Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ердің басы есікке түссе…

27.01.2022, 9:00 876

Салмақты ой салып, саралы сөз сөйлеген қазағымыздың кең-байтақ аспанына жалғасқан жазира даламызда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі қоныс тепкен. Өзгені айтпағанда, кейде өз-өзімізбен сөзге сыйыспай қалатын кезіміз де бар-мыс. Оның бір сыпырасы «Әр елдің салты басқаға» келіп табан  тірейді. Үш жүзден құрылған қазақ: үш жүз ұғым, бес жүз  түсінік, нәтижесінде  мыңдаған  мысқыл.

Ендеше, естігенді емес көргенді айтайық. Қазақы­лықтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірденбіз. Иә, бұл жер – жасы кіші ер жігітке едіреңдетпейтін, артық сөз сөйлеп, жіге­рін құм қылмайтын тәрбиені дәріптеген өңір. Салт-салтымен, дәстүр-дәстүрімен, тағысын тағы-ақ. Үйіміз­ге бір қауым ел кіріп келсе үстел басына сыйыспай қалсақ та, бірге келген кішкентайға да төрді ұсынып, қонақ деп құтқа баладық емес пе?! «Батыстың салты» дейтін қаза­қы салтымыз бар екен ғой. «Бұл жолы ер адам қыздан бір саты  төмен»  деп  қояды  үлкен  апамыз.  Естігенсіз  бе?

Аталмыш дағдыда ер жігіт қайын жұртына қонақ боп келсе, шай құяр келіннің орны әулеттің күйеу баласы үшін төр іспетті. Бәлкім көргендеріңіз де бар шығар, немесе жай ғана елестетіңізші. Қыз-келіншек, үйдің ұсақ-түйегі мен көрші-қолаңына дейін төрге жайғасып, күйеу бала самаурынның қасында отыр. Сыйластық үстелдің төрт бұрышымен, төр мен төменнен шектелмейтіні рас. Дегенмен, көрген көз бен естір құлаққа ерсі ғой. Тым болмаса төр бермесе де келіншегімен қатар отырғызса ше? Олай да болмас па екен?

Мейлі, күйеу бала қонақ емес сол үйдің бір баласындай-ақ қызмет қылсын, елпілдеп қайын жұртына жағдай жасасын, бірақ, кіші келіндей самаурынға серік болғаны артық сияқты. «Қыз – қонақ, қыз – жат-жұрттық» деп төрден түсірмейтін еді бізде де, бірақ әпке-апаларымыз үйге келсе, күйеуінен жоғары отырғанын көрмедік. Әлгі жерде өмірі ондайды көрмеген жігіт жүрелеп сәл жоғары ыңғайланса, «ау, көкем, орныңды біл!» деп ұрысып сала бергені  тағы  шамдандырады  екен.

Өзіміздің жұртқа мазақ болмайық деп айтпауды жөн көрдік біз. «Төрдегі басың­ды есікке апарғаның не?» деген сөзді естіріміз айдан анық емес пе?

Әншейінде елең-алаң қылмайтын «өзіміздің» салт-дәстүрімізді үйреткен ата-анамызға, ата-әжеміз бен жеңгелерімізге мың алғыс осы тұста. «Жаман ұлт болмайды, жаман әдеттерге бой алдырған адамдар болады» демей ме? Осы орайда, «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген қазақ сөзі еріксіз ойға оралады екен. Бастысы, бәріміз бір қазақпыз. Болашақ бір отбасының отағасы, ұл-қыздарына оң мен солды үйретуші, ер мінезді ұл мен қайсар қыздарға әкелік тәрбиені көрсететін ер-азаматымыздың   орны  қай  кезде  болмасын  төр деген  ойдамыз.

Сіз не дейсіз?

Жәмила ЕРМАХАН,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: