Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Даудың басы – тағы да екпе

07.05.2020, 10:15 338 0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцинан­ы сынауға бел шешіп кірісіп кетті. Қазір ғалымдар «Covid-19» инфекциясына қарсы вакцинаның ондаған түрін сынап жатыр. Сынама­ны қолға алған елдердің ішінде АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай, Франция мемлекеттері бар. Ал біздің елде бұл тұрғыда жұмыстардың алғышарттары  жасалып  жатқанымен, вакцинаға қарсылардың  қатары­ қалың болып тұр. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан­ Біртанов коронавирусқа қарсы вакцина салудың қажеттілігін «ақылға сыймайды» деп жүргендерге қатысты өзінің Facebook парақшасын­да жазба қалдырды. Осымен-ақ еліміздің бас дәрігері вакцинаға­  қатысты  сан  түрлі  көзқарастардың  нүктесін  қойғандай.

– Бізде кейбір «жолдастар» жалпығ­а бірдей вакцинациялауды болдырмау  қажеттілігі туралы жар салып жатқан кезде дамыған елдер өз халқы үшін коронавирус пандемияс­ына қарсы вакцинаға кезекке­ тұрып жатыр. Бәрі бөлініп қойған сыңайлы. Алдағы жаз мезгілінде «COVID-19» екпесі жасалмағандарға кіруге тыйым салынады» деген тақтайшалардың бүкіл Еуропа­ елдерінде пайда болуын жоққа шығара алмаймыз, – деді ол өзінің  жазбасында.

Оның айтуынша, дамыған елдер вакцинациялаудың алдына шығып жатқанда, іле-шала біз де көшке ілесет­індігімізді айқын аңғартып қойды. Әлемде ең бірінші болып сынама вакцинасы салынып, тәжі­рибе жасалған америкалық Джен­ни­фер Халлер өзінің вакцинадан кейінгі жай-күйі туралы айтып берген. Алғашқы күні қолы қатты ауырып, дене қызуы көтерілген. Содан кейін барып жағдайы жақ­сарған. Енді ол 2021 жылдың көк­теміне дейін дәрігерлердің бақы­лауында  болады. Жалпы, ғалымдар коронавирусқа  қарсы  вакцинаның толықтай  қолданысқа  еніп, қалып­қа келуі үшін толық бір жыл уақыттың қажет екендігін мәлімдеп отыр. Наурыздың аяғында бізде вакцина әзірленетіндігі  жөнінде  хабарлан­ған  болатын. Қазір онымен Ұлттық биотехнология орталығы мен биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының маманд­ары айналысып жатыр. Ғалымдар бес кандидаттық  вак­ци­на ойлап таппақ. Олардың ішінен клиникалық сынақтарды өткізу үшін ең тиімдісі таңдалады. Отандық вакцинаны алдымен жануар­ларға тексеріп көрмек. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі еріктілерді  сынақтан  өткізеді.

«Коронаның» вакцинасынан бөлек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіндегі 13 түрлі екпенің де ел арасындағы дау-дамайы басылған жоқ. Осы кодекстегі өзгерістерге қарсы еліміздің 40 мыңнан аса тұрғыны петиция жазып, қол қой­ған. Оның ішінде жатыр мойны обырына қарсы вакцина 11 жастағы қыз балаларға салынуға міндеттелген. Халық бұл вакцина толық зерт­телмегендіктен соңы бедеулікке шалдықтыруы мүмкін деп қорқады. Ал эпидемиологтар вакцина қауіпті індеттерге қарсы таптырмас қару екенін алға тартады. Мәселен, сынға­ түсіп жатқан жатыр мойны обырына қарсы екпені қолданып келе жатқан елдерде бұл ауру атымен жойылған көрінеді. Күмән тудыр­ған вакциналар «тағдыры» алдағы­ уақытта шешіледі. Мәжіліс қарап жатқан көрінеді. Егер ма­құлдан­ған жағдайда халық заңға амалсы­з  бағынуға  тура  келеді.

Қайсыбір ауру, індетке қарсы вакцина егу дәстүрі кеше не бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл үрдіс бұрыннан бар. Алайда ақпарат ағымы ұлғайған сайын адамдар арасынд­ағы түрлі қисынды-қисынсыз таралып жатқан мәліметтер көңілдерге күмән мен қорқыныш ұялатады. Дәл осы вакциналарға қатысты халық қалаулысы Бек­болат Тілеухан қарсылық білдіріп, елдің сөзін сөйлеймін деп басы біраз  дауға  қалып  еді.

– «Быт-шыт» вакцинаны еккізіп, мен көз алдымда әкесі болып тұрып, шешесі болып тұрып баланы мүгедек қылатын жағдайға апаруға жол бергіз­беймін. Бұл Қазақстаннан кет деген сөз бе? Егер заңға мойынсұн­басаң, сен бұл мемлекеттен кетуге мәжбүр боласың. Мен ата-бабам өмір сүрген елден неге қашуға тиіс­пін?  Сіздер соған итермелеп жатырсыздар! Высокоэффективный вак­цина алыңыздар дейсіздер. Мұның артын­да үлкен ақша жатыр. Ол ақшаны анықтау үшін, соны ақтау үшін мына жерде сіздер актер болып, артист болып отырсыздар! Ал біз халықт­ың атынан айтқан соң, мынаны­ өткізетін болсақ, біздің парламе­нттегі құнымыз көк тиын тұрмай  ма? – деген  болатын.

Депутаттың елімізде бейберекет егілген вакциналардың соңы адам денсаулығына орасан зор зияны­н тигізіп отырғанын көзбен көрген соң мәселеге мейлінше сақтықпен қарап алып, шешім шығарған жөн деп санаған. Бірақ бас дәрігер бұ жолы да депутаттың бұл сөзіне «бізге халықтың ден­саулығы маңызды»  деген сыпайы да салмақты сөзімен  жауап  беріп  сытылды.

ДДҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, бір ғана индивид денсау­лығына еш зиян келтірместен бір мезетте 105 вакцинаға жауап бере алады екен. Қазір алдын алу екпелерінің ұлттық күнтізбесіне полиоми­елит, көк жөтел, сіреспе, қызылша және басқа да дерт­терден сақтайтын вакциналар кіреді. Екпеден бас тарту баланың осы ауруларды­ң бірін жұқтыруына алып келеді дейді. Екпені еркіңізге қалдыруғ­а  болар  еді, алайда заңның аты – заң. Бағынбасқа  жол  жоқ. Сіз  қалай  ойлайсыз?

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: