Ауа райының күрт нашарлауына байланысты кеше сағат 14:00-ден бастап Астанадан шығатын барлық автожолдарда көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Бұл туралы елордалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Полиция департаменті жүргізушілерге уақытша сапардан бас тартып, елді мекендерде қалуға және қала сыртына шығатын «Рубеж» бекеттеріне бармауға кеңес беріп отыр. Себебі мұндай әрекеттер жолдарда кептеліс туғызып, коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.
Полиция өкілдерінің айтуынша, аталған сақтық шараларын сақтау тиісті қызметтердің жұмысын жеңілдетіп, қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қолайсыз ауа райына байланысты 0-9 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.
Айта кетейік, Қазгидрометтің хабарлауы бойынша 15 желтоқсанда елордада бұлтты ауа райы сақталады. Қар жауып, боран соғады, жолдарда көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, екпіні 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін. Кей сәттерде жел екпіні 30 метрден асады. Ауа температурасы түнде де, күндіз де 8-10 градус аяз болады.
16 желтоқсанда ауа райы құбылмалы болады. Кей уақытта қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен соғып, екпіні 15-20 метрге дейін жетеді. Түнгі және күндізгі ауа температурасы 10-12 градус аязды көрсетеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!