Ұят – қазақ халқының ұлттық болмысының өзегі, рухани тірегі. Ата-бабамыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесінен туындаған бұл ұғым ұлттық тәрбие жүйесінің діңгегі болған. Қазақтың «ұят болады» деген бір ауыз сөзі бала тәрбиесінде ненің ақ, ненің қара екенін көрсетіп, адастырмас бағдар болған еді. Бірақ бүгінгі күнде ұяттың мәні әлсіреп, қоғамда оның орнын басқа, жат құндылықтар алмастырып жатқандай. Бұл өзгерістің себебі неде? Неге ұят жоғалса, мырзалық, ер жігіттің қадірі де қоса кетеді? Осы сұрақтар төңірегінде ойлану – әрбір саналы қазақтың борышы.
Қазақ ұғымында ұят – тек жеке бас мәдениеті емес, қоғамның тазалығының өлшемі. Ұятсыз адам – арсыз адам, ал арсыз адам – қоғамға пайдасы жоқ жаратылыс. Халқымыз «Ұят – сақтаушың, ар – тірегің» деп бекер айтпаған. Әкенің қатал сөзі, ананың мейірімі, атаның ақылы, әженің тәрбиесі – бәрі де баланың бойындағы ұятты қалыптастыруға бағытталды. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, әйелге құрмет көрсету, артық сөйлемеу, қоғамда өзін дұрыс ұстау – мұның бәрі ұятты сақтаудың көріністері еді.
Бірақ қазір ұят ұғымы жұтаң тартып бара жатыр. Жас ұрпақ ата-әженің өнегесін емес, ғаламтордың қаңсығын бойына сіңіруде. Көше мәдениеті мен әлеуметтік желілерден үйренген сөздер мен әрекеттер біздің ұят туралы дәстүрлі түсінігімізді теріске шығаруда. Ұяттың орнын еркіндік, өзімшілдік басып, ұлттың ар-намысы арзандап бара жатыр. Бұл – болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей қауіп төндіретін жағдай.
ТӘРБИЕ ӘЛСІРЕСЕ, ҰЛТ ӘЛСІРЕЙДІ
Қазақ халқы тәрбиеге ерекше мән берген. Әкенің қаталдығы, ананың мейірімі, атаның батасы, әженің шежіресі – осы төрт негізде қалыптасқан тәрбие арқылы қазақ ұлы мен қызын қайсарлыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа баулыды. Қазақ ұлды «батыр бол» деп, қызды «инабатты бол» деп өсірді. Бірақ қазіргі заманда бұл жүйе әлсіреп, тәрбие деген ұғым тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етумен ғана шектеліп қалғандай.
Бүгінде ата-ана баласын техниканың құшағына тастап, тәрбиесін интернетке тапсырып қойған. Гаджеттерге телміріп өскен бала ата-ананың көзіне қарамайды, оларға сенім артпайды. Одан қала берсе, мектептің жүйесіз білім беруі де мәселені күрделендіріп отыр. Ұятты бойына сіңіріп, ер жігітке тән мінезді қалыптастыруға уақыт та, орта да жетіспейді. Салдарынан бүгінгі жастар өз мәдениеті мен ұлттық болмысынан алшақтап, басқа құндылықтарды қабылдап жатыр.
Ер жігіттің тәрбиесі – отбасынан бастау алатын дүние. Әкенің айтқан сөзі, ананың мейірімі, атаның ақылы – баланың мінезін қалыптастыратын негізгі құралдар. Ұл баланың тәрбиесін тек мектеп пен қоғамға жүктеу дұрыс емес. Тәрбие отбасында басталып, ата-баба салтымен жалғасуы керек. Әйтпесе, ұлттық кодымыздың жойылу қаупі бар.
Қазіргі таңда қоғамда жыныс ауыстыру, «көгілдірлер» секілді жат құбылыстар жиі талқылануда. Бұл – тек қана батыстың ықпалы емес, өзіміздің ұлттық тәрбиеміз бен ұят ұғымының әлсіреуінен туындаған мәселе. Олай емес дей аласыз ба?.. Ұлттың рухани құндылықтары сақталмаған жерде бөтен құндылықтар бас көтереді. Бүгінгі күні «көгілдірлер», жыныс ауыстыруды еркіндік деп түсінетін жастар бар. Бірақ бұл – еркіндік емес, рухани құлдырау.
Бір кезде ұяттың орнын ұлтсыздық басса, соңы не болмақ? Ертеңнен не күтеміз? Бұл сұрақтарға әрбір ата-ана, әрбір зиялы қауым өкілі жауап іздеуі керек. Қазақ қоғамы үшін бұл тек мәдени немесе психологиялық мәселе ғана емес, бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар тәрбиесіне қатысты айтқан сөзіне тоқталған жөн. «Қоғамдағы моральдық құндылықтарды қайта жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесін ұлттық негізде жүргізу – мемлекеттің болашағын сақтаудың негізгі шарты» деп атап көрсеткен еді. Президенттің бұл сөзі әрбір азаматқа ой салуы тиіс. Біз ұлттық кодты жоғалтсақ, тәуелсіздік рухын да жоғалтамыз.
Белгілі жазушы әрі қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділов те өз мақалаларында ұят пен тәрбие мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, «Батыстың демократиясы біздің ұлттық болмысымызға жат болуы мүмкін. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды сақтау – әр қазақтың міндеті» деген болатын.
Мемлекет деңгейінде ұлттық тәрбиені нығайтуға бағытталған бағдарламалар қабылданып жатқанымен, бұл мәселе тек үкіметтің ғана міндеті емес. Әр отбасы, әр ата-ана өз баласының тәрбиесіне жеке жауапты екенін түсінуі керек.
Ер жігіттің бойында қайсарлық, батырлық, адалдық, мырзалық секілді қасиеттер болмаса, ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ер-азамат – елдің қорғаны. Ер-азаматтың әлсіздігі қоғамның әлсіздігіне әкеледі. Сондықтан әрбір ата-ана ұл-қызына тәрбие берудің ұлттық моделін қайта қолға алуы қажет.
Ұлдың тәрбиесі әкеден басталады. Әке өз баласына қалай қарым-қатынас жасаса, ұлы ертең өз отбасына, өз қоғамына солай қарайды. Егер ұл баланы батыр болуға, адал болуға баулыса, болашақта мықты ұрпақ қалыптасады. Ал ұят пен ардан ажырасқан ұл өзіне де, қоғамға да пайда әкелмейді.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
P.S: Ұят – ұлттың намысы, мырзалық – ер жігіттің айнасы. Бұл екеуін сақтамасақ, қазақ қоғамы өз болмысынан айырылады. Тәрбиеге мән бермей, баланың рухани әлемін техниканың қолына берсек, болашағымызды құрдымға жібереміз. Ұятты сақтайық, мырзалықты ұмытпайық. Ұл тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін естен шығармайық.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!