Қазіргі қоғам дертіне айналған ауыр тақырыптардың бірін тарқатпақпыз. Дүниежүзінде дәрежесі қылмыспен пара-пар болған бұл ауру жайлы бүгінде біразы білері анық. Тәуелділіктен тағдырын тығырыққа тіреген жандар жайлы естіп те, тіпті кейбіріне куә болып та үлгердік. Бүгінгі айтпағымыз осы құмар ойын мен оның құрбандары хақында.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының қатарына жатқызып, «Лудомания» деген арнайы медициналық термин енгізді. Терминге толығырақ тоқталсақ, «Лудо» – ойын, «мания» – ессіздік. Яғни, ойынға ессіздік деген мағынаны білдіреді. Деректерге сүйенсек, лудомания жетегінде жүргендердің басым көпшілігі – ер-азаматтар. Оңай ақша, яки қарыздан құтылу сынды түрлі сынақтың сергелдеңінде сенделіп жүргендер – біреуге аға, біреуге әке, енді бірінің үкілеп отырған үміті, ал біріне арқа сүйер азаматы. Ендеше, елімізде ерме ерлердің саны еселенбесе, азайғанын байқамадық.
Қазақстанда құмар ойындар 2007 жылдан бастап арнайы заңмен реттеліп келеді. «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес, казинолар мен ойын автоматтары залдары тек Қапшағай және Щучинск сияқты арнайы аймақтарда ғана қызмет көрсете алады. Дегенмен, заңнаманың қатаң талаптарына қарамастан, құмар ойындармен айналысатын орындар мен онлайн платформалар саны азаймай отыр. Мысалы, букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолар заңды немесе заңсыз түрде жұмыс істеп, халықтың барлық тобына қолжетімді саналады. 2022 жылы Қазақстандағы құмар ойын нарығының айналымы 553 миллиард теңгеден асқаны белгілі болды. Өңірлер бойынша айтар болсақ, айналымның басым бөлігі, яғни 516,2 млрд теңге – Алматы облысының үлесінде. Ақмола облысында да көрсеткіш айтарлықтай – 37,5 млрд теңге, ал елеусіз көрсеткіштер Қызылорда (5,8 млн теңге), Қарағанды (2,3 млн теңге), Ұлытау (644,7 мың теңге), Жамбыл (49,5 мың теңге) және Батыс Қазақстан (20,2 мың теңге) облыстарында тіркелген. Бұл көрсеткіш халықтың құмар ойындарға қызығушылығының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы тақырып турасындағы мәселеге тоқталған болатын.
– Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкініштісі сол, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады, – деді мемлекет басшысы.
Жалпы, құмар ойындарынан келетін қауіп үлкен екені талай айтылып жүр. Заман құбылған сайын зияны ұлғайып барады. Бұған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, тілдесу, тұлға ретінде даму тұрғысынан тоқырауға ұшырап, адами қасиеттерін жоя бастайды. Бұл тараптарды айтпағанда, басқасы баршаға мәлім. Отбасы ойрандалып, ана баладан, бала әкеден, жұбайлар жолдасынан айырылуда. Бұл – құмар ойынға құштарлықтың соңғы сатысы. Әлеуметтік жағдаймен қоса, экономикалық ахуалға да әсерін тигізетін бұл ойын азарты адамды қылмыс пен өтірікке мәжбүрлейді-мыс. Яғни, өздерінің тәуелділіктерін жасыру үшін өтірік айтуға, жақындарынан ақша сұрауға немесе тіпті оларды алдауға дейін барады. Сонымен қатар, жұмысқа деген жауапкершілікті жоғалтып, түбінде жұмыссыздық деңгейінің өсуіне алып келеді. Құмар ойынға тәуелділер жеңілісін жабу үшін қарыз алады. Қазақстандағы банктер мен микрокредиттік ұйымдар бұл жағдайды пайдаланып, жоғары пайызбен несие береді. Бұл дегеніміз – қарызгердің сондай-ақ, жеңіл ақша жетегіндегі жандардың отбасына айтарлықтай ауыр жүк, ендігі уайым, одан қалды отбасыға қара таңба. Экономикалық ахуалға тигізер тағы бір теріс тұсы: лудомандардың қаржысы көбіне көлеңкелі нарыққа кетеді, бұл мемлекеттің салықтық кірісіне кері әсер етеді. Тәуелділік соңы тоқтауы жоқ тоқырауға тіресе, бұл да – психологияға келтірер зиянның белгісі. Еріккеннің ермегі емес, шарасыздың шырмауы десек те артық емес. Жалпы, жеңіл ақшаға жетемін деген жігіттер қауымы психологиясы әлсіз таптан болады екен. Тапқан табысы мардымсыз, жасаған жұмысы нәтижесіз болған жағдайда осы аталмыш аурудың адамы атанады екен. Яғни, лудоман атанып шығады. Бұл турасында мамандардың пікірінше, құмар ойындарға тәуелділіктің дамуына әсер ететін факторлар психикалық бұзылыстың дамуына әкеп соғатын жеке тұлғаның психотип ерекшеліктеріне де байланысты болады. Соның ішінде:
* өзін-өзі бағалай алмау, жұмысқа, жетістіктеріне қанағаттанбау;
* материалдық жағдайға шамадан тыс назар аудару;
* жалғыздық сезімі, достары, туыстары тарапынан түсінбеушілік;
* отбасындағы шиеленіс;
* күнделікті өмірден ләззат ала алмау;
* балалық шақта ойындарға шамадан тыс қызығу.
Тақырыпқа тұздық болсын, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Камшат Игембаевамен пікірлескен едік.
– Жалпы, психологиялық тұрғыда тәуелділіктің бірнеше түрі бар. Нашақорлық заттарға, химиялық заттарға, ішімдікке, компьютерлік ойындарға, тіпті тамаққа деген тәуелділік те бар, оны «булимия» деп атаймыз. Ал, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі ретінде қаралып жатқан тәуелдіктің тағы бір түрі – лудомания. Кез келген осы аталған тәуелділіктердің белгілі бір себебі – шынайы өмірден қашу. Бұндай тәуелдіктегі адамдар объективті шындықтан қашуға тырысады. Ендігі кезекте қарастыратын тағы бір мәселе – психолог мамандардың тәжірибесінде көптеп кезедесетін лудомания бойынша тіркеуде әйелдерге қарағанда жігіттер қауымының тізімі басым болуы. Жалпы, жігіттердің жеңіл ақшаға жүгіруінің, сондай-ақ лудоманиямен ауруының бірнеше себебі бар. Оларды факторлар деп қарастырсақ, бірінші кезекте физиологиялық фактор: тұқымқуалаушылық болуы мүмкін, ал әлеуметтік факторға адамның қоршаған ортасының ықпалына байланысты туындауын жатқызамыз. Оның ішінде отбасы тәрбиесі, жақындарының қарым-қатынасы да үлкен әсер етуші фактор ретінде қаралады. Сонымен қатар, психологиялық нағыз себептердің бірі – дофамин гормондарының түзілуі. Бұл адам ағзасында күнделікті өмірде қанағаттану сезімін алған кезде түзіледі. Осы гормон лудомандарда адреналин күйіне енуге ықпал етеді.
Лудоманияға бейім адамдардың психологиялық ерекшеліктеріне бірнеше ерекшелікті жатқызуға болады. Ондай адамдар жалпы, стратегиялық мақсат қоя алмайды. Стратегиялық мақсат дегеніміз – ауқымды, алдыға қойылатын бір емес, бірнеше жылға арналаған жоспар, мақсат. Ал, лудомандар қысқамерзімді мақсаттарға ғана жүгіне алады. Мысалы, ұтыс ойындарына байланысты, белгілі бір ақша көлеміне байланысты немесе бір күндік мақсаттар қоюымен шектелуі мүмкін. Ал, адамдармен қарым-қатынаста манипуляцияны өте жақсы қолданады.
Лудоманиямен күресу барысында кездесетін қиындықтардың бірі – лудомандардың басым көпшілігі, тіпті 90%-ы психологиялық көмекке сүйенбейді. Олар өздерінің бойындағы болып жатқан тәуелділікті қалыпты жағдай деп есептейді. Көп жағдайда бізге оларды жұбайлары, ата-анасы жетектеп әкеледі. Жоғарыда атап өткенімдей, лудоманияға шалдыққан адамдардың психологиясы көбіне мәселеден қашуға бағытталады. Олар осы тұста дофамин гормонының түзілуіне қарай жұмыс істейді, яғни уақытша гормон түзілістері арқылы адреналин күйін сезінуге тәуелді болады. Олар қандай да бір ұтысқа ие болған күннің өзінде осы тәуелділік бойында сақталып қалады. Осы тұрғыда психолог маман ретінде тек адамның өзімен ғана емес, оның жақындарымен де жұмыс істеуді жөн санаймын. Неге десеңіз, тәуелді адамның өзімен ғана жұмыс істесек, ол өзінің ортасына қайта барады, яғни жақындарына. Осы тұста жақындарының оған деген қатынасы өзгермеген жағдайда ол бұрынғы әрекеттеріне қайта барады. Сондықтан да әр лудоманның жағдайын біз индивидуалды қарастырамыз. Ал, қандай жағдайда психологтың кеңесі мен ем-шарасы нәтижелі болады? Егерде лудоманның бойында осы мәселемен күресемін деген қажеттілігі болса. Яғни, бойында болып жатқан құбылысты белгілі бір ауру не мәселе ретінде қараса, арнайы маман көмегіне өздігінен жүгінсе, ем-шара уақыты да ұзаққа созылмайды, сондай-ақ оң нәтиже береді, – дейді Камшат Советқызы.
Құмар ойындарға тәуелділік белгілері жасөспірімдік шақта 13 жастан басталып, 35 жасқа дейін қалыптасады екен. «Компьютер ойындарына тәуелділік көбіне жасөспірімнің өз өміріне қанағаттанбауынан туындайды» дейді мамандар. Бұл тәуелділіктің бастапқы қалыптасу кезеңі деп аталады екен. Сонымен қатар, осындай типтегі адамдар өз жағдайын қабылдай алмайды, материалдық мәселелерді шешетін айтарлықтай соманы ұтып алу мүмкіндігін көздейді, сөйтіп, шығынды елемейді, кейде тіпті алынған сомаларға назар аудармайды. Осы аталған ойынға тәуелді типтерді оңалту шамамен 6 айдан 9 айға дейін созылады екен. Арнайы стационарлық орталықта ем-шара көрсетілу арқылы оңалтатын көрінеді. Осы тұста есімін жасыруды өтінген кейіпкеріміз емделуіне 10 айға жуық уақыты кеткенін айтты. Бір отбасының отағасы, 5 баланың әкесі лудоманияға шалдыққанын 10 жылдан кейін ғана байқапты. Айтуынша, жасөспірім кезінен компьютерлік ойындарға, одан қалды бәс тігу арқылы оңай олжаға кенелемін деп, қалайша арбауына түсіп қалғанын көзі көрместей сезбепті.
– Қаржылық кризистерді жабамын деп жүргенде айықпас дертке душар болдым. Алдымен анамнан қарыз сұрап бастадым, әрине бетімді қайтарған жоқ, сұраған соманы тауып беруге тырысты. Алайда, әйелім қарсы болатынын бастапқыдан-ақ білетінмін, қарызды жабамын, бүгін болмаса, ертең деп жүріп, отбасымнан алыстадым, сенімдерінен айырылдым, әйелім балаларымды алып бөлек кетті, көше кезіп далада қалған күндерім де болды. Микроқаржылық орталықтардан үстемесі көп болса да қарыз алдым, қайтарымы болмады. Несиелік деңгейім төмендеп, шоттарым бұғатталды. Айта берсем өте көп. Көзді ашып-жұмғанша 10 жылға жуық уақыт осы аурумен ауырғанымды мойындай алмай келдім. Туыстарым менен теріс айналды. Әке-шешем қабылдамады. Қарсылықтарын елемедім, ол кісілерді де біршама қиындыққа душар еттім. Баспанамды бәске тіккен күндерім де болды. Казино, ойын орталықтарының есігін күзететінмін. Өмірден кету жайлы да көп ойлар мазалайтын, оңай болмады. Бүгінде анамның айтуымен психологиялық клиникалардың бірінде арнайы ем алып, мамандармен кеңесіп, ауруыммен арпалысып келе жатқаныма 9 айдан асып барады. Жас буынға айтарым, алаңдамай өздеріңе керекті дүниемен айналысыңдар, уақыттан ұтылмаңдар. Еш жерде оңай олжа, жеңіл ақша жоқ. Жақындарыңның ақылына құлақ асып, отбастарыңа көңіл бөліңдер. Бар кезінде бағалаңдар. Біз секілді кейін бармақ тістеп қалмаңдар, – дейді ол.
2024 жылдың 9 қыркүйегінде ойын бизнесі және лоторея қызметі мәселелері бойынша түзетулер күшіне енгені жайлы ақпарат алған болатынмыз. Атап айтар болсақ, заңға халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілген. Сондай-ақ, құмар ойынға және бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейтілген. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындар мен бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару көзделген. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 2024 жылдың 7 қазанына дейін 164 мың 523 адам өзін құмар ойындарынан шектеген. Яғни, eGov mobile арқылы – 161 мың 707 адам, ал жазбаша 2816 адам өздеріне құмар ойын ойнауына шектеу қойған. Бұл көрсеткіш көлемі көбейсе, психологтар атап кеткен лудомания терминінің түпкі мағынасы «есі ауысқанша ойын ойнау» болса, ендігі елімізде есі бар ер-азаматтар саны артпағы анық.
ТҮЙІН. «Тәуекел түбі – желқайық» демекші, тәуекелді орнымен қолданбай, тәуелділікке, ендігі тоқтауы жоқ тоқырауға ұшырату әркімнің-ақ өз қолы мен санасының саралығында. Елімізде ер-азаматтарымыз есі кеткенше ойын ойнап, жеңіл ақшаның жетегінде жүрсе, қаракөз қарындастар мен үкілі үмітіне үміт артқан аналар қайтпек? Ел экономикасын былай қойғанда, отан отбасыдан басталады деген ұранды алға тартып, отбасыны ойлап, отбасыма қайтсем жақсылық жасасам екен деген ойдың жетегінде жүрсе, қандай керемет!
Перизат ЗАХРАДИН
Коллаж: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!