HALYQLINE.KZ Майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабы бар. Батыр атамыз осы туындысында байырғы қазақ өмірінің этнотұрмысын және сол кездегі қоғамдық қатынастарды шынайы суреттей білген. Мысалы, қаламгердің нағашысы Текебай би мен Байзақ датқаның баласы Қабылбек екеуі болыстық сайлауға қатар түсетін болады. Бәсеке болған соң екі тарап бір-бірінен мін іздеуі заңды құбылыс.
Осы орайда, Қабылбектің жақтаушылары Текебай биді «барымтаға бейім, пара алады» деп оязға арыз жазған екен. Бұндай жалаға жаны күйінген Текебайдың үлкен ұлы Серкебай сайдың тасындай оншақты жігітті бастап атқа қонады. Айдындатып Қабылбектің ауылына келеді. Әкесінің қарсыласы Қабыкеңе тіке кіріп барып, оны армансыз балағаттайды. Қабылбек болса былқ етпейді. Тіпті қабағын да шытпапты.
Серкебайдың сөзі шамына тиген елдің азаматтары «Уа, Қабылбек ордамызға ат ойнататын бұлар кім еді, ұлықсат ет тілерсектерін тіліп, аяғын аспанға қаратып асып қоялық» деп, кіжінеді. Тіпті кейбір дес бермей елеуіреп бара жатқан жігіттерге Қабылбек «тоқтаңдар» деп ақырып:
– Ертең көресіңдер опық жейтін Серкебайдың өзі болады, – дейді.
Мейманасы асқан Серкебай шапқан күйі әкесінің алдына барып:
– Қабылбектің екі аяғын бір етікке тықтым, тіпті ол жұмған ауызын аша алмады, – дейді еліріп. Текебай болса жастықтан басын көтеріп мән-жайға қаныққан соң баласына «барып тұрған ақымақ екенсің, өзіңнен 20 жас үлкен адамға қалай дәтің барып тіл безедің» деп налиды.
Содан Текебай би ат-шапан айыбын дайындап, елдің игі-жақсыларын бастап, топтың алдына кінәлі Серкебайды салып алып жолға шығады. Қабылбектің ауылы топтанып жатқан қарашобырды көріп «Текебай соғысқалы келе жатқан шығар» деп оларда қам жасайды.
Ауылға ат шаптырым қалғанда Текебай баласы Серкебайды алдына салған бойы топтан озып шығып: «Ей, Қабылбек, менің мына күшігім саған шәуілдеген екен, айбын көтеріп алдыңа келдім, сірә кешірерсің» дейді.
Жоғарыдағы сөзді естіген Қабылбек бидің де қабырғасы сөгіліп, аттан секіріп түсіп:
– Уа, текті арысым Текебай! Сен ауылыма келгенде аттың үстінде тұрып сөзіңді тыңдаппын-ау кешір мені. Сен аға емессің бе, менің айбым Серкебайдан асып кетті білем. Қайта ат-шапан айыбың менен Текебай аға кешіргейсіз – деп, иліпті. Онымен қоймай ту сыртында қаумалап тұрған қауымға «Уа, ағайын сайлауға түспеймін, қойдым. Мені сыйласаңдар дауыстарыңды Текеңе беріңдер!» деп айғай салыпты.
Қайран аталарымыз-ай, елдің берекесі үшін билік-мансапты қиып тастап, татулықтың туын жықпаған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!