Отбасындағы үш бірдей баласының қамқоршысы мен бір әулеттің асыраушысына айналған Дархан Қарғабайұлы (суретте ) ойда жоқта тағдырдың сынына ілігеді. Сексен жасты еңсерген ата-ананың шаңырақтағы баласы әдеттегідей күнделікті уақытымен жұмысына кетіп, үйіне арбаға таңылып қайтады. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, әдепкіде бәріне Алланың ісі деп қараған ол жанының аман қалғанына шүкірлік етіп, есін жинайды.
– Айналдырған бірнеше секундта екі аяғымды санымнан төмен жұлып кетті. Жан ұшыра айғайлап, осы сәтте аяғымды аман алып қалу үшін жанталастым. Бірақ көзді ашып-жұмғанша екі аяғым пойыздың доңғалағына ілініп кетті. Одан кейін есімді білмеймін. Қорқынышты түсімнен оянсам, аурухана төсегіне таңылған екенмін, – деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз бір сәтте бүкіл өмірінің көз алдында тізбектеліп өте шыққанын да жасырып қала алмады. Жанарындағы көзқарас күнделікті тіршіліктің басқа бағытқа бұрылғанын аңғартты.
Оқиғаны басынан бастап тарқатсақ, 2020 жылдың 27 сәуірінде Нұр-Сұлтан уақытымен 20 сағат 15 минут шамасында Жосалы станциясындағы теміржол паркінде машинист Д.Нұрмановтың басқаруындағы №9032 санды маневр тепловозында вагон құрастырушы болып қызметте жүрген Дархан Қарғабайұлы жылжымалы маневр тепловозының астына құлап, «екі аяғының тобық тұсындағы сүйегінің сынуы» диагнозымен Қармақшы аудандық ауруханасына жеткізіледі. Ауыр жарақат алған ол есінен танып, 4 литрдей қан жоғалтып, аурухананың жансақтау бөліміне түседі. Дер кезінде Дархан Қарғабайұлының өмірін арашалау үшін ақ халатты абзал жандар сегіз сағаттай күресіп, отаның нәтижесінде екі аяғы кесіліп, төсекке таңылады.
Күндіз-түні төсекке таңылып, терезеге телмірген ол қалыпты өміріне қайта оралмасын біліп іштей қынжылады. Содан бері сағаттай сырғыған уақыт ағымымен жеті айға да жетіп, екінші мәрте аяғына отасын жасатты.
– Тас түскен жеріне ауыр демекші, үш ұйықтасам да түсіме кірген жоқ мүгедек болып қалатыным. Тағдырдың жазуы шығар деп өз-өзімді жұбатамын, – деді Дархан.
Бізбен әңгімесінде көңілі күпті кейіпкеріміз өзі жұмыс істеген мекемеден тиесілі көмектің төленбей жатқанын да айтып қалды. Тіпті жарақаттанып ауруханаға түскен сәтінде кінәні жұмысшының өзіне арта салуды ойлап, қоқан-лоқы көрсетіп те үлгеріпті.
– Басында жолдасым ауруханада жатқан кезде басшылық тараптан жұмысшының жағдайын білуге ешкім келген жоқ. Мен өзім хабарласып, бастығы Бауыржан Баяновтың ізінен қалмағаннан кейін ғана қимылдай бастады, – деп сөзін жалғастырған Дарханның зайыбы Маралдың сол уақыттан бастап мазасы да қашқан.
Жұмыс уақытында болған жазатайым іске жұмысшыны кінәлап, әр есікті қаққызғаны қалай? Айдың күннің аманында зайыбының қолдағы баласына айналған ер-азаматқа ІІ топтағы мүгедектік тағайындалған.
«Бұл азамат әлі де жұмысқа жарайды» дегенді желеу еткен Қармақшы аудандық ауруханасының анықтамасына қарап, ақ халаттыларға деген сеніміміз жоғалды. Қанша жылдан бері өз ісінің білікті маманына айналған Сәуле Қазтаева бұл ісін шала-шарпы түсіндіріп, өзін ақтап әлек.
Ауыр жарақат деңгейінде түскен азаматқа ІІ топтағы мүгедектік бергеніне біз де таңырқай қарадық. Заң бәріне ортақ заманда адам жанының арашасына айналған абзал жандардың тойынғандығы ма? Біреу тойып, біреу тоңып секіретін қоғамымызда қарапайым адамдардың әділдікті талап етуі де заңды.
Бүгінде үмітпен өмірін жалғаған кейіпкеріміз Дархан Қарғабайұлына зайыбы Марал күтімін жасап, қамқоршысына айналған. Ішер асын дайындаумен ғана шектелмейтін үйдің отанасы, ерінің дәретханаға барып келуіне де ықпалын жасауда. Осы ретте, сөзіміздің төркінін қамқоршылыққа төленетін жәрдемақыға тірегіміз келіп отыр. Сегіз айдан бері еш жерде жұмыс істемей, тек жарына қарап отырған Маралға мемлекеттен қамқоршылыққа жәрдемақы да тағайындалмаған.
Адамнан айла қалмаған қоғамымызда мемлекет тарапынан төленетін көмекке қаншама адамның қолының жетпей жүргенін кім білсін? Жанымыздағы адамдарға жанашырлықпен қарап, жығылғанды қолтығынан демеген қазақтың ұрпағы едік? Ойсаларлық әңгіменің ақ-қарасын ажыратып, таразыға салуды өздеріңізге қалдырдық, оқырман!
Зибаш ӘЛИ,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!