Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал аналарының форумы өтті

15.09.2022, 9:45 94

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал қаласында «Мәдениетті ана, мәдениетті ұлт» жобасы аясында, облыстық Аналар кеңесінің «Сыры мен сыны бөлек Сыр аналары» атты аудандық әйелдер форумы өтті. Мақсат – қоғамдық өмірге етене араласып жүрген аналардың рөлін, тәрбие мен тәлім беруді және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Аудандағы ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар мен ақжарқын арулардың басын қосқан форум ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сахналанған көріністерден бастау алды. Алдымен келушілер сүндет той, беташар, ұлттық ойындар мен салт-жоралғылар ұлықталған рәсімдерді тамашалады.

Барлық саладағы нәзік жандыларды бір арнаға тоғыстырған басқосуды аудан әкімі Серік Сермағамбетов ашып, бүгінгі қоғамдағы әйел орны туралы пікірін білдірді.

– Тәуелсіздік жылдар жылнамасындағы тарихи табыстарымыз бен жоталы жетістіктеріміздің артында қазақстандықтардың жарасымды жанұясы тұрғандығын атап өту қажет.

Қазіргі таңда жастардың санасына отбасылық құндылықтар туралы тәлімді көптеп сіңіру уақыт талабы екендігін көрсетіп отыр. Себебі соңғы уақытта ажырасу дерегінің көбеюі тіркелуде. Тұрмыстық мәселелерден құндылықтар қадіріне жете білмеу салдарынан сәтсіз неке терминінің қолданысқа енгендігі де жасырын емес.

Сондықтан, сіз бен біз, қоғам болып отбасылық институттың түп-тамырын, қадір-қасиетін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру жолындағы жұмыстарды бірлесе атқаруымыз қажет.

Сіздердің бастамаларыңызбен аймақта әйелдер істері жөнінде жемісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде отбасылық құндылық, әйелдердің білім алуы, құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлік бастамаларын үйрету – бүгінгі қоғам үшін қажет қадам,- деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.

Келелі кездесуде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Лаура Ибраимова өңірдегі әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділігін тілге тиек етіп, айдынды өлкеде өткізіліп жатқан маңызы мол форумның жергілікті азаматшаларға тигізер септігі зор екендігін айтып өтті. Сондай-ақ жиынға арнайы келген облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар Кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова «Ата-бабалардың салған сара жолы мен ұлттық болмыс» тақырыбындағы баяндамасын жасады. Айта кетейік, айтулы іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева да қатысты. Халық қалаулысы келушілерге «Ұлтын, елін сүйетін, өрге сүйрейтін азамат тәрбиелеу, ұлтжандылық» турасындағы толымды ойларын ортаға салды.

Аудан аналарын біріктірген бастамаға қатысқан батыр аналар, еңбек ардагерлері өнегелі өсиет айтып, жиын соңы сұрақ-жауап, пікір алмасуға ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: