Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БОСБЕЛБЕУ БӨРІКТІ немесе әке қабағының мәні неде?

07.05.2024, 10:20 359

«Ер адамдарға сілкіну керек». Бірақ бұл аяулыны аяусыз ұрып, төбеден тоқпақтап, жұдырық жұмсау дегенді білдірмейді. Соңғы уақыттағы жаға ұстатқан жайттар ер-азамат атауы мен әке рөлін түсіріп жіберді. Отбасы үшін жұбайлардың жарасымы мен бір-бірін жете түсінуі маңызды. Шаңырақтың биік болуы қос тараптың бір-біріне көрсеткен құрметіне байланысты. Әйтпесе бала алдында әке абыройы мен ана парасатының құны қандай болмақ?!

 «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейміз. Ал отбасы институтындағы отағасы беделі белден басылса, ұрпақ кімге қарап бой түземек? Бұрын әдеби шығармалар мен кинотуындыларда әке бейнесі айрықша сомдалатын. Бір ауыз сөз айтқанда төңірек түгел айылын жиятын. Мұнда  қорқытып-үркіту емес, сүйектен өтер сөздің артында жанашырлық пен қамқорлықтың ізі жатты. Демек, бала нағыз  ердің образын әкесінен  тануы  тиіс.

Қазақ бағзы заманнан бері бала тәрбиесіне селқос қарамаған. Қазір тәрбиеге көңіл бөлетін әкенің аз екені айтылады. Ал ынжық әрі босбелбеу бөрікті балаға идеал тип бола алмайтыны да белгілі. Әйтпегенде балта мен балға ұстаудан бөлек, ой-санасына ықпал етуде әкенің орны бөлек. Ұрпақ сабақтастығы сөз болғанда Құнанбай мен Абай диалогы  еске  түседі. 

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Расымен, сәби өмірге келгенде есі жоқ дүниеден айғайлап сүйінші сұрайды жұрт. Сонда ер-азаматтар перзент алдындағы парызын қалай өтеп жүр?

– Соңғы кездегі жағдайлар ер абыройына әсер етіп жатқаны өтірік емес. Жайдан-жай әрі бекер емес. Жараның аузы ісініп барып жарылатыны секілді осы күнге дейін ер адамдар тарапынан болған түрлі қатыгездік, әлімжеттік осы ер-азаматқа күдікпен қарайтын бүгінімізге әкелді. Әрине, балаға жақсы әке, қарындасқа қамқор аға, жан жарына қолдаушы, түсінуші күйеулер де бар. Олардың жақсылығын жоққа шығаруға болмайды. Керісінше, олардың қатарын көбейту үшін сол жақсылардың мысалын, үлгісін насихаттай беру керек.

Ұл тәрбиесінде ана – бағыттаушы, әке – өз үлгісімен тәрбиелеуші. Анасы нәзік жандыларға сыйластықпен қарауды үйінде айтып, әкесі анасын сыйлауды өз үлгісінде көрсетіп отырса, санасы таяз ұл шығады деп ойламаймын, – дейді психолог Д.Болат.

Ал көбі әке беделінің төмендеуіне негізгі себеп – ер мен әйелдің тең құқықта болуы деп санайды. Бірақ мәселеге біржақты емес, терең үңілген ләзім. Өйткені отбасы – шағын мемлекеттің моделі десек, оны құру мен басқарудағы әр іс маңызды. Бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін де ұмытпағанымыз жөн. Екі қолға бір күрек таппай, әйелге масыл болатын, онысын ұят санамайтын кей ердің қоғамдағы атқамінерлердің атына сын келтіретіні тағы бар. Тіпті кезіндегі экономикалық құлдырау да, яғни ер адамнан гөрі әйел адамның табысының артуы үйде отыруына себеп болды. Бүгінде декреттегі ана орнын әкелер басқаны көпке аян.

– Қазір әйелдер алға шықты. Ез еркектер, ынжық еркектер көбейді. Әйелдің етегінен ұстайтын,  солардың тапқанымен күн көретіндер көп. «Әйел базаршыл, еркек қазаншыл» деген әңгіме осыдан шығып отыр. Сонау 90-жылдары әйелдер амалсыздан ала дорба арқалап базаршылап кетті де, еркектер үйде отырып қалды. Содан  көпшілігі  масылдыққа үйренді. Егер ер-азамат «арым – жанымның садағасы» десе, қыздар келімсектерге күйеуге тимес еді, ұлдар қаңғыбас болмас  еді,  әйел  үйден  кетіп, отбасы  берекесіз  болмас  еді…

Ер-азаматтар иығын көтеріп жүруі керек. Әңгіме қожайын болуда емес. Шаңырақты биік ұстау керек. Қазақта киіз үй тіккенде шаңырағын ғана еркек ұстайды да, қалған тірлігінің бәрін әйелдер атқарады. Ер адамдарға сілкіну керек. Шаңырағына, табалдырығына, отының басына ие болатындай деңгейге жету керек, – дейді жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп  Ахметова.

Түйіндей келе, ер адам табиғатынан отбасын асырауға әрі қорғауға бейім келеді. Қоғам алдында қадір-қасиетін түсірмей, отбасы алдындағы беделін сақтауы маңызды. Ұрпақ сабақтастығы үйдегі тәрбиеден бастау  алады.

Яра  АХМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: