Байқауымызша, әлеуметтік медианың көбі отбасы, құқық, бала тәрбиесі, суицид тақырыбында жиі ақпарат таратуда. Соңғы болып жатқан оқиғалар да осы тақырыптар төңірегінде өрбіген соң, ол туралы мәселелер мен ақпараттар қашанда өзектілігін жоғалтпайды. Басылымның бұған дейінгі арнайы «Мырза» бетінде осы тақырыппен өзектес «Босбелбеу бөрікті немесе әке қабағының мәні неде?» мақала жарық көрді. Дегенмен, отбасындағы әке рөлі, қоғам алдындағы ер жігітке қойылатын талап-тілек әр алуан күйге енді. Оның атқарар қызметі мен алар жауапкершілігі аз болмаған соң, осыған мәндес тақырыпта тағы қалам тербеп, мақала жазуды жөн көрдік. Сонымен, бүгінгі қоғамда әке болудың сын-тегеуріндері қандай?
«Сын-тегеурін» сөзінің мағынасын бірі білсе, біріне бұл ұғым таңсық. Көбінде ер жігіттің қызметінде көп айтылатын осы тіркес сынды еңсеру, табандылықпен алға ұмтылу деген мағынамен ұштасады. Демек, әкелер отбасы үшін кез келген қиындыққа қарсы тұрады. Бұл сөз адамның қайраттылығын, беріктігін, қиындықтарға төтеп беру қабілетін сипаттайды. Тақырыпты түсінген болсаңыз, отбасындағы отағасының орнына тоқталайық.
Қазіргі қоғамда әкелік рөл үлкен өзгерістерге ұшырап, маңызды әрі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұрынғы дәстүрлі әлеумет арасында әке рөлі көбіне отбасының асыраушысы және тәртіп сақтаушысы ретінде қабылданса, қазіргі уақытта бұл рөл әлдеқайда кеңейіп, күрделенді. Бүгінгі әке балаларының ас-суы мен тәртібінен бөлек, басқа да дүниеге жауапты. «Әкеге қарап ұл өсердің» арғы жағында тұлғалық қасиетін ұрпағы алдында оң жаққа өзгерту, жас өскіннің ол буынға деген ойы жақсы жақты болуына жағдай жасау жатыр. Демек, әке – өз балаларының эмоционалды қолдаушысы. Не десеңіз де, заман осыны талап ету үдесінде. Сәл тарқатып өтейік.
Қоғамның әкелерге деген көзқарасы да біртіндеп өзгеруде. Бұрын ерлердің эмоцияларын көрсетуі әлсіздік белгісі ретінде қабылданса, қазір бұл көзқарас өзгеріп, әкелердің балалармен эмоционалды байланыс орнатуы маңызды саналады. Алайда, бұл өзгерістер оңай жүзеге асырылмайды. Қоғамда әлі де болса, ерлерге қатысты ескі стереотиптер мен таптаурын ойлар сақталып келеді. Әкелердің отбасындағы рөлі мен маңыздылығын түсіну және қабылдау үшін қоғамның осы көзқарасын өзгерту қажет.
Әкенің тәрбиелік рөлі ерекше маңызды. Ол балаларын өмірдің түрлі сынағына дайындап, қиындықтарды жеңуге үйретеді. Балаларына ақыл-кеңес беріп, өмірлік жолдарын дұрыс таңдауға бағыттайды. Байырғы қазақ әкелері ұлдарына ер-азамат болудың қыр-сырын үйретіп, қыздарына қамқорлық пен сүйіспеншілік көрсетуді міндет санаған. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас құрмет пен сенімге негізделді. Балалар әкенің әрбір сөзін құрметтеп, оның өсиеттерін орындауға тырысады. Бұл қарым-қатынас отбасының берекесі мен бірлігін нығайтады.
Статистикалық мәліметтер әкелік рөлдің маңыздылығын көрсетеді. Мысалы, Ұлттық отбасы және неке зерттеулер институтының деректері бойынша әкелердің балаларымен өткізген уақыты соңғы онжылдықта екі есе артқан. Сонымен қатар, балалардың дамуына әкелердің қатысуының оң әсері туралы көптеген зерттеу жүргізілді. Мысалы, американдық психологтар қауымдастығының зерттеуіне сәйкес, әкелердің эмоционалды қолдауы балалардың психологиялық және әлеуметтік дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар, әкелердің белсенді қатысуы балалардың мектептегі жетістіктерін жақсартады және олардың өзін-өзі бағалау деңгейін арттырады.
Әкелердің ең үлкен сын-тегеуріндерінің бірі – жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бұл міндеттерді үйлестіру ерлер үшін қиындық тудырады, себебі олар көбіне жұмысқа көп уақыт бөліп, отбасымен өткізетін уақыттары азаяды. Мұндай жағдайда олардың балаларымен қарым-қатынасы және отбасының ішкі тұрақтылығы сыр беруі мүмкін.
Сонымен қоса ел арасындағы таптаурын түсініктер де бүгінгі әкелер буыны үшін қиындық туғызады. Біздің менталитетімізде әкелердің эмоционалды қолдау көрсетуі және балалардың тәрбиесіне белсенді қатысуы дұрыс қабылданбайды. Бұл ерлердің өз рөлін толық орындауына кедергі болатынын айтқанымыз абзал. Бұл – әлеуметтанушылардың пікірі.
Енді әкелік рөлдің маңыздылығын түсіну үшін балалардың дамуына оның әсерін қарастырайық. Зерттеулер көрсеткендей, әкелердің эмоционалды қолдауы мен тәрбиелік рөлі балалардың психологиялық және әлеуметтік дамуына оң әсер етеді.
Психологтардың айтуынша, әке баланың өміріне белсенді араласуы оның өзін-өзі бағалау деңгейін арттырып, мектептегі жетістіктерін жақсартады және әлеуметтік дағдыларын дамытады екен. Әкелердің эмоционалды қолдауы балалардың психикалық денсаулығына да көмегін тигізетін көрінеді. Сәйкесінше, бала да әке алдындағы міндеттерін мүлткісіз орындағаны ләзім. Өйткені қазақ әкеден биік асқар тау жоқ екенін айтады.
Дінтанушы Бақтияр Оспанов тақырыпқа қатысты бүй деп пікір білдірді.
– Әкелердің орны бұрынғыдай емес. Мен ешкімге қазір Құнанбай немесе Шәкәрім сияқты әке тауып бере алмаймын. Әркім өзінің әкесін бағалауы тиіс. Әкенің қанымен келген нәрсе сені тартпай қоймайды. Егер әкеге деген құрметің болмаса, өзіңнің де жолың құрметсіз болады. Қоғамға айтарым, әр адам әкесін құрметтеп, бағалауы керек. «Өзіңнің ағаңды ағалай алмасаң, біреудің ағасын жағалайсың» деген сөз бар ғой. Өзіңнің әкең тұрғанда одан биік асқар тау болуы мүмкін емес. Сен туылғанда одан артық қуанған адам болмады. Сондықтан, қазақ әрдайым әкесін құрметтеген. Қай кезде де әкенің сөзі жүріп тұрған уақытта, әкенің құрметі биік болған тұста бізді еш жау ала алмады. Сол себепті әкелер өз биігінде қалу керек. Әке – қандай болса да әке. Мейлі ол мансапты болсын, болмасын. Әкенің бәрі бай болуға міндетті емес. Әке саған өмір сыйлады, қанын берді, болды, – дейді теолог.
Десе де, елімізде отбасы институтының жұмысында бәсеңдеу бар. Олай деуімізге бірінші себеп – отбасындағы тәрбие қағидаларын нығайтуға арналған сапасыз жиындар жетерлік. Бос баяндамалар оқылатын қажетсіз конференциялар ұйымдастыруға әуеспіз. Мемлекеттік қызметте жетістікке жеткен ер-азаматтар негізгі кейіпкер ретінде танылып, мұндай іс-шараларда көпке қолжетімді мәтінді жұрт алдында оқып беруге дағдыланған. Ал нәтижеге бағытталған жобалар мен іс-шаралар кемшін. Сөзімізді дәлелдеуге бірнеше жағдайды мысалға алуға болады. Бірақ, мақала жазудағы мақсатымыз ол емес.
Айтқанымыздай, әке болудың сын-тегеуріндері көп, бірақ оларды шешу жолдары да бар. Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, қоғамдағы стереотиптерді жою, әкелерге арналған қолдау бағдарламаларын дамыту және қоғамның әкелерге деген көзқарасын өзгерту арқылы біз әкелік рөлді нығайта аламыз. Қазақстандық мамандардың пікірі бойынша бұл тек балалардың дамуына ғана емес, жалпы қоғамның дамуына да үлкен үлес қосады.
Енді әке мен бала арасындағы ашық әңгімеге тоқталайық. Бұл диалог –тек сөйлесу ғана емес, сонымен қатар, эмоционалды байланыс орнату, қолдау көрсету және тәрбиелеу процесі. Бала өз әкесімен ашық сөйлесіп, өзінің әсерін, жеке ойын бөлісе алатын болса, өзін қауіпсіз және қолдаушысы бар адам ретінде сезінеді. Мұндай қарым-қатынас баланың психологиялық және эмоционалды дамуына оң әсер етеді.
Тағы да айтамыз, таптаурындар мен әлеуметтік қысымдар әке мен бала арасындағы диалогтың болмауына себеп болады. Ер адамдар көбіне өз сезімдерін көрсету әлсіздік деп санап, эмоцияларын жасырады. Бұл көзқарас әкелердің балаларымен ашық сөйлесуіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау қиындықтары да бұл мәселеге ықпал етеді. Ал егер олардың арасында ашық әңгіме өрбімесе, балалар түрлі мәселеге тап болуы мүмкін. Бала өзінің жеке шекарасын әкесінің алдында аша алмаса, мұңын білдірмесе, ол сырттан сырлас іздеп, түрлі қауіпті жағдайларға тап болатыны – аксиома. Мәселен, ойынқұмарлық, казиноға салыну сияқты жағдайлар баланың өмірінің бір бөлігіне айналуы ғажап емес.
Әке мен бала арасындағы диалогты қалпына келтіру үшін мамандар бірнеше кеңес береді. Біріншіден, әке баласымен ашық сөйлесуді үйренуі керек. Бұл үшін эмоционалды қолдау көрсету және балалардың ой-түйсігін түсіну маңызды. Екіншіден, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін икемді жұмыс кестесін ұйымдастыру қажет. Әкелерге балаларымен сапалы уақыт өткізуге мүмкіндік беру маңызды.
Жуырда мынадай оқиғаға куә болдық. 16 жастағы жеткіншек букмекерлік кеңселерге ақша тігіп, бай боламын деп ойлаған. Әбден азарт күйге түскен жасөспірім әке-шешесі берген ақшаның барлығын сол кеңсеге салып, ақырында үйінен ақша ұрлауға көшкен. Оны білген әкесі баласының қайда ақша аударғанын қарап, букмекерлік ұйымға шағым түсіріп, соңында одан пайда болмады. Тіпті сол әрекеті үшін өзі айыппұл арқалап кете жаздады. Оқиғаға қарап, әке мен баланың арасында бірде-бір араласу, ашық әңгімелесу болмайтынын, баланы үйдегілер қадағаламайтынын байқауға болады. Осы сәтте «әркім өз міндетін атқармаса, отбасы құрылымы қайдан өрбиді?» деген заңды сауал туындайды. Бұл – қоғамда болып жатқан оқиғалардың тек біреуі. Мұндайдың күн сайын қаншасы болатынын ойлап көріңіз. Жағдай қиын екенін сіз де түсінген боларсыз.
ТҮЙІН. «Әке мынадай болуы тиіс» дейтін дүние жоқ. Әр адам өмірге бір рет келеді, жастық шағында баланың да, есейгенде әкенің де рөлін жалғыз рет сезінеді. Ол қателессе, үлкен мәселе жасаудың қажеті жоқ. Бірақ сол қателігін біле тұра, оны қайталау отбасыны құрдымға апарады. Әке болудың сын-тегеуріндерін жеңу – болашақ ұрпақтың бақытты және толыққанды өмір сүруіне ықпал ететін маңызды қадам. Сондықтан, әрбір әке өз балаларының өмірінде белсенді рөл атқарып, олармен ашық сөйлесуді, қолдау көрсетуді және тәрбиелеуді басты міндеті ретінде қабылдауы тиіс. Бұл жолда қоғамның қолдауы мен түсіністігі үлкен маңызға ие.
К.ҚҰРМЕТ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!