Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенімге селкеу түскенде…

30.01.2020, 11:05 1782

ҚР Денсаулық сақтау министрі

Елжан Амантайұлының назарына!

АШЫҚ ХАТ

Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздап, жаны қысылып, дертіне шипа іздесе, алдымен Жаратқанның, содан соң ақ халатты абзал жандардың көмегіне сүйенеді. Алайда Қызылорда қаласындағы №6 емхананың «білікті» дәрігерлерінен тиісті ем ала алмай жүргеніме 4 жылдың көлемі болды. Өзім – ІІ топтағы мүгедекпін.

Осыдан 4 жыл бұрын асқазан тұсы ауырып, дәрігердің қарауына бардым. Әдеттегінше қан талдауы және тағы басқа анализдерге жолдамамды алып, тапсырдым. Учаскелік дәрігер сараптама қорытындысының барлығы тап-таза екенін айтып, осыдан бірнеше жыл бұрын қойылған диагноз бойынша ем жазып берді. Бірақ, одан ауруым үдемесе, басылған жоқ. «Үміт соңынан өледі» демекші, қайтадан Қызылорда қаласындағы №6 емхана басшыларының қабылдауында болғанымда, көкейімді тескен сұрақтарыма жауап, жанымды жегідей жеген дертіме нақты диагноз қойып бере алмады(!). Қарамағындағы қызметкерлері жас, тәжірибесі аз болғандықтан, аурудың салдарын білмей тұрған шығар деген тұжырым жасаған болатынмын. Осы ойдың жетегімен басшының қабылдауында бір емес, бірнеше рет болдым. Айтатыны – сол жауап. Сонда адам өміріне деген жауапкершілік, жылы сөз айтып, дем беру деген қайда? Өз басым ауырған адамды қымбат аппарат пен дәрі емес, дәрігердің жанашырлығы мен жылы сөзі емдейді. Дегенмен, саны бар, сапасы болмаса, оның елімізге не пайдасы бар?

Мемлекеттік мекеменің ақ халаттыларынан нәтиже болмағандықтан, жеке емхана дәрігерлерінен шипа іздедім. Қаладағы бақсы-балгер, тәуіпке де қаралып, түрлі БАД пен витаминдерді қабылдадым. Дәрігердің табалдырығын тоздырып, дертіне ем таппаған халықтың өз-өзіне диагноз қойып, интернеттен немесе жарнамалардағы дәрілерді тағайындаусыз қабылдауының бір себебі – осы. Екіншіден, емханаларда учаскелік дәрігер күн сайын ауысып отырады. Емделуші бір дәрігердің қабылдауында болу керек. Ал, ауысқан сайын жаңадан сараптама тағайындалады, «тарихыңды» басынан бастап айтып отырасың.

Әдетте, дәрігерлер адамдардың сырқат басталғанда ем қабылдамайтынын желеу етеді. Мен керісінше, емхана табалдырығын тоздырып, бүкіл уақытымды емханада өткіземін. Ташкент қаласындағы аурухананың күндізгі бөлімінде ем қабылдадым. 2019 жылы шипа іздеп Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қыдырәлиқызының қабылдауына келдім. Ең болмаса, өмір сүруіме күш беріп, жауапсыз қалмайды деп ойладым. «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей диагнозым анықталмады.

2019 жылы шілде айында өз қаражатыма, 300 мың теңгеге Нұр-Сұлтан қаласындағы Президенттің медициналық орталығында «кардиология-ревмотология» бөлімінде емделдім. Орталықта өзімнің айтуыммен дәрігерлерден асқазанға ФГДС және тағы басқа зерттеулерден өттім. ФГДС қорытындысы бойынша маған қойылған диагноз – артрофиялық гастрит. Астананың бір жапырақ қағазын алып, учаскелік дәрігеріме келдім. Алла сәтін салып, жазылып кетіп, үйдегі анама қамқор боламын ба деген сенім еді. Бірақ, адам өміріне араша жандарымыз Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігерлер қойып берген диагнозға мән бермеді. Тіпті, осы төрт жыл ішінде 26 кг салмақ жоғалтып, қазіргі салмағым 54 кг екені учаскелік дәрігерлерді де, басқаны да ойландырмағаны ма? Неге салмақ жоғалады, ем неге өз нәтижесін бермейді деген сауалға жауап іздемегені ме? Маған қойылған диагноз асқазан онкологиясының бастапқы «қадамдары» ма? Өмірімізді сеніп тапсырған жандар жарты жыл бұрын қойылған диагнозды назарларына алмағаны көңіліме қаяу түсірді. 

Бәрінен қайран болмағасын, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына соңғы уәжімді жазып, арызымды қалдырсам деген оймен келген болатынмын. Осы жерде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша директорының орынбасары Орынбасаров Серік Орынбасарұлының қабылдауында болдым. Маған қойылған диагноз бойынша тексеріп, нәтижесінде салмақ жоғалтудың себебін айтып, жылы сөздерімен көңіліме сенім ұялатып, ауруханада тез арада тиісті дәрі-дәрмек қабылдап, ем жүргізу қажеттігін түсіндірді. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы осы сала мамандарымен хабарласып, нәтиже қорытындыларын жолдап, дертімнің емін табуға ықпалын тигізді. Осы кісіге шексіз алғысымды білдіремін.

Сөнген үмітім қайта тұтанып, қуанғанымнан №6 емханаға тағы келдім. Ауруымның себебіне байланысты тез арада ем қабылдау керек екенін айтып, көпбейінді облыстық ауруханаға қаралуға жолдама алдым.

20.01.2020 жылы көпбейінді облыстық аурухананың (ОМО) диагностикалық бөліміндегі №20 кабинетте дәрігер Изенова Мира Убайдуллақызының қабылдауында болғанымда, маған бұл диагнозбен тегін емдей алмаймыз, егер ақылы болса, емдеуге болады дегенде жағамды ұстадым. Туған жердің дәрігерлерінен шипа таппаған жанымды сүйреп, Алматы қаласына ем іздеп кетіп барамын.

Құрметті министр мырза, бұл жанайқайымды біреуді қаралап немесе жамандау негізінде жазып отырғаным жоқ. Тек мен сияқты өзге адамдарға тиісті деңгейде көмек көрсетіліп, өміріне араша болса деп сұраймын.

Асқар Ибраев,

Қызылорда қаласы,

Шұғыла мөлтек ауданы

№51 үй, 9-пәтер тұрғыны

Пікірлер:
  • Ибраев Асқар Сейдалының шағымына байланысты, науқас Алматы қаласынан дәрігерлік тексерістен өтіп келген соң, облыс деңгейіндегі дәрігерлер және басқарма мамандарының қатысуымен консилиум жүргізіліп, жағдайына байланысты баға берілетіндігін хабарлаймыз.

  • Ибраев Асқар Сейдалының шағымына байланысты:
    Науқас Алматы қаласынан келген соң, облыс деңгейіндегі дәрігерлер және басқарма мамандарының қатысуымен консилиум жүргізіліп, жағдайына байланысты баға берілетін болады.

  • Биылдан бастап страховая медицинанын аркасында барлық проблема шешіледі деп айтылуда.Ал проблема ақшада емес деп ойлаймын.Бiзге бiлiктiлiгiмен қоса кәдімгі жанашырлыгы бар дәрігерлер қажет.Әрбiр пациентке өз жақыны ретінде қарап, қол көмек, сөз көмек беру өте маңызды.Қазір емханалар электрондық медициналық карточка ға көшкен.Әрине заманына сай болған жақсы, бірақ өз басым керек дәрігерiме алдымен терапевт ке барып уақыт жогалтпай бірден кірген ыңғайлы деп ойлайм.Сонгы кезде көбінесе адамдар интернеттен симптомдар бойынша өздеріне диагноз қойып, сонда емiн iздит.Мен де кейде солай жасайм несiн жасырам.Неге деген сұрақ туындайды. Осы мақала, ашық хат жауабын берді деп ойлаймын.

  • Денсаулық сақтау басқармасы тез арада осы Ибраев Асқармен хабарласып, барлық жағдайды жасау керек деп ойлаймын!осымен бірге барлық емі, дарісі тегін болу керек!

  • Заведующие и участковые врачи поликлиник очень малообразованные, раз не могут поставить диагноз правильно, с самого начала все зависит от правильно поставленного диагноза. Почему горздрав не выделяют квоту в столичные больницы если местные так запускают больных. Пустили на самотёк самое ценное для пациента, это его здоровье. Рыба гниет с головы, значит в Кызылорде горздрав, облздрав закрывает глаза на все это, пока на лапу не дашь им, квоты не видать. Все только за деньги купишь в Кызылорде я сама оттуда и мне обидно до глубины души….

  • Осы Асқар сыяқты ауруына шипа іздеп жылдар бойы өз емханасынан көмек ала алмай жүрген біздің Қызылордада жеткілікті…Ақырында Ташкен,Қытай,Алматы т.т.жағалап кетеді.Дәрігер тек ауру тарихын дұрыстап жазумен әлек.Асқарға Алла шипасын берсін!

  • Осы ашық хатқа жалғыз менің емес, Қызылорда тұрғындарының көбісі қосылар, өйткені бұл жағдай жалғыз Асқар бауырымның емес, көптеген науқастар дертіне дұрыс диагноз, ем ала алмай шетел мемлекеттерінің медицина мамандардына жугінетіні рас. Бұл мамандардың білімсіздігінен ба, әлде Үкімет тарапынан миллиардап осы салаға бөлініп отырған қаражаттардың қарапайым халыққа қолжетімсіз болуында ма? Болмаса жеке ашылып жатқан ақылы клиникалардың мүддесін қолдау мақсаты ма? Бірақ та барлығының қалтасы көтере бермейді ғой. Өркениетті алдыңғы мемлекет қатарынан көрінеміз дейміз, халқы кедей, денсаулығы, хал ақуалы нашар азаматтарымен бұл жетістікке жету мүмкін емес. Алға жылжып жатқан медицина мамандардына, Асқазан ауруына ем жоқ деу үлкен сын, ұят. Денсаулық министрі, Үкімет басшылары Асқар бауырымның жан айқайын естіп,тағы да айтам басқада жанының дауасына шыркырап ем іздеп жүрген Қазақстан азамматырына көмек, Алматы, Нұрсұлтан қалаларына порталға қойып, Квотамен ем алулары на нақты шаралар қолданса екен деймін.

Гульмира үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: