Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Майдангер ұстаз ұлағаты

27.04.2023, 11:00 671

Әлемде ең құрметті мамандықтың бірі – ұстаз. Себебі әр адамның өз ұстазы бар. Сол ұстазы олардың өмірінде маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Тек әріп танытып, білім бергеннен бөлек, өмірлік азық табудың кілтін ашты. Ұстаз­дар жаңа нәрселерді үйренуге, өзіңді дамытуға  көмектесті. ЮНЕСКО-ның 2018 жылғы статис­тикасы бойынша әлемде 63 миллион мұғалім бары анықталған. Енді ойлап қараңыз, қаншама миллион ұстаз бүкіл халыққа қызмет етті. Кез келген мамандық иесінің бүгінде жарқырап, оқ бойы озық болып тұрғаны – сол ұстаздың жемісі. Қазақта мынадай ескі болса да, есті сөз бар. «Он жылдығыңды ойласаң – мал бақ, жүз жылдығыңды ойласаң – ағаш ек, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген сөз де ұстаз еңбегінің ұлылығын меңзейді. Бүгінде бұл сөздің мән-мағынасы жойылған жоқ. Тек адамның ниеті ғана өзгеріске ұшырады. Осындайда кезіндегі «елім сауатты болсын» деп ентігіп жүгіріп қызмет еткен ұстаздар еске түседі. Көзбен көрмесек те, құлақпен естіп, тірлігіне қанық болған Тамшыбай Тайманов ұстаз жайлы айта кеткен жөн. Өйткені ол жастардың рухани тәрбиесіне көңіл бөлінбесе, елдің болашағы бұлыңғыр болады деп ұстаздыққа келген көрінеді. Рас, өңделмеген егіс алқабына дәнді дақыл сеппей, егістік сияқты өз еркіне қалдырсақ, түбі ол жерде жеміс емес, тікен шоқшиып шығары белгілі. Міне, мұның алдын алу үшін ғұмырын ұстаздыққа арнаған, жаны тірі болмаса да, елге істеген еңбегі тірі Тамшыбай Тайманов жайлы бірер сөзді айтып, ұстаздарды  жиі  ұлықтап  тұрсақ.

Ол – ұлағатты ұстаз, тағылымды тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері. Шәкірттерінің айтуынша, ұстаздық болмыс-бітімімен қоса шәкірт санасында ол кісі елін жаудан қорғаған жауынгер-тұлға ретінде қалып қойған. Жаудың арам пиғылына тойтарыс беруге жас болса да, майданға барып, жеңіс күнін жақындатуға атса­лысқан. Майданға кеткен мақсаты орындалып, аман-есен елге оралған. Жалпы, ұстаздық жолын 1 мамыр ауылындағы №40 мектептен бастайды. Шыны керек, бүкіл ел Тамшыбай Таймановтың өмір жолын білмесе де, аймақта біразы біледі һәм құрметтейді. Десе де, ұстаз жайлы сөз бастағаннан кейін өмір­баянына тоқталмау мүмкін емес. Себебі батыр ұстаз­дың дүниеге келген жері де оның болашақта тұлға болып қалыптасуына септігін тигіз­ген. Адамды үлкен мақсатқа жетелейтін, патриоттық сезімді оятатын – туған жері. Біз осы туған жер жайлы  әңгіме өрбіткенде ағымыздан жарылып айтамыз ғой. Міне, сөзіміздің  мәнісі  де  осында.

Тамшыбай Тайманов 1923 жылы қазіргі Шиелі ауданы, 1 мамыр ауылында туған. 1942 жылы орта мектепті тамамдаған бойда әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында атақты 8-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы 229-шы атқыштар полкінде бөлімше командирі болып, Орталық, 1-Украина, 4-Украина майдандарында жаумен шайқасқан. Атақты Курск шайқасына қатысқанын ерекше атап өту керек. Тарихтан танымы барлар бұл ақпарат жайлы тәуір біледі. Курск шайқасы – 1943 жылы Курск облысы аумағында өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ірі шайқастарының бірі. Соғысқа  екі  жақтан  6  мыңға жуық танк, 4 мың  ұшақ және 2 миллионнан астам жауынгер қатысты. Оның қатарында 20 жастағы қазақ баласы Тамшыбай Тайманов та бар. Ол да барлық жауынгер секілді, кеңес әскерін басқарған Георгий Жуков пен  Константин  Рокоссовскиймен бірге неміс әскерін басқарған Эрнст Брандт пен Вальтер Модельге қарсы тұрып, талқандады. Осы шайқастан кейін неміс әскері Шығыс майданда шабуылға шыға алмаған еді. Бұдан бөлек, Орел қаласын азат етуге, Днепрден өту ұрыстарына, сондай-ақ Батыс Украина мен Чехословакия, Венгрияны жаудан құт­қару шайқастарына қатысып, соғысты Германия жерінде  жеңіспен  аяқтаған.

Майданда жүрсе де, ұстаздыққа келуді әу бастан жас Тамшыбай Тайманов көздегендей. Соған қарағанда ұстаз – бүкіл мамандықтың негізін қалаушысы деп білген көрінеді. Сол уақытта елімізге ұстаздық саласы қатты керек болғаны айтпаса да  түсінікті. Әлі де бұл мамандықтың маңыздылығы жойыл­ған емес. 1946 жылы 23 жасында соғыстан елге оралып, Сыр бойындағы педагогикалық институтта білім  алып, 1953 жылдан бастап  ауылдағы №40 (авт. – бұрынғы Г.К.Орджоникидзе, қазіргі А.Қырау­баева атындағы) мектепте мұғалім, мектеп дирек­торы қызметін абыроймен атқарды. Осы мектепте басшылық қызмет атқарған жылдар ішінде ол оқу орнында қалыптаса бастаған жақсы дәстүрді әрі қарай жаңа мазмұнмен байыту­ға, оқу-тәрбие үдерісінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсуге бар күшін салыпты. Мектеп жанындағы интернат жұмысын бірізге қойған. Оның еңбегін ел де елеусіз қалдырмаған. Жылтыраққа әуес болмаса да, ұстазға білім саласындағы жемісті еңбегі, озық педа­гогикалық тәжірибесіне алғыс айту мақсатында «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісін беріп, мерейін үстем еткен. Бұған қоса, майдан­дағы көрсеткен ерліктері мен әскери қызметі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «За боевые зас­луги», «За отвагу», «За победу над Германией в Великой  Отечественной  войне» және т.т. медаль­дармен  марапатталған.

Майдангер ұстаз 1967 жылы мектеп дирек­торлығынан  жоғарылап,  Сырдария  ауданында 1 мамыр колхозының  партия  ұйымының  хатшысы, 1967-1986 жылдар аралығында Тартоғай совхозында партком  хатшысы болып жұмыс атқарды. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қызылорда қаласындағы №140 мектепте ұстаз болып қызмет етуін жалғастырды. Марапаттарының біріне тағы да тоқталып кету керек. Ол «Сырдария ауданының  Құрметті  азаматы»  атанды. Бұл аудан­ның даму динамикасына айрықша үлес қосқанын білдіреді. Ғұмырын елінің болашағы келісті болуына арнаған Тамшыбай Тайманов Қазақстанның тәуелсіз ел болуын көзбен көрді. Мұндай бақытты сәтті елмен бірге сезіну ұстаз үшін ұмытылмас уақыт болғаны түсінікті. Дей тұрғанымен, қай киноның да соңы бар. Адамзат та мәңгі емес. Ел тек сол адам жайлы жақсы пікір айтса да, жалған әлемнен келмес­ке кететін кез туады. 2003 жылы Тамшыбай Тайманов өмірден озды. Бірақ оның еңбегі тірі,  шәкірттері  де  ешқашан ұмыт қалдырмайтыны  даусыз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: