Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын құттықтады

24.10.2022, 13:30 797

Қадірлі жерлестер!

Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Сыр өңірінің берекелі Байжановтары «Мерейлі отбасы» конкурсында жеңімпаз атанып, Қызылорда облысы жұртын қуанышқа бөледі.

Абыройлы отбасының ақылман ақсақалы, соғыс ардагері Сәрсенбек Байжанұлы 38 жылдан астам уақыт ұрпаққа ұстаздық қызмет жасады. Әрбір оқушыны өз баласындай көріп, білім нәрімен қатар әкелік мейірімін төкті. Шәкірттерін есейіп, тізгін ұстағанша тәрбиеледі, қамқор қанатының астына алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек», деп ерекше атап өткен еді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2014 жылдан бері дәстүрге еніп, отбасы құндылықтарын сақтаудың бағалы бастамасын баян етіп келеді. Әсіресе, әрбір шаңырақтың шаттығы мен ұрпақ ұлағатына ұйыстыру негізгі нысанаға айналды.

Биыл мерейлі шараға облыстан 178 отбасы қатысуға ниет білдірді. Жыл сайын орны озық отбасылардың саны артқаны мені қуантады. Бұл – өмір өнегесі, замана жеңімпаздары.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Тағылымды тәрбиенің талбесігі отбасыдан қаланады. Бір-бірін бауыр деп мейір құшағында өсу, еңбекке жетелеп, жауапкершілікке жаттығу, досқа беріктік пен отанға адалдық отбасының өнегелі дәстүрі. Сол дара дәстүрді дәріптеген Байжановтардың отбасы бағаланды.

Сәулелі сәтте озық отбасы мүшелерін және барша Сыр жұртшылығын Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын. Отбасының оты маздасын, балалардың бақыты артсын, амандық пен құт-береке қолдасын!

Ата өсиеті мен ана қасиеті ардақтала берсін!

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: