресе әйгілі «Риголетто», «Трубадур», «Травиата», «Аида» сынды операларымен есімі әлемге мәшһүр ұлы композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы жайында танымды да қызық талдама жасайды. Опера 1846 жылы Венецияда, совет заманында Бурят театрында, Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында қойылған еді.
Автор ағылшын, орыс, қазақ әдебиеттеріндегі, француз, испан, итальян, түрк халықтары бейнелеу өнеріндегі Аттила образының ашылу жайын баяндап, «соңғы жылдары қазақ елінде хундар мен Аттилаға тек тарих пен әдебиет зерттеушілері ғана емес, қылқалам шеберлері де көңіл бөле бастады» деп жазды. Мысал ретінде Ташкентте тұратын қазақ суретшісі Әбдімәлік Бұқарбаев салған «Аттила» портретін, алматылық архитектор, суретші, мүсінші Әміржан Омаров сомдаған «Аттила» скульптурасын атады.
Хун ордасы тарихын және хундардың даңқты көсемі Аттиланың өмір жолын зерттеушілердің Еуропада аз болмағанын айта отырып, автор бұл тақырыпты кітаптың бесінші бөлімінде терең ашқан. Рим империясы өмір сүріп тұрған шақтан және империя құлаған V ғасырдан бастап түрлі дерек жазып қалдырған IV-XVIII ғасырларда өмір сүрген тарихшыларды атай келіп, XV ғасырдан бастап Еуропада аттилатану ғылымы, оның ішінде екі үлкен мектеп – француз және неміс мектептері қалыптасқанын атап айтады да, оларды нақты мысалдармен түсіндіреді. Хундар тарихын ұзақ уақыт бойы христиан дініндегілердің бұрмалап келгеніне шолу жасайды. Еуропа төрінде әділ патшалық құрған, адал дипломат болған Аттиланы христиан тарихшылары өз тараптарынан оны жағымсыз етіп көрсетуден танбаған әрекеттерін тоқтатқан емес, бірақ «христиан әлемі қанша айыптаса да, Аттиланы әлем тарихы мен мәдениетінен алып тастай алмады. Шындық жеңді» дейді автор.
Аттилатанушы Өтениязов хундардың адамзат тарихындағы орны мен рөлі XVIII ғасырдан бастап біршама әділ зерттеле бастағанын, ал 1856 жылы Парижде екі том болып жарық көрген Амадей Тиерридің «Аттила және оның ізбасарларының тарихы» атты зерттеуі аттилатану мәселесі бойынша шын мәніндегі революция жасағанын еңбегінде атап айтты. Тиерри ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесін Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар Александр Македонский мен Юлий Цезарь қатарынан орын алды деген тұжырыммен түйіндеді, ол христиан діні әсерімен хундарды күйреткіштер, жауыздар кейпінде көрсету мақсатымен жазылған басқа зерттеулердің бәрін жоққа шығарды, сөйтіп Аттила есімін еуропалық зерттеушілердің сыңаржақ айыптауларынан батыл арашалап алды деп көрсетті.
Кітабының эпилогы орнына «Аттиланың арманы» деп берген қорытынды сөзінде Самат Көшенұлы атақты тарихи кейіпкері «демократиялық мемлекет құруды армандаған болатын» деп, бұған оның Рим қаласында білім алуы, республикалық Римнің ілім-білімі мен архитектурасының қарыштап дамығанын өз көзімен көруі себеп болғанын айтқан.
Ол хун ордасы ұрпақтарының бірі Уархун (Арғын) қағанаты Еуропа жерінде үш ғасыр ат ойнатқанын, ал батыста да көрініс берген Азиядағы хун ұрпақтары құрған түрк қағанаты, Хазар, Осман империясы, Жошы Ұлысы (Ұлығ Ұлыс, Алтын Орда) адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын айта келе, XV ғасырда Хун ордасының тағы бір ұрпағы Қазақ мемлекеті туғанына тоқталған. Сөйтіп ғалым Өтениязов Аттила армандаған демократиялық мемлекетті мың жылдан кейін болса да қазақтар құрды деп қорытады. Алтын Орданың арқасында пайда болған Ресей империясы көп жылдар қастандық жасап жүріп құлатқан Қазақ хандығы «шын мәнінде жаңа заманның інжу-маржаны», «нағыз демократиялы мемлекет» болатын дейтін тұжырым жасайды.
Бұған дәлел ретінде Самат Көшенұлы мемлекеттегі хан билігінің шектеулі болғанын, ханның сайланбалы лауазым екенін, оны жалпы халық емес, рубасылар, билер сайлап тұрғанын, мемлекетті іс жүзінде билер институты басқарғанын, оған ханның қаражат, әскер жинау, заң шығару, қылмыскерді жазалау мәселелерінде әрқашан тәуелді болғанын келтіреді. Бұл тақырыпқа, жалпы Қазақ хандығына қатысты жарыққа шығып жатқан оның көптеген тың жаңалықтары бар аса құнды мақалалары атақты академиктер Әлкей Марғұлан мен Салық Зимановтың мақұлдауы мен қолдауына бөленіп тұрған-тын.
Осыларды, яғни біздің тарихымыздың аса көкейкесті мәселелеріне сіңірген еңбектерін сараласақ, Өтениязовтың ғылымдағы нағыз жаңашыл күрескер, қоғам қайраткері екеніне көзіміз жете түседі. Тілге тиек боп тұрған еңбегінде ол Еуропа тарихында өшпес із қалдырған азиялық түрк Аттиланың өз заманында орындай алмай кеткен арманы Қазақ Ордасында жүзеге асты деген қорытынды жасайды. Аттилаға қатысты құнды мәліметтерді сараптай отырып, хундардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, қару-жарағын, қолданған ыдыс-аяғын, ұлттық тағамдарын қарастыра келе, оларды бүгінгі күнгі қазақ этнографиясымен салыстырып, көптеген ұқсастық пен сабақтастық тапқанын нақты көрсетеді.
Осынау үлкен еңбегінің қорытындысында ғалым: «…бабаларымыздың даңқы аса биік болса да әлі күнге дейін тарихын Еуропа философтарының көзқарасымен оқытып жүрміз» деген қынжылыс білдірді. Негізгі ойын: «хундар мен олардың қалың ұрпақтары – түрк халықтарының тарихы Еуропа тарихында аса қомақты орын алатынын мақтанышпен айтуға міндеттіміз» деп түйді. Қос қолымызды көтеріп қолдауға тұрарлық сөз.
Жаңа заманғы солақай саясатшыл һәм қатерлі бұрмалаушыларға, әлдеқашан ұмыт болуға тиіс ұлыдержавалық санадан арылмай, қазақтың жер-суын «орыс халқының сыйлығы» деген жалған тұжырымды жалаулатып, құдды әлемнің жарылқаушысы бір өздері боп көрінуге тырысатын әсіре ұлтшыл, көпшілікке түсінікті қазіргі терминмен айтқанда – кәдімгі империяшыл озбыр шовинистерге қарсы қоятын тарихи білім осы монографияда тұнып тұр.
Ізденімпаз, еңбекқор зерттеуші, тамаша ғалым Самат Өтениязовтың Аттила жайындағы іргелі еңбегі осындай ойға жетелейді. Кітап «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» деген атаумен «Атамұра» баспасынан 2023 жылы екі том боп басылып шығып, қалың оқырманға жол тартқан. Бүгінде оның оқырмандарға рухани азық беріп, олардың отаншылдық сезімдерін ұштай түсуіне елеулі үлес қосып жатқанына күмән жоқ.
Бұл күндері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жақында ақпараттық хат жария болды, онда конференцияның «белгілі қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы және қоғамтанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі аудармашы, испан тілінің маманы, тарих ғылымдарының кандидаты, Мадрид (Испания) университетінің профессоры Самад Көшенұлы Утениязовтың 75 жылдық мерейтойына» арналып отырғаны айтылыпты. Бәрекелді дейсің.
Аттила тұлғасын арқау еткен мұндай халықаралық ғылыми-практикалық конференция алғаш рет 2001 жылы «Қайнар» университетінде (ректоры Еренғайып Омаров) болған еді, конференцияда бас қосқан Еуропа мен ТМД аттилатанушылары аса маңызды жиынды ұйымдастырушыларға шексіз ризашылық білдірген. Енді міне, даңқты бабамызға арналған сондай конференция белгілі аттилатанушы-зерттеушінің 75 жасқа толуына орай өткізілмек. Орайы келіп тұрғанда мына жайтты атай кеткен жөн: биыл 75-ке келіп отырған Самат Өтениязовпен қатар ол зерттеген тұлғалар – Аттиланың туғанына 1625 жыл, Әбілқайыр ханның туғанына 340 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Осындай символикалық мәні бар ғылыми конференцияны ұйымдастырып жатқан Қазақ Ұлттық университеті басшылығына мол алғыс…
Осы уақытқа дейін еңбегі елене қоймай, өзінің лайықты бағасын әлі де ала алмай келе жатқан білімпаз, еңбекқор тарихшы-ғалымға көрсетілмек бұл құрмет көңілге қуаныш ұялатады. Қазақ тарихының үлкен маманы, белгілі аттилатанушы Самат Көшенұлы Өтениязовқа мерейлі жасына орай осы шағын жазбамызбен құттықтау жолдай отырып, құрметті ғалымның еңбегі жарқырап жана берсін деп шын жүректен тілек білдіреміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!