Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаң көңіл

20.11.2025, 9:40 83

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ

Cексен деген белесті ойлағанда өзімнің шығармашылық тіршілігімде толық жүзеге асыра алмай жүрген ішкі жоспарларымның бірі жайында айтпай тұра алар емеспін. Әңгіме тек менің тарих тақырыбында қалам тербеуім жайлы емес, сол ретте қолға алған бір үлкен жобамның тағдырына қатысты болмақ. Мен 2004 жылы «Рух-Сарай» деген жалпы атпен тарихи туындылардан тұратын топтамамды жариялай бастаған едім. Сонда, алғашқы кітапта жария еткен ұстанымымда, мен жас оқырманға сіңімді, құнарлы рухани азық ұсынудың шартын дерек пен көркемсөз кестесі үйлесіміне қол жеткізу деп ұйғарғанымды айтқан болатынмын. Сосын сомдамақ рухи ғимаратымның «кірпіштері» мен «құжыралары» қандай болатынын меңзеген едім. Мұным тарихи деректерді көркем тілмен әңгімелеу дегенге саятын. Ал қандай деректер құнарлы, санаға азық боларлық рухани нәр беруі ықтимал? Мен бұл орайдағы ізденістерімнің басты нысанасы етіп, қазақтың мыңдаған жылдық тарихының шешуші үзіктерінің бірі ретінде, жиырмасыншы ғасырды таңдап алғанмын-ды. Өйткені қазақ ұлты ғұмырындағы күллі тағдырлы бетбұрыстардың бәрі сол жүзжылдықта жасалған-тын. Барша тағылымды деректер сонау уақыт кесіндісінде жатыр деп білгенмін-ді. Атап айтсам, олардың негізгілерін мен белгілі бір жүйемен мынандай кезеңдерге бөлгенмін: 1) Халқымызға елдігін қалпына келтірудің соны бағытын нұсқаған Мың тоғыз жүз бесінші жыл; 2) Сталин «қара Ресей» деп дәл таңбалаған отар жұрттардың бірі әм бірегейі қазақ бұлқыныс күшін көрсеткен Он алтыншы жыл; 3) «Халықтар түрмесінің» бас қожайы­ны мен күзетшісі тақтан құлаған Он жетінші жыл; 4) Қазақ халқын жаңа империя құрамында жер-суының негізгі аумағымен әуелі Он жетінші жылы алаштық, артынша Жиыр­масыншы жылы советтік авто­номия деп аталатын құрылымдарға жинау әрекеттері, сосын қазақтың жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына біріктіруге тұңғыш рет тарихи мүм­кіндік жасаған Жиырма төртінші жыл; 5) Бергі заманда жер-жаһанды тітіреткен «зұлымдық империясының» көбесін сөгіп, импе­рия тұншықтырған барлық одақтас респуб­ликаның еңсе көтеруіне, сөйтіп олардың баршасының ұлттық мемлекеттік тәуелсіздігіне қазақ­тың  намысын  жыртуы­мен жол салған Сексен  алтыншы  жыл…

Осы көрсеткендерімнің бәрін хал­қымыздың тарихындағы елеулі кезеңдер десек те, менің қайта құру саясаты дәуірлегеннен бері әр кезде жариялаған және жарияламақ жұмыстарымда қамтыла­тын уақыттық кеңістіктер бұлардан да ауқымды-тын. Бұлар – негізгілері. Олармен сабақ­тас сан белес, тағылымды, маңызды кезең­дер бар. Солардың баршасы менің топтамамда әртүрлі жолмен қарастырылады деп шешкенмін. Осы кезең-­белестердегі күрделі оқиғаларға бойлаған ізденістерімнің нәтижесі жө­нінде мен топтамамды  оқырманға  ұсынып тұру барысында замана  сұранысына  сай  ой  қорытуға  тиіс-тұғынмын.

Не керек, осындай ниетке бекем тоқтағандықтан, туған халқымыздың сая­си ояну жолындағы алғашқы қадам­дары мен тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шежіресінен жекелеген суреттер көркемдік зерттеуіме алынды. Сөйтіп-сөйтіп, ғасырға ұласқан ұзақ жолдың тарихи тағылымды тұстарынан сомдалып, ғимараттың сүйегін құрап-тұтастыратын туындылар тізбегі нобайланды. Сол тізбек жас азаматтарға рухани нәр берер­лік танымды шығармалар шоғырын құрайтын болады деп білдім. Мен бұл рухи-ғима­ратым әлденеше серия­мен өріледі деп жобалаған едім. Оны ұлттық рухты ұлықтайтын рухани үй сынды бейнеде көргенмін. Рухани үйдің ірге­тасы, еңсе көтерер негізі – туған топы­рақ болмақ. Сол себепті де «Рух-Сарай» әлемінің іргетасы іспетті алғашқы туындылар шоғырын біріктіретін желі жай ғана «Топырақ» деп аталды. Бұл серия­дан қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді тұңғыш рет озық өркениеттік сая­си ой деңгейінде пайымдай бастаған кез – ХХ ғасыр­дың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тірші­лік көрініс­терін бейнелейтін этюдтер болады деп жоспарладым. Ал іргетас үстіне қабыр­ға өрілетіні белгілі, мен оны құрайтын туындыларды «Кереге» деп аталатын серияға топтастыр­мақ едім. Оған уақыт жағынан ХХ ғасырдың алғашқы үштен бірінде болған бетбұрысты өзге­рістер жайындағы этюдтер кіреді. Олар жекелеген ұлт қайраткерлерінің ғұмыры мен қызметін арқау ету арқылы бейнеленеді. Керегеге уық бекітіледі, уық шаңырақты көтеріп тұрады. Топтамада бұл қызметті «Уық» сериясы атқарады. Осы сериямен тоталитаризм кезеңінен қазіргі тәуел­сіздік баспалдақтарына дейінгі аралықты жалғастыратын шежіре түзіледі. Ал ғимараттың шатыры, шаңырағы – тәуелсіздік белесіндегі рухани күмбез тәрізді серия «Тәж» деген атаумен бедерленеді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ізденістерді, тәуелсіз ел азаматтарының көзқарасын, ұстанымын көрсететін, оның қалыптасуына арқау болатын этюдтер кіреді. Бұл алдыңғы үш топтаманың қорытындысы іспетті болуы керек. Осылайша, тәуелсіздік азаматы көзқарасының тұғырын қалауға септесуі тиіс «Рух-Сарай», төрт серияға жүйеленген, тұтастай бір ғасыр­ды қамтитын этюдтер дестесі – рухи-­ғимарат  ретінде  бой  түзейді  деп  шешкен  едім.

Этюд деген жанрлық анықтамам соншалықты дәл болмауы ықтимал, мұны түсінемін. Шынтуайтында алғашқы «Топырақ» сериясымен жарық көрген этюдтерім барлық белгісі бо­йынша кәдімгі роман, оларға тек деректі деген анықтама қосу сұранып тұрған тәрізді. Тура­сын айтқанда, әдебиеттанушының топтамадағы әр туындыны белгілі бір жанрға жат­қызуы әбден мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Мәселе менің үлкен уақыттық кесінді ішіндегі бетбұрысты белестерді, елеулі оқиғаларды мейлінше шынайы бейнелегім келгенінде жатыр ғой деп ойлаймын. Ал солай жасау жолында менің қолға алған көркемдік құралым сан түрлі болды. Сондықтан да осынау рухдестеге кіретін туындыларды әдеттегі әдеби жанрлар бойынша топтастыруды қош көрмедім. Маған бұл ретте, өзімнің жас кезімдегі елти қараған, орны ерекше ұстаздарымның бірі, мәңгі өлмес ұлы Бальзак­тың өзінің эпопеясын нобайлау­да қолданған тәсілі көңіліме қонды. Ол суреткерлігінің шыңы ретінде танылған үлкен және шағын роман­дарын да, сыни көзге журналистік жұмыс іспетті әсер қалдыратын үлкенді-кішілі барша тамаша шығармаларын да жанрға жіктемей, ортақ атаумен этюдтер деп атаған болатын. Бұл жерде ертеде сөз өнері зергерлерінің әдеби де, ғылыми да, филосо­фиялық та очерктерді бір сөзбен этюд деп таңбалай бергенін де есте ұстаған жөн. Осы атау маған да ұнайды. Сондықтан «Рух-Сарайдың» көркемдік тұтастығын сақтау үшін туындыларды жанрға бөліп-жармай-ақ, өзінше жеке этюдтер ретінде беруді орынды көрдім. Жарыққа шыққан туындыларда ешқандай жанр атауын көрсетпеуім содан. «Рух-Сараймен» танысқанда, жас оқыр­ман романдар мен әңгімелерге, зерт­теулер мен көсемсөз үлгілеріне, ғылыми монографиялар мен анықтамалықтар сипатты шығармаларға кезігеді. Бірақ, менің өз иланымымша, олардың мәні – түрінде емес, бәрін біріктіретін өзегінде, мазмұнында. Олардың әрқайсысы – тарих­тың бір кішкене пұшпағы, тарихи ми­ниа­тюра, халқымыз бастан кешкен белгілі бір кезең­нен елес бере­тін өзінше бір көркем полотно. Сондықтан да олардың қайсысының қай жанр­ға жататы­ны  мен  үшін соншалықты маңызды емес. Бұл – менің  бекем  ұйғарымым.

Дегенмен,  мойындауым  керек, дәс­түрлі жанр  атауларынан қашқақтауым оқырманға ұнамауы әбден мүмкін ғой. Сөз өнерінің қай сала­да жасалатынын көрсету – талап етілетін қара­пайым шарттардың бірі  іспетті емес пе… Дей  тұр­ғанмен, менің ұғымым мынандай… Жанр – түр ғана. Түр – мазмұнды ашу тәсілі ғана. Мазмұн – көрсетілуі тиіс ойға алған тұтастықты айқындаушы жайт, тұтастың бөліктерінің жиынтығы. Ал тұтастың бөліктері сан түрмен ашылуы ғажап емес. Ойлап қарасам, қолға алған тұтас әлемді бейнелеу үшін мен неше алуан жанрды пайдалануда екенмін. Ендеше, оларды жіктеп қажеті қанша? Бәрін бір ортақ атпен атай берсем де болмай ма? Көркемдік түр әдебиеттің өзіндік анықтауышы секілді болғанымен, көркем тұтас­тықтың жүгін көтере алмайды. Мен жасамақ көркем тұтастықты тану үшін бір түрге, яғни бір жанрға иек арту жеткіліксіз, менде олар аралас қолданылады. Сондықтан да мен байырғы түрлік атауды қару еттім. Маған  сол  қолайлы  көрінді…

Себебі – мәселе тек түрде емес қой. Өнерді биік өнер дәрежесіне көтерудегі ізденісте шек болмаса керек, бұған ешкім шүбә келтірмес. Тек өнеріңді сол биік өнерге жеткізудегі мақсат не, міне, бұл – ойландыратын мәселе… Өзім қолға алған жобамның тұрғысынан айтсам, менің көздегенім – барлық жағынан мүлтіксіз туынды жасау емес, мен оқырманымды тарихпен тәрбиелеуге атсалысуды күйттеген қарапайым ғана мұрат ұстанудамын… Бірақ мүлтіксіздікке жетуді армандамаймын десем, шындыққа жанаспас еді. Алайда бұл – арман ғана, шығармашыны мәңгі ұмтылысқа жетелейтін биік меже… Рас, өзінің  шығармашылығына  «өнер – өнер үшін» ұранын негіз еткен, мінсіздікті көксейтін шеберлер бар, солармен қатар, өнерді өнер үшін жасаймыз деп, ел мүддесін көзге ілмейтіндер де бар. Тек мен солардың бәрін, он жерден халық­аралық  жүлдеге, үлде мен бүлдеге оранса да, жалпыадамзаттық деген алдамшы ұранның жетегінде кетіп, өздерінің ұлттық-тектік сипатын жоғалтқандары үшін жоғары бағалай алмаймын. Маған ғасырлар бойы тарихи құқықтары шектеліп, кемсітіліп келген, күллі тұрмыс салты өзгерген, қазір де шынайы ұлттық мүддесі тиісті дәрежеде қорғалмай келе жатқан халқымыздың атын ғана қалдырып, затын «жалпыадамзаттық» кейіп­ке түсіруді көздеген бағыт ұнамайды. Мен қазақ өзінің таза ұлттық сипатын жалпақ әлемге терең таныту арқылы жалпы­адамзаттық деңгейді игере­ді, солай етуге тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да өзімнің рухи-ғимаратымды тұрғызуда осынау «өнер – өнер үшін» делінетін аспани-көркем ережеге емес, «өнер – өмір үшін» деген жасампаздық қағидасына сүйенгенді мақұл көремін. Менің қолға алған жобам бүгінгі таң сұранысына қызмет ететін, оқырманын баянды болашаққа жаңа сезіммен апармақ ерекше жәдігерлік болып шығуға тиіс. Солай. «Рух-Сарай» топтамасы оқушысын тарих арқылы тәрбиелеуді мұрат  етеді…

Әттең,  «Рух-Сарай»  жобаланған  тұрпатта толық жарық көрмеді. Рас, «Топы­рақ»  сериясының бес этюді, «Кере­ге» сериясының екі этюді төрт кітап болып шығып, алғашқы орыс револю­циясы  жылдарындағы қазақ сая­си ойы және оны дамытушы тұлғалар, ұлт-азаттық қозғалысы жайында сыр шертілді. Топтаманың 5-томын­да «Тәж»   сериясымен әр жанрды қамтитын этюдтер шыққан. «Қостаған» – қазіргі уақыттағы болмысым­ыздың  бірер пұш­пағының айнасы болуға тиіс көркем   хикаяттар,  «Біз – қазақ  ежелден…» – тақырып астына «өзіңді-өзің тану тәжірибесінен» дейтін анық­тама қоса берілген  ғылыми зерттеу, ал «Көрік» – әр жылғы пуб­лицистика, ұзын-ырғасы жарты ғасырға жуық мерзімді қамтитын, көзқарас, белсенді өмірлік позиция мәселелерін қозғайтын публицис­тикалық хроника. Бүгінгі тәуелсіз ел азаматына белгілі дәрежеде қоғамдық сана, тарихи сана, қажетті ұстаным хақында ой салуға тиіс этюд. Өкініштісі сол, тап осы 2012 жылы жарық көрген 5-томнан соң «Рух-Сарайдың» кезекті кітаптары шығарылмай қалды. Нақты себебін, мемлекеттік тапсырыспен бастыру­дың неге күрт тыйылғанын баспагерім маған ашып айтқан жоқ, өзімнің бұлдырлау тұспалымды есепке алмағанда, осы жайттың шындығы маған күні бүгінге дейін беймәлім. Мен, әйтеуір, бұл күтпеген кедергіге алаңдамауым керек деп түйдім де, үлкен жобама біршама түзету енгіздім. Топтамамда жарық көрген туындылар тізбегінің бір бөлігін жалғастырып, бүгін­де Алаш қозғалысы ретінде кең танымал қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихына арнайы тоқ­талуымды, яғни көркемделген Алаш дастанын толық­тырып жазуымды қажет­сіндім. Осылай он дәптерден тұратын «Алашия» рисә­ләсі  дүние­ге  келіп, 2018 жылы жеке баспадан  аз ғана  тиражбен  үш  том болып  жарық­қа  шықты…

«Рух-Сараймен» басталған осынау деректі-көркем, тарихи-танымдық туындыма қазақ азаттық қозғалысының тууын, даму барысын және қол жеткізген нәтижесін арқау еттім. Кең көлемді дастан, эпопея тұрпатты «Алашия» атты шығармамда еліміздің елдігі жойылған, империя отары ахуалындағы жай-күйін, халықты  жер-судан, ұлттық рухани сана­дан айыру сая­саты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-­тіршілігін, ХХ жүзжылдық бастала туған жалпыреволюциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар бас­тан кешкен ояну үдерісін жаңғыртуға тырыс­тым. Сөйтіп, Алаш қозғалысының бодандықта өмір сүріп жатқан түрік-мұсыл­ман халықтары қозғалысы­мен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан  мемлекеттілігінің 1917 жылы  қайта  жаңғыруын  көрсету­ді, оны жас оқырманға танымды боларлықтай етіп суреттеуді мақсұт еттім. Дамуы 1905 жылдан 1917 жылға дейін­гі мерзімді – отарлық кезеңнің ақыр­ғы мүшелін қамтитын, империя­дағы жалпы­революциялық қозғалыспен, жалпы­мұсылман қозғалысымен астас­қан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құбылысты не себептен бүгінгі дербес­тігіміздің, мемлекеттік тәуелсіздігі­міздің  іргетасына балайтынымды жас  оқыр­маныма  бейнелеп  түсіндіргім келді.

Неліктен «Алашияны» рисәлә деген айдар-­жанрмен ерекшелегенімді айта кетейін. Рисәлә тұңғыш рет орта ғасырда араб тілінде, өз заманындағы қолданылу ретіне сай – жолдау деген мағынамен өмірге келген де, біртіндеп араб, парсы, түрік  қарасөзінің  өзіндік жанрының аталымына айналған болатын. Осы атаудың түпкі мағынасы ұнағандықтан, өзімнің ойыма алған мақсатыма қызмет етеді деген сеніммен, мен оны жанр  ретінде жаңғыртуға ниеттендім де, топтамама рисәлә деген айдар тақтым. Ал рисә­ләні құрайтын туындыларды ешқандай әдеби жанрға жіктемей, әр шығарманы бір дәптер, өзінше бір этюд, рисәләнің бір бөлігі деп сана­ғанды жөн көрдім. Бұлардың қай-қайсысы да қазіргі жаһандану үдерісі дәуірінде ұмыттырыла бастаған уақыт тұңғиығынан бүгінгі замандас­қа арнайы жолданған  жолдау, болашақ өмірге  қажет ес­кертпе  іспетті  қызмет  көрсетеді  деп  санадым.

ХХ ғасырдың басында ұшқындаған жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империя­да тұтанған жалпы­мұсылмандық қозғалыспен астаса дамы­ған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы­ның тууын және оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-­саяси ойының дамуын көрсететін жеке-жеке бөлімдер­ге жіктелген тарихи-танымды он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі қалың оқыр­манды ең әуелі 1360 бетке созыл­ған көлемімен шошыта ма деп ойлаймын. Қалың оқырман түгіл, санау­лы әм саналы әдебиет сыншылары да тап сондықтан бұл туындыға беттемей ме деп қорқамын. Қазіргі заман үшін байыр­ғы заманның зілмауыр фолиантындай көрінетін мұндай қалың кітапты оқимын деп уақыт өткізгеннен гөрі, оның азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеу тұрғысынан бүгінгі күн үшін өте маңыз­дылығына, өткен жолы­мыз бен сол жолда­ғы жан-тәнімен халыққа қыз­мет еткен тұлғаларымызды іс-әрекет үстінде танып-білуге жәрдем­десетін танымдық сипатына үңілгеннен гөрі, бұларға еш мән берместен, «әдебиетімізде елең етерліктей шығарма әлі күнге жазылмады» дей салу әлдеқайда оңай әрі мұндай тұжырым, көпшілік оқырман бейтаныс болғандықтан, ешкімнің тара­пынан дау да, күдік те туғыз­байды. Жоқ деген­ге сот та жоқ. Қалай болғанда да, біз бәрібір «Алашия» түптің түбінде оқыр­манға оқулық секілді танылады деген үмітімізді үзбейміз – өйткені оның бүгінгі жас ұрпаққа ата-бабасы ғұмыры­нан құнды мәлімет беріп, өзін-өзі тануына жәрдемдесетін танытқыш анықтамалық рәуішті  құнды  туынды  екенін  білеміз.

Оқырман рисәләнің алғашқы дәпте­рінде 1905 жылы маусымдық Қоянды жәрмеңкесінде патша үкіметі басшысы­ның атына петиция әзірлеу кезіндегі оқиғалармен, оқыған жастармен, таны­мал тұлғалармен, қазақ даласына отарлық дәуірдің қалай орныққанының тікелей куәгері, бертінде аймақта қарсы­лық қозғалысына қатысқаны үшін айдалған, бәрібір каторгадан қашып келген Еркіндік қартпен, оның әскермен шайқаста опат болған көтерілісші серігінің баласы жас Өтеміспен, империя орталығы жағынан келген шетін көзқарасты Жасай­мен танысады. Бұл іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксе­ген жаңа тұрпатты күрестің бастап­қы ірі белесі болатын. Екінші дәптерде олардың сол дәуірдегі түрік зиялылары­мен бірге Нижний Новгородтағы мұсыл­мандар съезіне қатысуы суреттелген. Ал үшінші дәптерде оларды Қарқаралы өңіріндегі басқарудың жаңа үлгісін аңсаған өзгерістерге, Нілді кенішіндегі жұмыс­шылар толқуына, Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясы жина­лысына қатысушылар қатарынан көреміз. Соны­мен, рисә­ләнің бірінші томын құраған бұл үш дәптерде қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұрат­тастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртудағы болашақ саяси құрылым жобаларын түзуі сөз болады. Бұлардан кейінгі екінші томды құраған төрт дәптер қазақ қайрат­керлерінің парламент жұмысына қатысуына арналған. Халық өкілдерінің империядағы заң шығарушы мекемеге артқан үміті, Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен қазақ мәселесі­нің көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелер­дің Екінші Думада қаралуы, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген пар­ламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімеленеді. Үшінші томға енген сегізінші, тоғызыншы, оныншы дәптерлердегі этюдтарға ел мүддесін көздеген зиялылардың Он алтыншы жыл көте­рілісіне орай империяның биік орын­дарындағы, Төртінші Дума қабырғасындағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану мақсатындағы іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, ұлттық қозғалыстың квинтэссенциясы секілденген жұлдыз­ды сәт – байырғы Қазақ Ордасының зама­науи  өркениетке сай жаңғыруы іспетті Алаш  Ордасы­ның  дүние­ге  келуі  арқау  болған.

Қазақ саяси ойының дамуын бейне­леген «Алашия» рисәләсінде Ресей патшалығының отарына айналған түркі халқының орыс мүддесіне қызмет етіп жүрген озық өкілдері өз ел-жұрттарының мұң-мұқтажын ойлап, мұсылман қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосқаны көрсетіледі. Әсіресе империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мемлекеттік думаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарас­тырылуына белсене атсалысқан генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан, түркі  халқының ағарту саласындағы жұмыстарға айрық­ша әсер еткен әйгілі жәдидші Ысмайыл Гаспринский, Алаш қозғалысының әр кезеңінде танылған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақ­баев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов, Сәлімгерей Жантөрин, Құтлұмұх­амед Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ахмет Бірім­жанов, Ильяс Бораганский, Мұстафа Шоқаев, Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Халел Дос­мұхамедов, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, Көлбай Тоғысовтар нақты іс-әрекет үстінде бейне­ленген. Сондай-ақ оқырман рисәлә мәтінінен Ресей империясының ІІ Николай патша, премьер-­министр Петр Столыпин, Төртінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мемлекеттік дума мүшесі, «Еңбекшілдер» фракциясының төр­ағасы Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін де, Ресей Респуб­ликасын төңкеріс жасап құлатқан, жер-жерде советтер билігін орнықтыруға кіріскен боль­шевизм көсемдері Владимир Ленин, Иосиф Сталин бейнелерін де кездестіреді. Жалпы, «Алашия» ұлттық қозғалыс барысында көрінген көптеген тарихи тұлғалар хақында оқырманға ұмытылмас  мағлұматтар  береді.

Қысқартып айтқанда, «Алашия» рисәләсі алғашқы орыс революциясы кезіндегі петиция науқанынан серпінді түрде басталған қазақтың азаттық жолындағы жаңа тұрпатты қозғалысын бейнелейтін дәуірнама болып сомдалды. Қанша түсінбеушілікке қарамастан, түбі солай таны­лады деген үмітімді үзгім келмейді. Еліміздің зама­науи өркениет палитрасына өзіндік өрнегі­мен қосылуы­на апарар жолдың алғашқы баспал­дағын бейнелеген тарихи дастан қазіргі уақыттағы біздің қыз-жігіттеріміздің патриоттық сезімін арттырып, отаншыл, мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуларына да септесеріне шүбәсіз сенетінімді де жасыра алмаймын. Тек мұны менше ұғып, ұлттық қоғамдық-саяси ойдың дамуын бейнелейтін он дәптерден тұратын «Алашияны» қалың оқырманға жеткізуге қамқор болардай азаматтар, баспа кілтін ұстағандар тарапынан қашан көрінер екен деген мазасыз сауалға әзір жауап жоқ. Cексен сынды белес қарсаңында көңілім­дегі  алаңның мәнісі, өзімнің шығармашылық тіршілігімде толық жүзеге асыра алмай жүрген ішкі  жоспарларымның бірі жайында еріксіз  осылай  сыр  шашып  отырмын…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: