Әңгіме
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарында кәрілікке жетсе: «Түһ» деме. (Кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!»,-де» («Ісра» сүресі, 23-24 аят).
Бұл әңгімені көп жыл бұрын бір бейтаныс адамнан естіген едім. Көпшілікпен бөлісудің орайы бүгін түсті. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген бар. Әрине, ондай қасіреттің бетін аулақ қылсын. Алайда отыны мол жағылған қазандай қайнап жатқан қым-қуыт тіршілікте нендей оқиғалар кездеспейді дейсіз?!
Алматыдан тойдан келе жатқанмын. Жолдағы стансадан купеге егде тартқан бір адам мінді. Жалғызсырап отырған мен қуанып қалдым. Иманжүзді жан екен. Жайғасқан соң жөн сұрастық. Әр сөзін балғамен соққандай нық жеткізетін жаңа көршімнің өмірден көрген-түйгені мол екені байқалып-ақ тұр.
Аты – Хайдар, мамандығы – зоотехник, Алматы төңірегіндегі өзі туып-өскен ауылда түрлі қызмет атқарып, кеңшар директорлығынан зейнеткерлікке шығыпты. Мен де өзімді таныстырып жатырмын. Екеуміз ә дегеннен тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік. Сыр өңірінен екенімді білгенде жаңа танысым елең ете түсті. Жоғалтып алып, ұзақ жылдан кейін қайта қауышқан бауырын көргендей әсерленді. Бір сәтке байсалды қалпынан өзгеріп, жас балаша шаттанды. Іле-шала қабағына мұң ұялап, жүзін терезеге бұрып, ауыр ойға шомды. Мұндайды күтпеген мен ыңғайсызданып қалдым. Дегенмен ел басқарып, талай сынақты бастан кешірген азамат бойын тез жинап алды. Тамағын кенеп, сөзін бастады:
– Айналайын, айыпқа бұйырма! Көкірегіме шемендей қатқан оқиға есіме түсіп кеткені, – деген Хайдар ағаны мұқият тыңдауға тырыстым. – Мені дұрыс түсінсең екен. «Қызылордалықпын» дегеніңде жан дүнием астан-кестен күйге енді. Егізімнің сыңарындай болған жан досым Айбарды жолықтырғандай әсерге бөлендім. Сол өкінішті жайт әлі күнге дейін жанымды жегідей жеп, маза бермейді. Өзіммен бірге о дүниеге ала кететін құпия еді, жария қылатын сәті туғандай.
Қатты тебіренген Хайдар тағы да терезеге бұрылып, аз-кем үнсіз қалды. Сырттағы соңымызда сырғып қалып жатқан гүл көмкерген даладан әлдекімнің бейнесін іздегендей ауыр күрсінді.
– Қызылорда десе, елеңдеп тұрамын. Сыр өңірінің қонақжайлығына, жігіттерінің сөзіне берік, достыққа адал, мәрт қылығына араласып-құраласып, қатар жүргенде талай мәрте көзім жетті. Жанжалдасып қалсаң, боқтап-боралағанда сай-сүйегіңді сырқырататын ащы тілдері де бар. Менің Айбармен достығым да осындай «тікенек сөзден» басталды, – деген Хайдар аға елжірей жымиып алып, әңгімесін жалғады. – Институтқа түсіп, жатақханаға орналасып, бақыттан басым айналып жүрген кез. «Общягада» асығып келе жатып, әлдекімді байқамай иығыммен қағып кеткенім. Кешірім сұрап үлгере алмадым. Ол да әпербақан екен. «Өй, шешеңнің… көзің соқыр ма?!» дегені. Ойбай, мына көргенсіз не дейді, әй…?! Мұндай жаныңа тікендей қадалатын ауыр боқтықты бірінші рет есітуім. Біз жақта да боқтамайды емес, балағаттайды ғой. Бірақ… дәл мынадай атын атап, түсін түстеген жексұрын сөзді бұрын-соңды білмеуші едім. Қаным басыма тепті. Ауыздан шіреніп тұрып, бір пердім. Екеуміз қызылшеке болып төбелестік. Жан-жақтан қаумаласа жеткендер кірпішешенше жиырылып, еденде домалаған бізді зорға ажыратып алды. Міне, қызық! «Боқтампаз қарамен» (менімен төбелесетін дәу қараның аты Айбар екенін кейін білдім) бір бөлмеде тұратын, группамыз да ортақ болып шықты. Мәрт жігіт екен, оғаш сөзі үшін менен кешірім сұрады. Қырсық неме, «біздің Қызылордада мұндай боқтықты еркелету деп қабылдайды. Сен де әлі-ақ үйреніп кетесің» деп қояды. «Жаман дағдыны адамның бойы тез қабылдайды» деген рас екен. Көп ұзамай ашу қысқанда Айбардың боқтығымен сықпыртып тұратынымды өзім де байқамай қалатын болдым.
Сол күннен Айбар екеуміздің арамызда ұзаққа созылған шынайы достық басталды. Екеуміз де «кеудемізден жан шыққанша дос боламыз» деп ойлаған едік… Бірақ… Адамның ойлағаны емес, Алланың дегені болады екен. Демалысқа шыққан сәтте бір-біріміздің үйімізге қонаққа барып, армансыз қыдыратынбыз. Айбар – шаңырақтағы жалғыз ұл. Әкесі Айдос көкеміз жылқы бақса, анасы Маржан апа үй шаруасында. Қызылордаға жақын бір аудандағы іргелі кеңшардың жылқышысы Айдос әкеміз ірі тұлғалы, аса қайратты адам болатын. Кіндіктен жалқы Айбарды қатты еркелетуші еді. Жатақханада жүргенде басынан сөз асырмайтын, бір-жар жігіт қарсы келуге жүрегі дауаламайтын досым үйіне келгенде мүлде өзгеріп, шолжаңдап кетеді. Бірде шай ішіп отырған әкесінің мойнына алпамсадай денесіне қарамай секіріп мініп алғаны бар-ды. Айдос көкеміз болса шыбын шаққандай құрлы елеген жоқ. Кеңкілдеп күліп, шайын сораптап отыра берді.
Айбардың әке-анасы мені өз баласынан кем көрмеді. Қайтарда қалтама қомақты ақша, дорба-қалтаға толтыра сәлем-сауқат салып беруді міндеттеріндей көретін. Біз жақта таңсық қақ-қауынқұрт, күріш тағы басқа дәмді тағамдарды, семіз жылқы етін беріп жіберіп, ашқұрсақ студенттерді қарқ қылады. Мен үйленгенде Айдардың әкесі Айдос көкем тойға ту бие атап, мерейімді өсірді. Көпбалалы, жоқ-жұқалау отбасында өскен маған бұл теңдесі жоқ тарту еді.
Сол жылы Айбардың үйіне жалғыз барған болатынмын. Досым әлі бойдақ, анасы өмірден озған шағы еді. Айбар әкесінің жолын қуып, құрықты қолына алған. Үйлері жайлауда отыр екен. Досым мен әкесі құшақ жая қарсы алды. Айбар екеуміз түнімен әңгімелесіп, таңға жуық кірпік ілдірдік. Ешқандай оғаш нәрсе байқамадым.
Ұйқыдан оянсам, Айбар үйде жоқ екен. «Жылқы қайыруға кеткен болар» деп мән бермедім. Кенет… О, сұмдық-ай… Біз жатқан киіз үйдің төріне жанарым түскенде жүрегім тоқтап қала жаздады… Дәл ортада аппақ шағаладай болып мұнтаздай киінген, сақал-мұрты мұқият бастырылған, келбетті жүзді Айбардың әкесі Айдос көкем отыр. Маған жасқа шыланған көзін қадап, жас балаша кемсеңдейді. Орнымнан ұшып тұрып: «Көке, не болды?! Неге бұл жерде отырсыз?! Не үшін жылайсыз?!», – деп жанына жетіп барғанымды өзім де сезбей қалдым.
Айдос көкем болса:
– Ақ Хайдар (мені осылай еркелетуші еді), қалай жыламайын?! Мен қор болдым ғой. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым». Досың арам болып шықты. Мені күндіз-түні байлауда ұстайды. Сені өз баламнан кем көрмегенімді білесің ғой. Құтқар мені азаптан. Қол-аяғымды шешші, құлыным…, – деп өкіріп жіберді.
Мен болсам… көкемнің аяқ-қолын жіңішке арқан-жіппен керегеге байлап қойғанын сонда ғана көрдім. Көзімнен жасым шұбырып жүріп, Айдос көкемнің байлауын шештім. Көкеміз сып беріп, сыртқа шығып кетті. Сол сәтте досымды атарға оғым болмады. Қаным қарайып, Айбарды күттім. Бірнеше сағаттан соң үйге жайраңдап кірген досым әкесінің орнында жоқ екенін көргенде арыстандай ақырып жіберді… Ашудан қып-қызыл шоққа айналған қос жанары жолбарыстың жанарындай тым қорқынышты еді. Орны толмас өкінішті істі ішкі түйсігіммен сезген мен болған жайтты асыға-үсіге баяндадым.
– Сен, не істедің, айтшы, не істедің?! Көкем қазір көтеріліп ауырып жүр. Сөйлеген сөзі, іс-қимылынан білінбейді. Алайда ақыл-есі орнында емес. Байлап баққаныма жылдан асты. Босанып кетсе, құла түзге қашады. Мұның алдында мидай даладан шалажансар жатқан жерінен зорға тауып алған едім. Осы жолы жылқыны тапсырып, жұмыстан шығып келгенмін. Қаладан үй сатып алып та қойғанмын. Көкемді мықты дәрігерге емдетуге келіскенмін. Бәрін құрттың ғой! Қайран, көкем-ай! Шынымен, тағдыр жолың осылай аяқталғаны ма?! – деп зар еңірген досымды жұбатар сөз таппадым.
Ал ертеңіне… Айдосты жабыла іздеген қалың қауым ақсақалдың жансыз денесін құла түзден тауып алды. Елі-халқы көкемізді ақ жуып, арулап жерледі… Айбар болса сол күйі мені кешірмей қойды. Ауыр қайғы үстінде маған бір құрдасынан «Алла кешірсе, мен кешірдім. Көңіл айтамын деп әуре болмасын. Жақсы көңілді жаман сөзбен қалдырмайық. Жолынан бөгелмесін! Бахида жолығармыз» деп сәлем айтыпты, – деген Хайдардың өңін тарам-тарам жас жуды.
Өмір, неткен, күрделі едің…
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!