Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адасқан  қыз

23.03.2026, 11:40 58

HALYQLINE.KZ

– Дәлсұлу қайда? — деді қатқыл жүзді, маңдайын әжім басқан, көзі ұйқыдан енді оянғандай қанталап кеткен Дүрмән.

– Қайда болсын?! Кетті-дағы сол баяғы өзен жағасына. – Мұны айтқан Дәлсұлудың шешесі Жортаң еді. Ол солғын тартқан, белінің бүкірі дәл түйенің өркеші секілді көкке ұмтыла өскендей кейіптегі кәрі кемпір. Күйеуінің белі бүкір кемпіріне жатуға ыңғайлы болсын деп арнайы түбінен дөңес ойыс жасап берген кереуетінде жатып ол: – Тамағың бүгін дайын бола ма, болмай ма? — деп зекіп қойды.

Бұл кезде Дүрмән үнсіз қазанның ішіндегі күрішін қуырып, етін күйдіріп болып, ендігі майын құймақшы. Дала қараңғы, көктемгі мезгіл болғанымен, аспанда бұлт жоқ болса да, бүгінгі түнге жақын кеш ерекше қараңғы.

– Әй, қаңғыбас қаншық! Келдің бе? Қайтесің оны, бері кел, — деп кемпір үйге енді кіріп, әкесіне дастарқан дайындауға көмектеспек болған қызына баж ете қалды. – Аспан ашық, бұлттың басы да көрінбейді. Түнімен арқам сырқырап, тағы ұйықтай алмайтын болдым. Сипалашы мына «сұлуымды», — деп кереуетінен айнала бере өркешін қызына тосты.

Дәлсұлу еппен, алақанын ашып тұрып жұмсақ сипалай кетті.

– Күшің бар ма-ей өзіңнің? Өй, солған неме! Сені де біреу қыз дейді-ау. Бір ебің не әлің жоқ сорлысың ғой сен. Беріп жіберу керек еді кезінде. Неменеңе мәзсің? — деп жекіді шешесі.

Қызы да оның сөзін ести бере көбірек күш салып, шешесінің бұл күнде майы таусылып, қу сүйегі қалуға таяған өркешін ендігі қатты мыжғылай бастады.

Дәлсұлудың әдеті сол. Күн шапағынан шыға бере, айнала ашылған тұста жар жағасында сарылдай аққан өзен бойында отырады. Шерін, мұңы мен зарын өзеннің арылдап аққан ағысына айтады. Жұрт жайласып, үйді-үйіне ойысқанда жүзін тақиясымен жауып, көзін білінер-білінбес ашып, үйіне қарай кетеді.

Бүгінде 18-ден үш мәрте асқан Дәлсұлудың мұңы – мұң. Туа сала үйіндегілері үркіп-шошып, шешесі айтпақшы «отбасының шырқын бұзған». Балғын балалық кезінде де, бойжеткен боз шағында да көргені мен естігені – қарғыс-сөгіс, қала берді кемсіту. Себебі мұндағы жұрттың барлығынан мұның ерекшелігі жоқ, кемтарлығы бар-ды. Ол дүниеге келгенде өзгелерге ұқсамай туған. Жатырынан шыққан баласы күліп емес, іңгәлап жылағанда ауылдың кәрі қатындары түгіл Жортаңнын өзі шошына қараған. Әншейінде туғанда күліп туатын баланың біразына «кіндік шеше» болған қатындар мұның жылағанын естігенде үрки қарап, шешесіне асығыс, тіпті аздап іш-қарнына лақтыра салғандай болып тұра қашқан. Содан бұл отбасының көргені – мұң, ішкені – қайғы, шеккені – жапа. Дәлсұлудың негізгі аты – Жұпаң. Туабітті кемтар қыздың шарана кезінде түрі қорқынышты еді. Бала бола келе тіпті сұрықсыз, келбеті келіссіз болды. Сонысы үшін балалар оны кемсітіп, әжуалайтын. Ішінде тіпті одан қорқып, жүзін көрсе қаша жөнелетіндері де бар-тын. Әлі де бар. Содан да Жұпаң бала болып ойнамады, күндіз-түні мұң мен қайғыдан бір босаған емес. Қалай болғанда да қызын шын жақсы көретін әкесі мұны еркелетіп «Дәлсұлу» деп атап кеткен.

Заһарын шашып отыратын шешесі бұны бір қойнына алып жатқан емес. Сол жүргенде баласының иісін де білмеуі бек мүмкін. «Сен қайыршы басыма біткен сор болдың. Мына әкеңнің қолын ұзартып, күйеу әкеле ме деп үміттенбеймін де. Өмірге келгенінде оңбаған қыз он сегізінде отау иесі болар деймісің?! Осылай әркімнің сөзін бір естіп, жұртқа жиіркенішті болып өтесің де кетесің ғой түбінде» деп күнде қақсайды.

Міне, осының бәрін көріп-естіп жүрген Дәлсұлудың бүгінде сүйенері сылдыр өзен мен шын жақсы көретін әкесі ғана. Дегенмен, соңғы күндері қыз өзгеріп жүр. Өзеннен кеш қайтарда бұрынғыдай емес, жүзін жылы ғана жасыра, бойын тіктеп қайтатынды шығарыпты. Оның бұл ісіне шешесі іштей ойланып, әйтеуір ақымақ болса да бір қақбасты көндіріп жүрген шығар деп ойлайтын. Себебі оған бүгінде қолынан үй шаруасынан түк те келмейтін күйеу әкелсе де жақсы. Бір жағынан қара жұмыстың ебін білмейтін қызы үй шаруасын өрлете алмайтын күйеу әкелсе, күні не болмақ деп те қымсынады. Ал Дәлсұлудың себебі басқа…

– Бүйткен өмір бергенше мен сор маңдайлыны неге ала кетпедің екен?! – деп күндегі зарына салып отырған қыз кенет дір ете қалды. Майда тастардың адам аяғы басқандай шықырлағанынан қорқып, жүрегі аузына тығылғандай. Бұл жағаға «перілер ордасы» деп Дәлсұлудан басқа ешкімнің келуге жүрегі дауаламайтын. Енді артынан біреудің адымдап келе жатқанына бұл қорқып тұр.

– Қарындас, — деді бір қоңыр дауыс.

Сол сәтте қыз да орнынан атып тұрып, жер тіреп отырғанда қатты қысып ұстап алған тасты қолына алып, дәлдей қалды да

 – Кімсің сен?! — деп қорыққанын білдірмеген болып айғайлады.

Алайда оның дірілдеген қолы мен өзіне сенімсіздеу шыққан дауысы оның қорқып тұрғанын аңғартып-ақ тұр.

– Қорықпаңыз, мен бәрін түсіндіремін, — деді жігіт.

Енді қыз да оның жүзіне ай сәулесінің жарығымен қарай бастады. Қарады да я қуанғаны, я қорыққанын түсінбей дал болды. Қою қара шашы мен көзінің түсі бірдей, қасы қалың, аздап түктелген сақал-мұрты бар жігіт екен. Көзін төмен сала бере оның домаланған иығын, алпамсадай денесін көрді. Балтыры да бір қолмен айналдыра ұстауға келмейтін ірі, буын-буынға бөлінген. Қыздың ауылында мұндай жігіт болса Дәлсұлудың тағдырын кешері сөзсіз. Себебі кемтар қатарына қосылып, ауылдағы балалар айтпақшы екінші «бөжәй» атанар еді. Алайда Дәлсұлу үшін бұл жігіт ерекше, сырлы да сұлу болып көрінді. Түр-әлпеті өзіндей сұрықсыз жанды өмірде бірінші рет көрген қыз сол үшін де аңтарылып тұрып қалған.

Жігіт қыздың көзінен ендігі қызығып, таңдана қарағанын байқап, ептеп жақындай бастады. Дәлсұлу ендігі есін жиып, қайта қорқа бастағанын көргенде ыммен сабырға шақырып, адымын асықпай басты.

– Мен сізді бақылап жүргеніме, бақылап деймін ғой, байқағаныма бүгін үшінші күн. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, бүгін ғана жаныңызға келуге батылым барды. Қорқытып аламын ба деп ойлап, сырттай ғана бақылап жүрдім. Әне, анау жарық үңгірдің тұсында отыратынмын, — деп жігіт күндіз-түні ішінен жарық сәулесі көрініп тұратын үңгірді нұсқады.

 Мұны естігенде қыздың жүзі сұрланып, енді екі есе қорқа бастады. Себебі бұл ауылда ол үңгір перілердің ордасына кірер қақпа аталып кеткен. Барып көргендер ол жақта түрі сұсты неше түрлі пері барын айтқан. Ол сөздер айтылғалы да жеті ұрпақ жеті рет ауысып үлгерген. Барып көргендердің көзі бүгінде болмаса да ауыл аянбай сенеді, жақындамайды да. Сол үшін де қыз жігіттен «Сен перісің бе?» деп сұраған.

– Қайдағы пері, мен кәдімгі өзің сияқты адаммын, — деді сәл жымиып.

– Ада-а-а-м? Сен сау адамға ұқсамайсың ғой, — деді есін әлі толық жия алмаған Дәлсұлу.

Қыздың дәл бұл сөзін жігіт толық түсінбесе де білдірмеуге тырысты. Ол өзінің атын атап, бұл жаққа қалай келгенін айта бастады. Жастайынан сөзге сараң болмаған, әңгіме айтудың жілігін шағып, майын ішкен Дидар көріпкел шалдың сексенбайы екенінен бастап, бүгінде қиял-ғажайып ертегі жазатын 25-тен енді асқан жас қаламгер екенін айтқанша бірталай уақыт өтті. Бұл кезде қыздың да көңілі орнығып, тура бір адам нанғысыз әңгімені аңтарыла тыңдап қалған.

– Атам (әкесін ата дейтін. — авт) мен туғанда бұл өз өмірлік серігін шатқалдағы шыңырау арасынан табады. Сондықтан тезірек дидарлассын, жүздессін деп Дидар қоямын атын деген екен. Мен ес жимай тұрып, ол кісі дүние салған. Атам туарда жадырап тұрған дала бір мезетте қара бұлтпен сұрланып, ышқындап жел соғып, артынша толассыз жаңбырдан аққан сел үйлерді шайып әкетіпті. Бұл мезгілде әйелінің толғатып жатқанын сырттай бақылап, әкесі мен көрші-қолаң далада жүрген. Ауылдың 5-6 келіншегі анасының жанында, босануға көмектесіп жатқан. Ақырында бар дауысымен жанайқайы шыққан жүктінің әйелдер маңдай терін сүртіп, күшендіріп жатқанда даладағы ерлер көздері шаранасынан шығардай аңтарыла қапты. Төбеден жаңбыр суы сел болып аққанда ауылдың үйлерін ағызып жатыр дейді. Сексенге келгенше бала сүймеген атамның әкесінің қуанышын бөлісуші болып бүкіл ауыл мұның үйіне қарай жиылған, содан селден аман қалған екен. Ал аман қалған себебі сарылдап аққан сел дәл бұл үйді екі жағынан айнала ағып, аяғының асы құп-құрғақ болып тұра беріпті. Содан үрки де таңырқай тұрып қалған барлық ауыл үйлерінің ағып кеткенін де аңдамай қалса керек. Ал атам шыр етіп дүниеге келгенде қара аспанның қақ ортасынан бір сәуле нағыз түндіктен түсіп, шаңырақ ішін жап-жарық қылып жіберген екен. Сол туған бала ауылдың арғы өмірін айтатын көріпкел болыпты. Тіпті күнде бала тумаған әйелінің өзіне менің де «сексенде бір сеңгірбайым болады» деп айтатын көрінеді. Сонысы солай, сексенінде мен сап етіп дүниеге келе қалдым. Көзін көрмесем де естіп-білген әңгімелерден әкемді өз кейіпкерім етіп алып, бүгінде жұрт айтатын «қиял-ғажайып ертегі» жазамын, — деп бір-ақ тоқтады белгісіз жігіт.

– Ал мені қалай таптыңыз? — деді қыз.

Әншейінде мұның әңгімелеріне сенбей, жұрт қышқыл-мысқылдап қоятын еді. Ал мына бір қыздың «ә» деместен сеніп отырғанына аңтарыла қалған Дидар әңгімесін әрі әкетті. Түсінде бір шатқалға бара жатқанын, ішіне кірсе көз аштырмас жарық екенін, дегенмен алдыға жылы бір леп жетелегенін көрген. Атасының жорамалы есіне түсіп, шатқалды ұзақ іздеген екен. Ел ішінде ендігі жастық шағынан өтіп бара жатқанын айтып, біреуді ала сал деген әңгімелер де болса керек. Алайда күдерін үзбей, үш жылдан астам барлық жерді шарлап іздепті. Міне, бүгін тапқанына үш күн уақыт. Бұл кезде уақыт таяп, қыз үйіне кету керектігін айтқан.

— Айтқаныңыз рас болса, ертең жалғастырарсыз, — деп қыз аяқ асты қоштаспай кеткен.

Сол кездесулердің бүгінде төртеуі өтті. Екеуі айтпаған әңгіме қалмағандай. Әсіресе Дидар бұл жақта үй шаруасын ерлер істейтінін, әйелдер қара жұмысты атқару керектігін естігенде, қыз өзінің сұрықсыз әрі бір қатаң мінезі жоқ әлсіз әйел екенін айтқанда таң қалған. Ал бұл жақта сұлу деп саналатын адамдарды Дәлсұлу сипаттап бергенде аңғал жігіт «Ондайларды бізде бұжыр бет, жалмауыз кемпір дейді» деп қарқ-қарқ күлген. Қыз да жігіт жақтағы өмір туралы, барлығының қарама-қайшы екенін білгенде аңтарылып қалған-ды. «Сен адасып туған қыз болдың ғой. Маған ер. Мен сені адал жарым қыламын» деп жігіт бүгін соңғы сөзін айтқан…

… Дәлсұлу шешесінің өркешін сипалап жатқанда әкесі дастарқан басына шақырды. «Тас түсіп кетті ме деп едім?! Пісті ғой, әйтеуір. Ертерек ішіп, жатайықшы» деп кемпір төсегінен бұрқылдай тұрды. Сыртына білдірмесе де ішінен «Таңнан кешке дейін төсекте жатқаннан қалай шаршайсың осы?» деген әкесінің ойын үнсіз түсінген қыз сәл жымия күлген. Бірақ аяқ асты тұнжырай кетті. Себебі жігітке соңғы сөзін айтпастан кете барған қыз дәл бүгінгі түні арғы жаққа, «өз жағына кетпек». Қимастық болса да әкесінің оны қолдайтынын сезеді. Жылуын көрмесе де жаман шешесін де сағынатын секілді. «Келіп тұрамын ғой» деп ойлады ішінен шатқалдың бұлардан соң опырылып түсерін білмей. Сөйтіп қоштасты да арманына, өз жағына кете барды адасқан қыз…

Аслан  НҰРАЗҒАЛИ,

Балқаш  қаласы

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: