Денсаулық сақтау министрлігі тек рецептпен сатылатын дәрілік препараттарды атады. Қазақстанда дәрігердің рецептісі бойынша ғана дәрі-дәрмек сату – Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес. Бұл жүйе 20 жылдан бері қолданылып келеді, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazіnform сайтына сілтеме жасап.
Рецептсіз сатылмайтын дәрілік препараттарға мыналар жатады:
— құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар;
— парентералдық енгізуге арналған дәрілік заттар;
— стационар жағдайында ғана қолданылатын дәрілік заттар, оның ішінде диагностикалық дәрілік заттар;
— тағайындау мен одан арғы қабылдау дәрігердің тұрақты бақылауымен жүргізілуі қажет дәрілік заттар;
— диагнозы стационар жағдайларында немесе қажетті диагностикалық жабдығы бар мекемелерде қойылатын, ал дәрілік препаратты қолдану және одан арғы бақылау амбулаториялық жағдайларда жүзеге асырылатын ауруларды емдеуге арналған дәрілік препараттар;
— құрамында одан әрі зерттеуді талап ететін дәрілік субстанция, белсенділігі және (немесе) кері әсері бар дәрілік заттар:
— алғаш тіркелген, жаңа әсер етуші заты бар дәрілік препараттар;
— қолданылу тәжірибесі шектеулі дәрілік препараттар (дәрілік препараттың басқа елдерде тіркеуден кейінгі қолдану тәжірибесін, соның ішінде жалпы көпшілікте қолданылуы (клиникалық зерттеулер болған кезде) есепке ала отырып);
— жаңа доза, дозалаудың жаңа режимі, енгізудің жаңа тәсілі, қолдануға жаңа көрсетілімдер, жас шамасының жаңа топтары;
— Рецептсіз дәрілік заттарды босатқаны үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, — деп атап өтті министрліктен.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жарамдылық мерзімі аяқталған препараттарды қолдануға болмайтынын еске салды.
«Мұндай препарат ең алдымен емдік қасиеттерін жоғалтады. Яғни, олар сізді емдемейді және ауру одан әрі өрбуі мүмкін, бұл өз кезегінде асқынуға апарып соғады. Сондай-ақ, препаратқа жағымсыз реакциялар пайда болуы мүмкін немесе препараттан уланып қалуы мүмкін. Осындай жағдайлар ағзаға зиян келтіреді немесе өлімге әкеледі. Үйдегі дәрі-дәрмек қобдишасында сақталатын дәрілердің жарамдылық мерзімін тексеруді әдетке айналдырыңыз. Көбіне олардың сол жерде жатып мерзімі өтеді. Сақтау шарттарына ерекше назар аударыңыз. Кейбір дәрі-дәрмек дұрыс сақталмаған жағдайда жарамдылық мерзімі қысқарады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, соңғы 2 жылда дәрі-дәрі дәрмекті рецептісіз сату бойынша 204 дерек тіркелген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!