Шымкент қаласында тұратын құрдасым Бекболат Жұмағалиев қоңырау шалып, ортақ досымыз Дуланбектің қырық күндік асы жақындап қалғанын ескертті. Ауыл арасында Бекет есімімен танымал ер мінезді әрі анау-мынау адам жүзіне батып келе алмайтын Бәкеңнің дауысы бұл жолы булығып шықты. Санамда «тай-құлындай тебісіп, бірге өскен Дулан досыңды аңсып жүрсің-ау» деген ой жалт ете түсті. Қас-қағымда Қазалы ауданының құрметті азаматы Дуланбек Қалибеков досымның қапияда өмірден озғанына да біршама күн болыпты. Осы аралықта Дәкең туралы естеліктер оны танитындардың көңілінде жинақталып жатқаны анық.
…Мен Дуланмен қызық жағдайда таныстым. Ауылда қоймашы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Жастықтың желігінен арыла қоймаған шақ. Бір күні кеңшар директоры Шынтас Жалғасбаев ағамыз кабинетіне шақырды. Соның алдында басшылардың талқысына түсіп, есеңгіреп шыққанмын. Неге дейсіз ғой? Баяғы тентектіктің салдары. Сол тұста біздің ауылда көше төбелесі етек алып тұрған еді. Бір-біріне туыс-ағайын болып келетін қазақы ауылдың жастары көше-көшеге бөлініп жанжалдасатын. Әрі мұндай жағдай әр түн сайын қайталанып тұрады. Сондай көше төбелесінің бірінде «тым белсенділігіммен» көзге іліктім. Ертеңіне Шынтас ағам бастаған ауыл активтерінің талқысына түстім. О-о-о, мұндайды ешкімнің басына бермесін. Шынтас аға отты жанарын тіке қадағанда моншаға түскендей порша-поршаң шығады. Менің басшылардың талқысына алғаш рет түсуім емес еді. Оған дейін де ауылдық кеңес төрағасынан әлденеше мәрте ескерту алған болатынмын. Сонымен… директордың кабинетіне жүрексініп кірдім. Шәкеңнің өңі бұл жолы тым айбатты көрінді. «Сібірден құрылыс материалдарын дайындап, әкелуге ауданнан арнайы топ жүреді. Соның құрамына сені қостық. Бойға сыймай жүрген күшіңді пайдалы іске жұмса. Бар, дайындал» деп сөзді қысқа қайырды. Үн-түнсіз басымды изеп, кабинеттен шығуға асықтым. Келесі күні жолға шыққанмын. Билетімде көрсетілген вагонға келіп орналаспақшы болдым. Купеде ірі денелі, ұзын бойлы, жасы өзім қатарлы екі жігіт отыр екен. Сол тұста бойым 180 саниметрге жуық, салмағым 100 келіні құрайтын менің де аса кішкентай емес екенімді байқап отырған шығарсыз. Таныстық. Екі дәудің бірі – Дулан, екіншісі – Нұрбек есімді (бұл күнде екеуі де өмірде жоқ) азаматтар екен. Сапарымыз бір болып шықты. Алып тұлғалы ақсары жігіт «Сен де бізбен жүремісің?» деп гүр ете түсті. Жауап бергенім жоқ. Дәу сұрағын қайталады. Жөнімді айттым. Кенет… «Жайың белгілі болды. Сібірге жөні түзу адамды жіберуші ме еді. Сен де өзіміз екенсің ғой» деп вагонды басына көтере қарқылдай күлді. Бетім ду ете түсті. Сәл болмағанда жағасынан ала кетуге әзер қалдым. Көп ұзамай тіл табысып кеттік. Дулан ақ көңіл, ер мінезді екенін тайгада талай танытты. Сол таныстығымыз ұзақ жылдарға созылды.
Ауылында әкім қызметін атқарған тұста аудан әкімімен бірге Дуланның халыққа есеп беру жиынына тілші ретінде қатыстым. Жиыннан соң, Дулан бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Бардық. Кенет… Дуланбек аудан әкіміне қарап: «Сіз бастаған ауданнан келген азаматтардың сыбағасы деп бір қой, Жұмабектің сыбағасы деп бір қой сойдырғанмын. Досыма көрші бөлмеде арнайы дастарқан жаюлы тұр» – дегені. Мұндайды ешкім де күтпеген еді. Өзіңіз ойлап көріңізші. Бас-аяғы онға жетпейтін адамға екі қой сойдырған Дуланбектің мәрттігіне сол жерде тұрғандар тегіс риза болды. Мен де масаттанып қалдым.
Біршама уақыт бұрын Дулан науқастанып, аудандық аурухананың терапия бөліміне түсті. Құрдастар болып көңілін сұрап бардық. Дәкеңнің көңілі көтеріңкі, ем-дом қабылдап жатыр. Бізге қарап: «Ауруханаға жатар алдында молда шақырып, иманымды үйіртіп қойдым. Алда-жалда жазатайым оқиға болса кім біледі?» – дегені. Ойымызда ешнәрсе жоқ біз күліп, әзілдесіп мәз болдық. Арада оншақты жыл өткенде Дуланның сол сөзі шынға айналатынын кім білген?!
Иманың жолдасың болсын, Дулан досым! Жұбайың Бақыткүлге, бауыр етің перзенттеріңе Алла сабыр берсін.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!