Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды…
Бекасыл әулие (1822-1915)
Қазақта «Адамның анасы сүйегін, әкесі қанын, Тәңірі жанын береді» деген сөз бар.
«Тектілік – қанмен берілетін адамдықтың, жақсылықтың жиынтығы. Белгілі ғалым Т.Жұртбай: «Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шыңғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның» билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе, ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида», — дейді (Жұртбай Т. Құнанбай. – Алматы: Алаш, 2004. 29-б.).
«Құнанбай болмаса Абай Абай болар ма еді, болмас па еді? Мұны кесіп айту қиын. Бірақ Абайдың ұлылығын Құнанбай қажысыз елестету тіпті мүмкін емес» (Б.Нәсенов, тарих ғылымдарының докторы, мұрағатшы).
Міне, осы Құнанбай қажы туралы айтылған сөзді бүгінгі әңгімеме арқау болып отырған еліміздің біртуар азаматы, жастар көсемі Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болысқа да арнар едім.
Әкем Ботабай: «Ғанидың әкесі Мұратбай орташа дәулеті бар, Қарасақалдың ішінде өте сыйлы, соның арқасында «Қалыңбас» болыстығына он сегіз жыл болыс болған. Көзі ашық, арабша сауаты бар, ақыл-парасаты мол, сол заманның айтулы адамдарымен дос-жаран, құда-жекжатты болған.
Халық ақыны Қарасақал Ерімбет, Жалаң Төртқара Тәжімбет, Үмбет би, қарадан шыққан Алтынбай Алданазар болыс, Францияда Елисей алаңында дүкендері бар саудагер татар Ғанибай, шайыр Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ділекеш, Бисенбайлармен жора-жолдас, сыйлас болған. Бір ерекшелігі, бұл кісілердің барлығы да – арабша сауатты, оқи және жаза білген, шетінен шешен адамдар.
Мұратбай болыс болып тұрғанда Қарасақал руы асар есебінен үш мешіт аштырып, балаларын оқытқан. Қуаңдария бойында «Ақ ишан», «Кәлен ишан», Қарақұмда Көкаша деген жерде «Өтеп ишан» мешіттерін салдырған», — деп айтып отыратын (Б.Рыстығұл — Қазақы қараша үйден көтерілген, 20.09.2012, «Қазалы» газеті).
Белгілі журналист, публицист, филология ғылымдарының докторы Б.Омарұлы: «Ғанидың әкесінің сіңірі шыққан кедей болғаны жөніндегі «мифтің» қалай тарағаны белгілі. Кеңес өкіметінің талабы солай еді. «Жас Алаштың» өзі де 1935 жылы «Ғани жолдас – бұрынғы Қазалы уезіндегі малмен күнелткен бір шаруаның баласы» деп жазды. Ал Мұратбай – Қалыңбас болысын басқарған кісі. Оны бүкіл Қазалы жұрты жақсы біледі. Болыс баласын жасынан оқу-білімге бейімдеген. Ғани ержеткен соң әкесінің қағаздарын жазып-сызуға жәрдемдескен.
1992 жылы 27 маусым күні Жаңақазалы қыстағында жасы жүзге таяған Рыстығұл қартпен әңгімелестім. Ол кісі Ғанидың жақын ағайындарының бірі еді. Рыстығұл ата мен сөйлескен соң да бірер жыл өмір сүрді. Бертінде дүние салды. Диктофон таспасына сақталған сол әңгімені өзгеріссіз ұсынғанды жөн көріп отырмын.
«Қани адам біткеннің сұлуы еді. Түрі аққұба болатын. Әңгімелескенде бетіне қарай бергің келетін. Сүйек бітімі ірілеу болды. Жай сөйлейді. Бойы ұзын. Әкесі де ажарлы адам еді. Бұл одан да сұлу болды.
Мұратбайдың Орысбай дейтін ағасы болған. Мұратбай жиырма-отыз жыл болыс болды. Кейін болыстығын Орысбай алған. Орысбай – Ермектің, Мұратбай – Қажеттің баласы. Орысбайдың баласы Мереке осы Қазалыда тұрады. Қанидың шешесінің аты – Батпа (Бәтима, — Б.О.). Қани оқуда жүрген кезінде үш-төрт ай болысқа хатшы болды. Он сегіз ауылнайға бұйрық жазды. Жұмысын әділ істейтін. Мұратбай Жәнет деген қызды асырап алған. Оны бойжеткен соң Ерімбеттің (қазақтың әйгілі ақыны Қарасақал Ерімбет, — Б.О.) үлкен баласы Махамбетке ұзатты. Жәнет сол жолы маған арнап тақия тікті. Бес күн той болды. Біздің шешеміз жеңгетайлыққа жүрді.
Мұратбай Қани онға келгенде қайтты дүниеден. Бір күні қалада өткен жиын-тойға бардық. Қани жасы кіші болса да бізді ертіп, жол бастап жүрді. Өзі ылғи әкімдермен отырды. Бір жұпыны киінген адам елеусіз қалып қойған екен. Соны шақырып алып, дастарқан басына отырғызды…
Сол жолы әке сөзін ел ағасы Ботабай Рыстығұлұлы жалғаған: – Қалыңбас деген біздің ел ол жылдарда Қармақшының тұсын мекендеген. Сол Қалыңбасқа болыстық тиіп, «Қарасақалдар, кімді сайлайсыңдар?», — дегенде жұрт Мұратбайды ұйғарған. Өйткені ол елге жағымды болған». (Б.Омарұлы — Ғани және «Жас Алаш», 22.03.2021).
Мұратбай болыс өте кішіпейіл, қатал сөйлеуді білмеген адам екен. Болыстық қызметімен бір ауылға не елді мекенге келсе, сол жердегі барлық үйге кіріп сәлем беріп, аман-саулықты біліп, соңынан ат маңдайын тіреп түскен үйіне қайтып келіп жайланады екен. Үлкен тамаққа сол ауылдың ірі бастыларын шақыртып дастарқандас болуды қалаған. Сол жерде ру ақсақалдарымен, ел ағаларымен ақылдасып, әр үйдің жетпес, қажетті дүниелері болса, отбасылық шаруаларын бірігіп шешіп отырған. Ол кезде жер дауы, жесір дауы, мал дауы ұдайы болып тұрған. Әсіресе жетім мен жесірлеріне, қарияларға ерекше көңіл бөлген. Атам Рыстығұл айтып отыратын бай, кедей деп Кеңес өкіметінің шығарып жүргені, ол заманда бай, кедей болып бөлінбейтін, әр үйдің өзінің төрт түлік малы бар, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшетін кезде бір-біріне мініске ат, жүгін тиеуге түйесін, сауынға биесін беріп отыратын. Өйткені ауыл адамдары бір рудың адамдары, бәрі өз туыстары, бауырлары, бір-бірін тастап кеткен емес.
Мұратбай болыс өз ісін адал атқарған, халыққа жағымды болған. Алдына келген әр істі әділ шешіп отырған, сондықтан да болар Қалыңбас болыстығын 18 жыл басқарған. Қарамағындағы халқының көшіп-қону жұмыстарын жеңілдету үшін өз қаражатына Қуаңдария өзеніне көпір салдырған және ол көпірді досы Қосмамбеттің (Қарасақал Ерімбеттің ағасы) сұрауы бойынша «Қосмамбет көпірі» деп атаған. Қарамағындағы халқының тұрмыс-тіршілігіне көмектесумен қатар елді сауаттандыруға ұмтылған. Соның дәлелі Қуаңның бойынан екі мешіт, Қарақұмда бір мешіттің бой көтеруіне үлкен үлес қосқан. Бұл мешіттерде балалар арабша білім алған.
Заманның ағымымен өз баласы Ғаниды 1911 жылы орыс-түзем мектебіне береді. Шайыр Қарасақал Ерімбет орыс тілінің болашақ керек болатынын ерте түсінген және айтады екен: «Балаларды заманынан қалмасын орысша оқытыңдар, және мені Мұратбай қана түсініп баласын орыс-түзем мектебіне берді» деп. Ерімбет атамыз Ғаниды мектепке өзі ертіп апарып, баласы Құлахметтің жанына отырғызып кетіпті.
«Дәулет сауаптан болса қайырлы» деген ұстаныммен өмір сүрген Мұратбай болыстың өз заманының көзі ашық, сауатты, рухани мәдениетті, озық ойлы азаматы екені көрініп тұр.
Осы жерде Абай Құнанбаевтың отыз сегізінші қара сөзінде «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады» деп айтқанындай, Мұратбай болыс баласы Ғанидың білім алуына жол ашып, жастайынан халқының тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, еңбекке баулыды.
Шығыстың жарық жұлдызы Ғанидың бойындағы адамгершілік, мейірімділік, көркем мінез, білімге деген құштарлық сияқты қанмен сіңген асыл қасиеттердің текті атаның ұрпағы әкесі Мұратбайдан дарығанын байқауға болады.
«Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз осындай текті адамдарға қатысты айтылған.
Қазіргі жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолында білімді бәрінен биік қойып, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық рухын бойына сіңірген, саналы ұрпақ тәрбиелеу – бәріміздің борышымыз.
«Ерім деп еміренген ел болмаса, Елім деп еңіреген ер қайдан туады?» демекші, Мұратбай болыс және басқа да қазыналы Қазалы өңірінің өркендеуіне үлес қосқан ел азаматтарының өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін қалың оқырманға таныстырып, тарату – бүгінгі буынның міндеті.
Абаш РЫСТЫҒҰЛОВ
Көрнекі сурет: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!