Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Нәшәндік аэропорт»

18.02.2021, 9:30 389

Жетпіс, сексенінші жылдары қиырдағы Қандөзге Түркістаннан да, Қызылорда қаласынан да күнара ұшақ қатынайтын-ды. Иә, ұшақтар ұшып, қонып жататын әуежайы болатын бұл ауылдың. Оның «Нәшәндігі» – Мылтықбай!

Сары ала сырмақты форма, қоқайған фурашка киіп, қолына әскери планшет ұстап, алшаң басып жүретіндігін сол ауылдың үлкен-кішісінің бәрі ұмыта қойған жоқ. Әуежайдың басындағы кішкене екі бөлмелі үйде отырып, сонау Мәскеуге, Иркутск, Чита секілді қиырдағы қалаларға да билет кесіп отырар еді. «Бұл билетпен жердің түбіне барып келерсің, алмай көрсін, көкелерін көзіне көрсетіп жіберейін!» – дер еді күмәндана қарағандарға ол.

Иә, сол жылдары қандөздіктер арасынан Ан-2-ден түсе, екінші бір ұшаққа мініп діттеген жеріне барып келгендер аз емес еді.

Мылтекеңнің қызығы көп. Қайбір жылы жазда, ауылдың іргесіндегі қауындығына ұшақты қондырып, үйіне қауын-қарбыз тасыған кезі де болды-ау. Адам таситын АН-2 ұшағын арба ретінде пайдалана салу өзгенің түсіне де кірмесе, ал, «нәшәндікке» бұл шаруа әншейін көп ермегінің бірі есепті. Өйткені, ұшқыштар оның айтқанын екі ете қоймайды. Оларды құдасындай күтіп, кетерінде құрдасындай арқасынан қағып шығарып салып жүргені. Мерген Мылтекеңнің қолы қашанда көзір, қырғауылы, қояны, балығы дайын. Әуежайдың бастықтары сәлемдеме айтса, сол күні керектерін облыс орталығына ұшақпен топ еткізеді. Анда-санда ауылына шақырып, тоғай аралатады, аңшылыққа шығарады. Адамның өзгеге сөзі өтуі үшін, әуелі қызметі өтуі керек қой, ал бұл жолдан ол еш жаңылысқан емес. Жақын араласқан кісінің ешқайсысы да оның сөзін жерге тастай алмайды.

 «Нәшәндік аэропорт» күнде түсте Қызылордамен рация арқылы байланысқа шығады. Онысын бүкіл ауыл естіп отырады. Радионың «СВ» деген толқынына қосып, түсте сағат бір мен екі арасында тыңдап отырсаңыз, бір кезде радиоқабылдағыш сырылдап-қырылдап, «сөйлей» бастайды. Бұл рациядағы Мылтекең: «Ярофей, Ярофей, мен Молния! Жауап бер! Ярофей, Ярофей, мен Молниямын. Жауап бер!»

Осылайша бірнеше рет қайталайды. Арғы жақтан дыбыс шыға қоймаса, Мылтекең әдеттегідей боқтауды бастайды: «Мына әкеңнің.., бәрі қырылып қалған ба?» дер еді бір кезде. Әрине, рациясы қосулы. Мына жақта тыңдап отырып, күлкіден ішегің түйіліп қала жаздайды. Әлгіндей үйреншікті балағатпен тоқтай қалса, кәнеки! Талай қызықтың шетін шығарады, «әкең, шешең» деп арғы жақтағы әріптестерінің біраз шаңын қағар еді. Орысшасы да қайбір орысша дейсің, үшінші сорттылары ғой. Бір таңғаларлығы, ол кісінің боқтағанына ренжіп жүрген бір адамды көрмейсің, жапырлай келіп қолын алып жатқаны. Сөз арасындағы әлгіндей тіркесі тегі айналайын деген сөзі секілді-ау!

Ай соңындағы «отчетпен» Қызылордаға бір барғанында «нәшәндік аэропорт» МАИ бастығының көлігін сұрап алып, Тасбөгет жақтағы бір танысының үйіне қонаққа барады. Жанында ауылдан ерте барған екі інісі бар. «Барғанша қонақ ұялады, барған соң қонақ иесі ұялады» деген емес пе, үй иесі дастарқан жасап күтеді. Ет асылады, арақ келеді. Қызып алған кейіпкеріміз шопырға да қинап ішкізеді, ол байғұс арақ көтере алмайтын біреу болса керек, лезде мас болып қалса керек. Содан қайтар жолда рөлге Онбірбай отырып, орталық көшемен зырлап келе жатады ғой, іші толған өңкей мас. Бір кезде ағамыз көліктегі дыбыс зорайтқышты қосып алып, жолда кездескен машинаның бәріне айғайды басады: «Едет нәшәндік айрапорт Мылтықбай, а нука осбободи дорогу!» дейді, соңғы жағын өрескелдеу сөзбен қайырып. Содан олар мінген МАИ-дың машинасын басқа МАИ-лар қуып жүріп, әзер тоқтатады. «Сенен талай бәле шығатынын білуші едім, бірақ мынандай жындылығыңды күтпеп едім» деп өз көлігін түсіп берген жол сақшыларының бастығы басын шайқай берсе керек. 

ҚАЗАҚЫ ПЕЙІЛ

Кешегі кеңестік шаруашылықтағы ең ұзаққа созылатын ауыр жұмыс – мал азығын дайындау. Саусағыңызды бүге беріңіз, мамыр айының ортасы­нан ораққа шыққан шөпшілер жоңышқаның төрт орымын аяқтап, тамыздың ортасында жантақ оруға кіріседі. Оны бітірер-бітірместен күріштің сабанын жинау басталады. Осылайша сабылып жүрген шамада қараша айыңыз да орталанып қалар еді. Жылдың жеті ай бойы ат үстінен түспей, апталық жоспар, айлық міндеттемені асыра орындауға тура келеді. Кеңшар мамандарынан ең алғы шепте, әрине, бригадир жүреді. Таң саз бере атқа мінетін ол сушылардың әр атызын көзімен көріп, су асқан жері болса, аттан түсе сала бекітіп, егіске түскен малды қарауылдармен бірге қуысып, күн көтеріле шөп жинайтын тасқора басына келгенде, бұл жерге шөпшілер де жиналып қалады. Айтпақшы, орақшылардың жайына да қанығып, тырмашы­лардың әрекетін көзінен өткізіп үлгеруі керек. Зырыл қаққан бес-алты орақтың соңында кемінде екі-үш тырма жүреді. Оған соншалықты шөп тайлаушы агрегат ілесуі керек. Солардың өзі үлгере алмай,  дестеге салынған жоңышқаның жартысына таяуы қолмен шөмеленеді. Мұнда отыз-қырық тасымал көлігі, олардың әрқайсысында айыр көте­ріп, төрт-бес адамның жүргені. Олардың арасында қыз-келіншек те, мектеп оқушысы да, жасамыс адамдар да болар еді. Яғни, мал азығының берік қорын жасау науқанына ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай атсалысады деген сөз. Бұл жердегі қара-құра болмағанда екі жүз кісіден кем болмас. Сондықтан да осы шаруаларға басшылық жасайтын бригадирдің көптің бәрінің ыңғайына көне беруге мұршасы да бола қоймасы түсінікті.

Бірде кеңсе жақтан күрең атпен желдіртіп келе жатқан бригадир Көлегеннің көзіне шөп артуға қолай­лы етіп, кузовын жайған «Зил» автокөлігі маңында топырлап отырған көп адам шалына қалды. Әншейінде құлағы салпиып, қара көрсе тұра қалатын шобыр ат иесінің тақымын қысып, ашулы даусы шыққанда сылбыр жүрісті жортқанға ауыстырады. Мұнысы шапқаннан бетер, лезде көздеген жеріне жетіп баратыны бар. Бұ жолы да сөйтті, Қобыландының Тайбурылындай тұяғымен ошақтай жерді оймаса да, жалпақ табаны орта кеседей орынды опыра шапты-ау. Әлгі үйме-жүйме отырғандар жан-жаққа тұра қашып, бригадирдің кәріне ұшырамауға тырысты. Ат үстінде-ақ, әке-шешеден бірдей жіберіп, сыбап келе жатқан Көлекеңнің қолына отырған орнынан енді көтеріле берген Әбдіхан ағасы ғана түсіп, әуелгі қарқынды ірікпестен оны құлақ шекеден қойды да кетті. «Пәрәзиттер…» дейді ме-ау, естуге адамның құлағы ұялатын талай сөзді лезде боратып тастады. «Деректірден мен сөз естимін, ал сендер болсаңдар қымыранға тойып алып, шелпек жеп отырсыңдар. Планды кім орындайды, ойбай!». Осы кезде шекесіне жазатайым таяқ  тиіп  кеткен Әбекең соғысқа қатыс­қаны  есіне  түскендей: 

– Шырағым, Көлеген, мен көзіңе неміс болып көріндім бе? – демей ме, көлдей орамалмен бетін сүртіп тұрып. Бұл сөзге ашу үстіндегі бригадир көкеміз тоқтаушы ма еді, айғайды одан сайын үдетсін кеп: «Оңбағандар, немістен де жамансың­дар, көзім тайса, отыра қаласыңдар, ал орылған мына шөптің қурап далада жатысы мынау!».

Сол түні Көлекең дөңбекшіп, ұйықтай алмай шығады. Ой жеп барады. «Ойбай-ай, мен қарабет өзімнен үлкен ағама тілім тигенмен қоймай, қолымды да жұмсаппын-ау. Масқара!». Күн шықпай атқа қонып, Қашқанкөлдегі туыс ағасының үйі­не қарай тартсын. Әбекең де ертесімен мал шығарып жүр екен. Екеуі бір-бірін анадайдан аңғарды. Атынан түсе берген бригадирдің: «Кешір, көке!», – деп даусы іріп, көзі суланып қоя бермесі бар ма. Ағасы да зорға шыдап жүр екен, алдына тізерлей құлаған інісін қолтығынан демей, ботадай боздап жылап жіберсін. «Айналайын, Көлегенім, босамашы, өзімнен де бар, сақалым сапсиып, балалармен бірге сусын ішіп отырып қалыппын, төмендеме, қайта сен мені кешір! Өкіметтің жұмысын болдырамын деп сен шапқылап жүргенде, бір жағыңа жалау болудың орнына омалып отырып алдым емес пе!».

Екі ағайын осылай татуласты. Қандай қазақы пейіл, өзіне болмаса басқаға кінә артқысы жоқ, асыл ағаларым-ай! Әй қазір мұндай кісілерді емге таба алар ма екенбіз, қайдам. Базарлы өмірің барымыздан айырылтып барады ғой, жүдә?!

Нұрмахан  ЕЛТАЙ.

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: