Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайдың қымбат кезінде де экономиканы жаңғырта алмадық

25.06.2025, 9:30 201

HALYQLINE.KZ

«2024 жылы нақ осы кезеңде мұнай бағасы 80 доллар болған. Соның өзінде былтыр жыл соңында бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрады. Сондықтан қазіргідей мұнайдың бағасы уақытша көтерілгенде «Қазақстан үкіметі осы жағдайды сәтті пайдалана қояды» дегенге сену қиын. Біз қымбат мұнай кезінде де экономиканы жаңғырта алмадық. Негізінде, соғыстың, қақтығыстың ешқандай елге пайдасы жоқ. Мұны Ресей мен Украина арасынан да байқап отырмыз. Қазір әлем үлкен құбылыс алдында тұр. Ертең қандай заман болатынын дөп басып болжау қиын. Әрине, мұнайдың бағасының өскендігі жақсы. Бірақ ұзақ мерзімге мұнай бағасы өсе қоймайды. Бұл – уақытша құбылыс. Ал осы уақытша құбылыстан үкімет ұтамыз десе, қымбат мұнай сатып, оның үстінен көрген пайданы Ұлттық қорға жиып алу керек. Бюджетті мұнай бағасы 60 доллар болғанға дейінгі сценариймен есептеді ғой. Сол 60 доллардан түскен түсімді жобаларды орындауға, бюджеттің шығындарын жабуға жұмсау керек те, ал қалған артығын Ұлттық қорға аударып отыру керек деп есептеймін. Бұл мәселені депутаттар парламентте көтеруі керек. Үкіметке арнайы тапсырмалар берілуі тиіс. Едел-жедел шешімдер қабылданып, осы сәтті пайдаланған жөн. Геосаяси ахуал құбылып тұрған жағдайда үкімет және үкімет мүшелері әлдеқандай жағдайға дайын болуы керек. Қиын заман болғанда қарапайым халықты қинамай алып шығу жолдарын қарастырған жөн. Бұл – бір.

Екінші, мұнай бізге мәңгі азық болмайды. Осыны біздің айта-айта жағымыз талды. Қазір үкіметтің «экономиканы әртараптандырамыз» деген сөзінің қадірі кетті. Қазір бюджет ортайып, Ұлттық қор азайып, теңгенің құны төмендеп, экономика құлдырай бастаса бітті үкімет пен Ұлттық банк «геосаяси жағдайға байланысты жағдай осылай болып жатыр» деп ақталады. Экономикасы мұнайға байланған елдің көрген күні –осы. Иран мен Израиль қақтығысы қысқамерзімде тәмамдалмаса, күзге қарай әлемдік экономикалық жағдай тіптен қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан қазірден қордағы қаражатты үнемдеп жұмсап, бюджеттік шығындарды қысқартып, тиімді жобаларды ғана қаржыландырып, шағын бизнестің өсуіне жағдай жасалмаса онда тағы да үкімет пен Ұлттық банкке геосаясатты желеу етіп, ақталуына тура келеді».

Оразәлі  СӘБДЕН,

экономика ғылымының докторы, академик.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен)

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: