Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйел бақыты

26.02.2020, 9:54 5645

«Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай!…

Бола берсін көп мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді…» – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, әлемді әлдиімен тербеткен әйел жаны қырық шырақты емес пе? Иә, сымбатты да, кербез аруларымыз қай кезде де елді өзіне ерекше еліктіретіні мәлім. Сондықтан да болар табиғаты тылсым сырға толы қыздар қауымының құпиясы таусылмас сірә. Десек те, сұлулығымен қатар арын да таза ұстап, ерінің алдында адал қызмет етіп жүрген нәзікжандылардың қатары қанша екен?

Кезінде данагөй ана боп, әйелдік міндетін мінсіз атқарған Құнанбайдың жары Ұлжан мен шешесі Зеренің бойындағы асыл қасиеттерді айтуға болады. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінің бірі С.Мұхановтың әйелі Мәриямды айтпай кету мүмкін емес. Күйеуін балаша күтіп, әлпештеп, ас-суын үзбей әзірлеп, қас-қабағын қадағалап отырған. Тіпті, ақыл керек кезінде әйелінен кеңес сұраған екен. Міне, даналық пен махаббат қайда жатыр десеңізші. Осындай алтын ана мен дана келіндерді бұл күнде саусақпен санап алуға болады. Бұған еңсесін көтере алмай жүрген еркек кінәлі ме, әлде ерте есейіп, тәрбиесіз өскен қыз жазықты ма?

«Әйел бақыты деген не?» деген сауалға әр адам түрлі пікір білдіреді. Бірі бала сүйіп отбасын құру десе, бірі күйеуінің қалтасы қалың болып, қалағанына қол жеткізсем осы бақыт деп түсінетіндер де бар. Жоқ. Шын мәнісінде әйелдің бақыты күйеуінің разылығында екен. Жарың разы болса әйел о дүниеде мәңгілік жәннәттық деген құранда. Еріңнің ризашылығына бөленіп, өмір бойы адал болып өтсең міне бақыт. Бірақ бүгінгі қоғамда бойұсынуға лайықты жар бар ма екен? Жасыратыны жоқ, әйелдің сөзін сөйлеп, ата-анасын зар еңіретіп ез боп жүрген ерлерлерімізде баршылық. Отбасын араққа сатып, харам жолға түскендер қаншама? Мұндайларға не сөз өтпейді, не айтып ұғындыра алмайсың. Мұны жүрегінде жігіттік намыс пен ар ожданның жоқтығы деп түсінуге болады. Осындайларға нәзікжандылар қалай бағынсын? Сондықтан олар не әйелінің айдауымен жүреді немесе ажырасып тынатыны хақ.

Ертеде бір жігіт әйел алып, тойы біткеннен кейін ұзақ сапарға аттанып кетіпті. Үйінде жаңа түскен келін елеңзіп қала береді. Бірде әкесі қатты науқастанып, жан-жақтан балаларын жинап жатыр деген суық хабар келеді. Қыз қатты барғысы келсе де, күйеуінің рұқсатынсыз үйден шыға алмайтынын айтып, әкесіне жете алмайды. Әкесі қызының келмегеніне ренжіген күйі бақилық болыпты. Сонда ол өкініп, әкесін сағына жылай берді. Сол күні әкесі қызының түсіне бақытты күйінде еніп оған: «Сенің келмегеніңе мен ренжімедім, керісінше сендей қызды өсіріп, тәрбиелегенім үшін жұмақтамын» деп ризашылығын білдіреді. Бұл мысалдан бақыт деген ұғымның қасиеті неде екенін түсінуге болады.

Айсұлу НАСЫР,

№182 орта мектеп тәлімгері,

Басықара ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: