Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала болмыстан, баба болмысқа дейін…

09.06.2022, 10:40 669

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген тәмсіл бар. Тал бесіктен деуіміздің мәні әріде жатыр. Дүние дидарын көргеннен бастап, ата-ана­ның берген тәрбиесі мен айтқан өнегелі сөздері  бала болмыстан баба болмысқа дейінгі өміріңді шеше­ді. Себебі, олар не үйретті, біз сол тәлім жетегінде өзімізді тәрбиелейміз. Ел аузында «қоғам өзгерді» деген сөз жиі айтылып жүр. Қоғам адамнан құралатын болса, демек, адам өзгер­ді  емес пе?!

Данагөй дана Абай, ырысы биік Ыбырай, Алашқа арнап туған Ахмет бүтін бір елдің елеулі батыр, ақыл иелеріне айналған. Оларды қазіргі жастармен салыстырып, теңеуге келмес. Дей тұрғанымен, «аспаннан топ ете қалмағаны» рас. Тұлға танымын тереңдетіп, ой ұшқырлығын дамытуда орта маңызды.  Тәрбие жайлы ой қозғауымның себебі – елімізде соңғы кезде болып жатқан жайттарға байланысты. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп бекер айтпаған екен. Аузына қақпақ болмай, зайырлы қоғам болу дегенді алға тартқан сайын, жастар арасында «бетімен кеткендер» көбейеді. Бұл арқылы көпке топырақ шашып, біреуге күйе жағу ойымызда жоқ. Тек жастарымыздың саналы болып, түзу жолға түсіп, білім қуып, тіршілікпен тыныстағанын дұрыс санаймын. Тәрбие десең, талай әпсананың түбін түсіріп, тарқатуға болады. Бірақ, көз көрген «көріксіз» оқиғаларға куә болған соң, тілге тиек етуді  жөн  көрдім.

…Әдеттегідей қоғамдық көлікке міндім. Бос орын таппаған соң жан-жағымды бір сүзіп, төбедегі темірді ұстап тұр­ғанымда автобусқа егде жастағы өзге ұлттың кейуа­насы мінді. Алғашында дауыс көтере сөйлегенде өзіме айтылмаған соң зер салмап едім, байқап тыңдасам «қазақтың балалары үлкенге орын бермейді, оларда құрмет көрсету деген жоқ, тәрбие дұрыс емес» деп өз-өзімен бұлданып тұр екен. Байқағанымдай, орындықта отырғандардың   көбі – оқушы. Іштей намыстандым, қазақ ұлтының балаларына тіл тигізіп тұрғандай болды. Ештеңе демедім, себебі орынды айтып тұр. Көзім бір балаға түсіп, апаға орын беруін сұрадым. Ол да жайлы орынын бергісі келмей, әрең тұрды. Сол сәтте жастарды былай қойғанда таңдайынан ана сүті кетпеген мектеп оқушыларының кеудемсоқтанып отырғанына қайран қалдым. Әлгі әже орынға отырып, сөйлеуін тоқтатты. Бар ойым бүтін бір ұлттың абыройын төккен бала тәрбиесі жайлы болды. «Бәлкім байқамаған болар, бәлкім балалыққа салынып қылық көрсеткен шығар» деп қабылдауды ұйғардым. Сонда да ойымда «тәрбие тебіренісі»  сарнап  тұрды…

…Дүкенге кіріп, қажетімді алып болған соң, құнын төлеуге бара жатқанда екі оқушы қалтасына тәттілерден салып жатыр екен, оларды түсіріп тұрған бейнебақылау да жоқ. Тіпті, мізбақпайды өздері. Мен қарап қалған сәтте «қымсынып қоя салар ма екен?» деп едім, әккі «ұры» болып алған екен, бетіме қарап, бірі  «не?» деп қояды. Не дерімді білмей, «сатып аласыңдар ма?» дегенде, әрі қарай есікке жүгіре жөнелді. Ортада болған он секундтық диалог «жас ұрылармен»  сұқбат секілді әсер қалдырғаны рас. Мұндай оқиғаларды кинодан ғана көрген соң, аң-таң болып тұрып қалдым. Тағы да сол тәрбиесіздіктің  кебі…

…Кешқұрым кез. Қала дүкендерінің бірінде тез дайындалатын тамақ түрлері сатылатын жерге келдім. Менің алдымда кезбелікке салынған қария кассирдің терезесін қақты. Сол сәтте ештеңе айтып үлгермеген ақсақалды жерден алып, жерге салды сатушы. Бүтін бір дүкеннің табыс көзі бір үзім нанда тұрмаған шығар деген ой келді. Қария бозарды да қалды. Қызметкер қыздың «кетіңіз, не керек, әрі барыңыз» деген сөзінен кейін, келесі дүкен есігін қағуға кетті. Оқушы былай тұрсын, оқу бітірген әпкелердің мына әрекетіне не дерімді білмедім. Отбасы – ошақ қасында ата-ана ақылын тыңдап, үлкенді сыйлауды үйренген адам болса, ондай істің бірін жасамас еді. Оның ойында бар болғаны ашыққан асқазанын бір ұстам тамақпен алдаусырату еді ғой…

Оқушының ұстазға жекіп, балағат­тап, бар айқайымен ашуын көрсеткен кадры әлеужеліде әлі де талқылануда. Өз туған туысын зорлыққа ұшыратқан қаныпезер қаскөй әке мен аға әрекетін естіп те жатырмыз.

«Ақ сүтін беріп өсірген анадан дарыған қасиет  қайда қалғаны?! Ата батасын алып, көгерген ұлт болғанымыз  қайда?!  Ұлтым үшін отқа да, суға да түсетін жастар осы ма?! Мағжан аңсаған жастар мұндай тәрбиесіз, тексіз болуы мүмкін емес еді ғой…» деген сөздер өн бойымды өксікке  байлады,  қайтейін?!

 Жаман айтпай, жақсы жоқ. жаманға бет бұрған қоғамның жақсылыққа қадам басып, ағасы өжет, аруы арлы, әкесі қамқор, анасы тәрбие бұлағындай болуы үшін қасиет құрсақтан, тәрбие табалдырықтан берілуі керек. Бала болмыс бүтін, берік болса, баба болмыс болашақты тәрбиелейді.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: