Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Момышұлының тұлғасы – ер-азаматтарды тәрбиелеудің маңызы

02.11.2020, 16:20 935

HALYQLINE.KZ Қазақ халқының ұлы перзенті, дара тұлғасы Бауыржан Момышұлымен жақынырақ танысқан сайын қаншалықты әділ және шыншыл бола алатындығына еріксіз таңданасың. Оның тұлғасы, бойындағы асыл қасиеттері кез келген адамның жүрегіне бір сәтте жылулық та, құрмет те сездіреді. Рухани байлықты, ұлттық болмыс пен құндылықтарды ерте кезден бойына сіңірген дара тұлға сұрапыл соғыста асқан жауынгерлік өнермен көзге түсіп, әлі күнге дейін атына деген құрметті өшірген емес.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында дарынды қолбасшы, тактик және стратег ретінде танымал болды. Көптеген тарихшылардың пікірінше, оның туған жерлерінің климаты Бауыржанның батыл әрі қатал мінезіне әсер еткен. Ол қатаңдығымен, талапшылдығымен ерекшеленді. Кейіннен бұл қасиеттер оны нағыз мықты командирге айналуына ықпал етті. Ұстаздық, аудандық комитет пен милицияда бірнеше жыл қызмет атқарғаннан кейін ол өз тағдырын жауынгерлікпен, әскермен байланыстырды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан Момышұлы даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Жауынгерлік жолындағы Мәскеу үшін шайқас Бауыржан Момышұлы өміріндегі ерекше кезең болып табылады. Осы кезеңдегі Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның қаһармандық ұрыс жолы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» көркем-тарихи кітабында баяндалған. Александр Бек бұл кітапты батырдың әңгімелері мен естеліктері негізінде жазған. Кітапта суреттелген Бауыржан Момышұлының мінез-құлқы мен сипаты қазіргі күнде де жастарды ұлтжандылық пен батылдыққа тәрбиелеуде негіз бола алады.

Бауыржан Момышұлының ерекше қасиеттерінің бірі – тілдің құдіретін, оның адам жанына, психикасына әсер ететінін түсінуі. Әрбір жауынгердің өмірін бақылай отырып, Бауыржан Момышұлы сөздің таңғажайып құдыретіне көз жеткізді. Жауынгерлерінің жауға деген өшпенділік сезімін оята алды, олардың бойында қасиетті борыш сияқты ұғымдарды қалыптастырды. Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті Бауыржан Момышұлының тұлғасынан анық көре отырып, үйренуге болады.

Даңқты жауынгердің шынайы бейнесін Әзілхан Нұршайықовтың танымал романы «Ақиқат пен аңыздан» да көруге болады. Астаналық газеттің корреспонденті ретінде Әзілхан Нұршайықов редакцияның нұсқауымен Баукемен сұхбаттасуға жіберіледі. Халық батырымен кездесу және сөйлесу кезінде Әзілхан Нұршайықов көп азаматтарға үлгі болар ұлт қаһарманы тұлғасының портретін жасады. Романда болған оқиғалар Бауыржан Момышұлының асқан әділдігі мен шыншылдығының дәлелі бола алады. Жастарды, жауынгерлер мен офицерлерді тәрбиелеу жөнінде айтылған ойлары негізінде оның педагогикалық және психологиялық қырларын анық көруге болады.

Батырдың туғанына 90 жыл толу мерекесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ жерінің ұлы Бауыржан Момышұлы Достастықтың барлық халықтары үшін ортақ жерлес болып қала береді. Сарбаз және халық жазушысы Бауыржан адамға, оның рухының күшіне деген жарқын сенім қалдырды. Бауыржан Момышұлының есімі адамдардың жадында біздің тағдырымыздың жарқын мысалы ретінде тарих беттерінде мәңгі сақталатынына сенімдімін», – деген болатын.

Жылдар жылжып, айлар артта қалып батыр атамыз биыл 110 жасқа толғалы отыр. Қатыгез жауға қасқайып қарсы тұрып, қан шашылған шайқаста шайқалмай, қарамағындағы жауынгерлерін Отан үшін отқа түсуге бағыттаған қолбасшының ерлік тұлғасы ел есінен кетпейді. Оның ерен ерлігі ел ішінде таптырмас тақырып болып қала береді.

Осылайша, өскелең ұрпақ бойында өз Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттық тәрбие беруде Бауыржан Момышұлының тұлғасын толық таныстырып, насихаттау бүгінгі күнде үлкен маңызға ие болып отыр. Көзі тірісінде-ақ мыңдаған жауынгерді сөзбен емес, үлгі бола отырып тәрбиелеген дара азамат Бауыржан Момышұлы есімі тарих беттерінен мәңгі өшпейді.

Болат САЙЛАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Ақтолқын РАЙЫМБЕК,

2-курс магистранты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: