Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкемнің әскери фильмдегі ерекше сәті

19.09.2024, 10:16 219

Әкем әскери қызметтегі өмірінің кейбір сәттерін анда-санда ғана еске түсіретін. Бірде шәй үстінде: «Мені бір кездері киноға түсірген еді»-деді. Бәріміз таңдана қарадық. Әкемнің кинода ойнағаны туралы алғаш естуіміз еді. «Подсдамда, 1963 жылы»-деп жалғастырды ол. Біз бірден өзімізді қызық оқиғаның ішінде сезіндік. Ал, біз білмейтін бұл құпияның ашылуы енді басталып жатқан болатын. «Біз сол кезде Германияда, Потсдам деген қалада әскери қызметте едік. Бір күні комондиріміз бізді сапқа тұрғызып, «Фильм түсіргелі жатыр, араларыңыздан таңдап,эпизодтық рөлдерге қатысасыздар», деді. Жәй ғана бұйрық емес, қызық тапсырма болғандықтан бәрімізде бірден қозғау пайда болды. Кім киноға түсуді қаламайды дейсің? Екінші  дүние жүзілік соғыс қарсаңын бейнелейтін «Красная ромашка» аталған фильмнің түсірілім жұмыстары басталып кетті. Картинаның негізін «DEFA» (ГДР)  неміс студиясы түсірген.

Содан не керек, фильм Кеңес одағының батыры, татар ақыны Мұса Жәлил туралы баяндайды. Соғыс кезіндегі неміс тұтқында болған кездегі ерлігін суреттейді. Жалил тұтқынға түсіп, нацистік лагерьде болған кезінде партизандық әрекеттерге қатысып, жасырын түрде өлеңдер жазуды жалғастырған. Фильм Жалилдің қайсарлығы мен рухының мықтылығын, сондай-ақ оның Отан алдындағы адал қызметін көрсетеді. Жалилдің досының рөліне мені таңдап алды» деді әкем. Бұл сөздерді естігенде бәріміз күлімсіреп, оның жас кезіндегі қызықты оқиғаларының куәсі болуға асық болдық. «Қалай түсірді? Қандай киім кидіңдер? Сценарий болды ма?» деген сұрақтар легі жаудыра бастадық. Әкем ескі естеліктерін қайта жаңғырқандай көрінді. «Киімдерді бергенде бәрімізді соғыс дәуірінің солдаттары етіп киіндірді. Тұтқынға түскен сәттер, вагонның ішінде, көптеген эпизодтарға түстім деді. Түсірілім алаңы кең еді, режиссерлер неміс кино студиясының өкілдері болатын. Оларда тәртіп қатаң, әр қозғалысты мұқият бақылап отырды. Ол кезде оқиғаның маңыздылығын толық түсінбесем де, қазір ойласам, үлкен тарихи фильмнің бір бөлшегі болғанымды сеземін.  Әкеміздің осы естеліктері біздің отбасымызға жаңа бір қырын ашты. Оның шығармашылық ұшқыны, тарихқа деген құрметі бәрімізді таңғалдырды. Фильмді неміс тілінен тауып алған Нурлан ағамның келіншегі яғыни Сауле жеңгеміз экраннан көрсеткенде: Мұса Жәлилдің жанында жас сарбаз 20 жастағы әкемізді көру-уақыттың шексіздігін сезіндіргендей болды. Осы фильмдегі отбасымызбен және туыстарымызбен жиналып, «Красная ромашка» фильмін көру ерекше естелік болды.Әсіресе, әкеміздің фильмге қатысқанын ескерсек, біздің әулетіміз үшін терең мағынаға ие болмақ, қазір әкем Амангелді Махамбетов 81 жаста.  Арал ауданында тұрады. Уақыттың қалай зымырап өткенін байқамаймыз, сол сәтте әкемнің көздері балалықтай жарқырап, өткен күндерге қайта оралғандай көрінді. Енді бұл оқиға біздің отбасымыздың тарихына да айналады., әрі біз оны әрқашан мақтан тұтамыз. Бұл мақаланы немере-шөберелеріне арнайы жазып отырмын. Мақсатым- отбасы тарихының бір бөлігін сақтап қалу.  Әкелеріміздің. арғы аталарымыздың кім болғанын, қандай өмір сүргенін біліп, еске алып отыру керек.

Махамбетова Айнур Амангелдиевна

Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының педагогы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: