Медицинадағы кадр тапшылығын шешу үшін қазір жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді сақтап қалуға жағдай жасау қажет. Депутат Дана Медеуова бүгінгі депутаттық сауалында мамандарды даярлауға кететін уақыт пен олардың жүйеден кету қаупіне назар аударды.
Ол денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығына объективті баға беруді ұсынды. Депутаттың пікірінше, жаңа мамандарды тартумен қатар, тәжірибелі дәрігерлердің жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беретін еңбек жағдайы қажет.
«Білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет. Ал әлсіз жүйе кәсіби маманнан бір күнде айырылып қалуы мүмкін. Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», — деді Дана Медеуова.
Депутат пандемия тәжірибесіне тоқталып, елге қауіп төнген кезде медициналық кадрлардың шешуші рөл атқаратынын айтты. Осыған байланысты дәрігер мәртебесін елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігімен байланысты қарастыру қажеттігін жеткізді.
Медеуова мамандарды сақтап қалу үшін еңбекақы жүйесін жетілдіру, кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шешімдерін құқықтық қорғау мәселелерін көтерді. Бұл ұсыныстар Премьер-министр Олжас Бектенов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолданды.
Фото: ашық дереккөз
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!