8 наурыз қарсаңында ер азаматтардың көпшілігіне ортақ сұрақ – «Қандай сыйлық беру керек?». Соңғы жылдары бұл мәселені шешудің жаңа тәсілі пайда болды. Ол – wish-list, яғни әйелдердің өздері қалаған сыйлықтардың тізімін алдын ала жасап беруі. Бұл туралы Kazinform жазды.
Wish-list – ағылшын тілінен аударғанда «тілектер тізімі» дегенді білдіреді. Бүгінде көптеген қыз-келіншектер мерекеге орай қандай сыйлық алғысы келетінін ашық айтып, арнайы тізім жасап береді. Бірі оны қағазға жазса, енді бірі әлеуметтік желі немесе арнайы қосымшалар арқылы бөліседі.
Астана тұрғыны Шолпан Амантайдың айтуынша, мұндай тәсіл қажетсіз сыйлықтардан құтылуға көмектеседі.
«Сөреде бос тұрған үшінші үтік немесе ұнамсыз әтір алғанша, нақты қажет заттың тізімін көрсеткен дұрыс. Көбіне кітап, косметика немесе сұлулық салонына сертификат жазып қоямын», – дейді ол.
Маркетологтардың айтуынша, соңғы жылдары әйелдер үшін материалдық заттан гөрі әсер мен эмоция сыйлайтын тартулар маңызды бола бастаған. Сол себепті wish-list тізімдерінде СПА-орталыққа сертификат, фотосессия, саяхат немесе жеке күтімге арналған құралдар жиі кездеседі.
Сарапшылардың пікірінше, сыйлықтың бағасынан гөрі оның адамның қалауы мен қажеттілігіне сай болуы маңызды. Ал wish-list мәдениеті дәл осыны ескеруге мүмкіндік береді.
Фото: freepik.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!