Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағам ұсыну тәртібі қандай?

03.10.2020, 16:00 386 0

HALYQLINE.KZ Қазақ халқының кісі сыйлау, үйге келген кісінің қолына су құйып, ас-тағам ұсынуының өзінен үлкен адамгершілік пен мәдениеттілік қасиетімен менмұндалап айқын көрініп тұр. Онда әр отбасы үйіне келген кісіні төріне шығарып, астына көрпе төсейді. Онан соң алдына дастарқан жайып, ас-тағам берер алдында жасы кіші адамның бірі елеген мен құман алып, қонақтың қолына су құяды.

Қолға су құйып, кісіге ас-тағам ұсынудың өзіндік жөн-жосығы бар. Мұнда, «бата – бастан, су – аяқтан» деп батаны төрдегі адамға жасатса, ал су құюды, аяқ жақтан бастайды. Әдетте суды қонақтар тегіс отырып болған соң құяды, бірақ жиын-тойлар мен нәзір-құзырларда адам өте көп болатындықтан, суды екі жігіт екі босағадан бастап төрге қарай айналдыра құйып шығады. Кейде есік алдына үлкен леген қойып, қонақтарға үйге кірерде қол жудырып кіргізеді. Ал, адам саны шағын болса, онда бір адам оң босағадан бастап отырған адамдарға түгелдей айналдырып су құйып шығады, тамақ соңында қолға су құю солдан-оңға қарай басталады. Қолды жуғанда сілкімейді, орамалмен сүртеді.

Қазақ салтында дастарқанда төмен жақта отырған адамдар өзінен жоғары отырған адамдарға шыны-аяқ алып беру, ас-тағам ұсынуға жауапты болады. Алайда, шыны-аяқ алып беру мен ас-тағам ұсынудың да өзіндік ережесі бар. Мұны әр отбасы ұрпақтарына мұқият ұғындырады, болмаса, өзгелер жағынан «тәрбиесіз, көргенсіз» деген сөгіске қалады. Мысалы, шыны-аяқ алып беріп, ас-тағам ұсынғанда оң қолымен ұсынады, онда да ас ұсынған оң қолдың қарын – сол қолдың сыртымен басып /алақанды жайып қонақ жаққа қаратып, ұсынады.

Тамақ алудың да, шай құюдың да өзіндік жөн-жосығы бар. Мысалы, шәй құйған кезде, шайды үй ішіндегі кісілерге түгел құйып болғанша, барлық адам сабыр сақтап күтіп отырады. Шай түгел құйылып болған соң, үй иесі: «Астан алыңыздар!» деген соң ғана алады. Себебі, үй иесін көзге ілмегендік болып саналады.

Үлкен той-томалақ, нәзір-құзыр өткізгенде шай құйып беріп, шыны-аяқ алып, ас-тағам ұсынуға тәрбиелі, пысық жігіттер мен епті, іскер келетіндерді орналастырады. Шай құйған келін бір тізерлеп, қонақтарға қырын қарап отырып, шайдың қызылын, сүтін дұрыс бөліп, шайды дәмді құйып, көз қиығымен босаған ыдыс-аяқтарды қадағалап отырады. Келген қонақтар шай құюшы келін мен шыны алып беруші азаматтың іс-қимылына қарап, сол ауылдың адамгершілігі мен мәдениетіне баға береді. Міне, осы істердің барлығы ұрпақтарға егжей-тегжейлі ұғындырылады.

Бұл тәрбие ұрпақтарды тамаша салт-дәстүр қалыптастырып, ізгілікке, адамгершілікке, қонақшылыққа, береке-бірлікке, достыққа жетелеп, перзенттерді әдепті, ибалы болуға баулиды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: