Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцинаны сынауға бел шешіп кірісіп кетті. Қазір ғалымдар «Covid-19» инфекциясына қарсы вакцинаның ондаған түрін сынап жатыр. Сынаманы қолға алған елдердің ішінде АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай, Франция мемлекеттері бар. Ал біздің елде бұл тұрғыда жұмыстардың алғышарттары жасалып жатқанымен, вакцинаға қарсылардың қатары қалың болып тұр. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа қарсы вакцина салудың қажеттілігін «ақылға сыймайды» деп жүргендерге қатысты өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырды. Осымен-ақ еліміздің бас дәрігері вакцинаға қатысты сан түрлі көзқарастардың нүктесін қойғандай.
– Бізде кейбір «жолдастар» жалпыға бірдей вакцинациялауды болдырмау қажеттілігі туралы жар салып жатқан кезде дамыған елдер өз халқы үшін коронавирус пандемиясына қарсы вакцинаға кезекке тұрып жатыр. Бәрі бөлініп қойған сыңайлы. Алдағы жаз мезгілінде «COVID-19» екпесі жасалмағандарға кіруге тыйым салынады» деген тақтайшалардың бүкіл Еуропа елдерінде пайда болуын жоққа шығара алмаймыз, – деді ол өзінің жазбасында.
Оның айтуынша, дамыған елдер вакцинациялаудың алдына шығып жатқанда, іле-шала біз де көшке ілесетіндігімізді айқын аңғартып қойды. Әлемде ең бірінші болып сынама вакцинасы салынып, тәжірибе жасалған америкалық Дженнифер Халлер өзінің вакцинадан кейінгі жай-күйі туралы айтып берген. Алғашқы күні қолы қатты ауырып, дене қызуы көтерілген. Содан кейін барып жағдайы жақсарған. Енді ол 2021 жылдың көктеміне дейін дәрігерлердің бақылауында болады. Жалпы, ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаның толықтай қолданысқа еніп, қалыпқа келуі үшін толық бір жыл уақыттың қажет екендігін мәлімдеп отыр. Наурыздың аяғында бізде вакцина әзірленетіндігі жөнінде хабарланған болатын. Қазір онымен Ұлттық биотехнология орталығы мен биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысып жатыр. Ғалымдар бес кандидаттық вакцина ойлап таппақ. Олардың ішінен клиникалық сынақтарды өткізу үшін ең тиімдісі таңдалады. Отандық вакцинаны алдымен жануарларға тексеріп көрмек. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі еріктілерді сынақтан өткізеді.
«Коронаның» вакцинасынан бөлек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіндегі 13 түрлі екпенің де ел арасындағы дау-дамайы басылған жоқ. Осы кодекстегі өзгерістерге қарсы еліміздің 40 мыңнан аса тұрғыны петиция жазып, қол қойған. Оның ішінде жатыр мойны обырына қарсы вакцина 11 жастағы қыз балаларға салынуға міндеттелген. Халық бұл вакцина толық зерттелмегендіктен соңы бедеулікке шалдықтыруы мүмкін деп қорқады. Ал эпидемиологтар вакцина қауіпті індеттерге қарсы таптырмас қару екенін алға тартады. Мәселен, сынға түсіп жатқан жатыр мойны обырына қарсы екпені қолданып келе жатқан елдерде бұл ауру атымен жойылған көрінеді. Күмән тудырған вакциналар «тағдыры» алдағы уақытта шешіледі. Мәжіліс қарап жатқан көрінеді. Егер мақұлданған жағдайда халық заңға амалсыз бағынуға тура келеді.
Қайсыбір ауру, індетке қарсы вакцина егу дәстүрі кеше не бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл үрдіс бұрыннан бар. Алайда ақпарат ағымы ұлғайған сайын адамдар арасындағы түрлі қисынды-қисынсыз таралып жатқан мәліметтер көңілдерге күмән мен қорқыныш ұялатады. Дәл осы вакциналарға қатысты халық қалаулысы Бекболат Тілеухан қарсылық білдіріп, елдің сөзін сөйлеймін деп басы біраз дауға қалып еді.
– «Быт-шыт» вакцинаны еккізіп, мен көз алдымда әкесі болып тұрып, шешесі болып тұрып баланы мүгедек қылатын жағдайға апаруға жол бергізбеймін. Бұл Қазақстаннан кет деген сөз бе? Егер заңға мойынсұнбасаң, сен бұл мемлекеттен кетуге мәжбүр боласың. Мен ата-бабам өмір сүрген елден неге қашуға тиіспін? Сіздер соған итермелеп жатырсыздар! Высокоэффективный вакцина алыңыздар дейсіздер. Мұның артында үлкен ақша жатыр. Ол ақшаны анықтау үшін, соны ақтау үшін мына жерде сіздер актер болып, артист болып отырсыздар! Ал біз халықтың атынан айтқан соң, мынаны өткізетін болсақ, біздің парламенттегі құнымыз көк тиын тұрмай ма? – деген болатын.
Депутаттың елімізде бейберекет егілген вакциналардың соңы адам денсаулығына орасан зор зиянын тигізіп отырғанын көзбен көрген соң мәселеге мейлінше сақтықпен қарап алып, шешім шығарған жөн деп санаған. Бірақ бас дәрігер бұ жолы да депутаттың бұл сөзіне «бізге халықтың денсаулығы маңызды» деген сыпайы да салмақты сөзімен жауап беріп сытылды.
ДДҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, бір ғана индивид денсаулығына еш зиян келтірместен бір мезетте 105 вакцинаға жауап бере алады екен. Қазір алдын алу екпелерінің ұлттық күнтізбесіне полиомиелит, көк жөтел, сіреспе, қызылша және басқа да дерттерден сақтайтын вакциналар кіреді. Екпеден бас тарту баланың осы аурулардың бірін жұқтыруына алып келеді дейді. Екпені еркіңізге қалдыруға болар еді, алайда заңның аты – заң. Бағынбасқа жол жоқ. Сіз қалай ойлайсыз?
Әйгерім НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!