Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алимент төлеу – қарыз емес, парыз

09.02.2023, 11:00 542

Жалғызбасты ана. Безбүйрек әке. Жалтақтаған бала. Қазіргі қоғамда ең өзекті мәселенің бірі, осы ажырасудан құралған үштік статус. Иә, әркімде жай әртүрлі. Ешкімде ешкімнің шаруасы жоқ «шатақ» заманда өзгенің өкпесі мен өксігі кімге керек дерсіз. Жазықсыз бала ше? Шырылдай жүріп шырғалаңға түскен ол бейкүнә еді ғой…

Қазір заң бар. Тіпті айыпты ерлі-зайыптылар арасында заңды ажыраспай жатып алимент тағайындалады. Әкеге не анаға. Әрине, баланың кімге қалатынына орай. Мұндай дүниені естіп, білген көп келіншек күйеуімен бірге тұрса да алимент өндіріп отырар күйге жеткен. Көз көріп жүр. Кәнігі отбасы. Үлкен шаңырақ астында тұрып жатыр. Қызығы сол, жұбайына айлық түссе, бала санына орай зайыбының карта шотына алимент қоса түседі. Үйреншікті дүниеге айналған. Ал ортақ баланы жалғыз асырап отырған ана ше? Әкеден көмек болмаса, заңға бағынбаса, әкелік борышынан жалтарса, ауыр жүкті жалғыз көтеріп жүр емес пе?

2022 жылы ең төменгі алимент мөлшері бір балаға 15 мың теңгені құрады. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңда алимент бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат деген анықтама берілген. Біздің елде көп жағдайда баланы асырау үшін алимент төленеді. Сондай-ақ, ата-анасынан бас тартқан ересектер де алимент төлеуі мүмкін. Алайда қоғамда алимент төлеуден жалтарып жүргендер өте көп. Олар көбіне балаға алимент өндіріп алу үшін бұрынғы жұбайының арыз түсірмейтінін пайдаланады.

Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі, отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Қазақстандағы 2022 жылғы алимент мөлшері мынадай. Ең төменгі сома – бір балаға 15  мың  теңге. Бұл – ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайға байланысты бұл сома әртүрлі болуы мүмкін. Кейде борышкерлер міндетінен қашып, жасырынып жүруі мүмкін. Қазақстанда үш айдан астам алимент төлемей жүргендердің аты-жөнін жинайтын qamqor ақпараттық қызметі барын айта кеткен жөн.

Сот шешімімен тағайындалған алименттерді төлемеу, уақытылы немесе толық төлемеу, нақты кірісті немесе қарыз өндіріп алынуға тиіс мүлікті жасыру заңбұзушылық екенін естен шығармаған абзал. Статистикаға сүйенсек, шамамен 8 мың ата-ана алимент төлемейді. Олардың екіден, үштен балалары бар. Яғни, сан еселеп өседі. Алимент төлегісі келмей одан жалтарып, түрлі қулыққа барып, жұмыс орындарын көрсетпейді. Жалақыларын төмен көрсетіп, тіпті сот орындаушыларынан жалтарып та жүреді. Бір қызығы, өз жұмыс орнындағы есепшімен де келісіп алатындар бар. Мұндай жауапсыз әкелер алимент төлемегені үшін қылмысқа тартылатынын бір кездері біліп ек. Алайда қашқын әке дегендердің қылмысқа тартылып жатқанын байқамаппыз…

Қасиетті Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Осыдан-ақ отбасындағы әкелердің орны мен міндетінің жоғары екені аңғарылады. Алайда арамызда өз қанынан жаратылған ұрпағын тірі жетім етіп, «көкек әке» атанғандар көбейіп отыр. Соның кесірінен бүгінгі қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналардың саны арта түскен. Әке деген асқар тау өз баласын өзектен тепсе, басқасынан не қайыр?

Айнұр  ӘЛИ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: