HALYQLINE.KZ Кеше әлеуметтік желіде Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының тапсырысымен түсірген режиссер Серік Таласовтың «Жезөкше» атты 4 мин 42 секундтық «киносы» шықты. Кинода қысқа белдемше киген қызды таксист машинаның есігін құлыптап алып, қорқытады. Таксист:
– Полицей қызметкерін киген формасынан танимын, сен – жеңіл жүрісті қызсың, өйткені киімін соған ұқсайды – деп өз жайымен кетіп бара жатқан қызға қоқан-лоқы көрсетеді.
Бұндай типтегі «қазақ қызын якобы тәрбиелейтін» роликтерге ет үйреніп кеткелі қашан, соны да сөз деп отырсың ба?» деуіңіз де мүмкін. Моралистерге мән бермейтінмін, бірақ роликтің вирус сияқты таралуы, дұрысын айтқанда белгісіз топтардың мүмкін арнайы топтардың әдейілеп оны жарнамалауы, таратуы осы постты жазғызбасқа қоймады.
Инстаграмда 1,3 млн жазылушысы бар психология ғылымдарының кандидаты М.Тазабековтың тікелей харассментті, кез келген қызды сыртқы киім киісіне қарап қорлауға дәріптейтін, жаман мысалмен ер жігіттердің көзіне түскен қызға қарай «бұқалануға» жасыл цвет беретін видеоны бөлісуін қалай түсінуге болатынын білмедім. Президенттің өзі отбасындағы зорлық-зомбылыққа, педофилияға қатысты жазаны күшейтетін заңды қабылдап, елді қайтсем дамытамын деп, жар құлағы жастыққа тимей жүргенде Тазабектердің осындай видеоны дәріптеуі – президент саясатына кедергі келтіру емес пе? Қит етсе қыздарды кінәлай бермей, неге ер адамның жауапкершілігі туралы айтпасқа?! Тазабек сын қабылдай алмайды екен, мен көрген роликпен келіспеген комменттің бәрін өшіріп тастаған.
Тағы бір қызығы – сын көтермейтін видеоның Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының тарсырмасымен түсірілгені. Білуімше, бұл Шымкент әкімдігіне қарайтын мемлекеттік ұйым сияқты. Кеше бірнеше адам сынаған соң бұл орталық әлжелідегі парақшасынан видеоны алып тастады. Осы ортада ZTB (За тебе Бәке) сынды 135 мың оқырманы бар паблик осы видоны өз парақшасына салды. Ол жерге ztb админі өзіне ұнаған соң жеке симпатиямен салғанына күмәнім бар. Яғни, видеоны тапсырыспен түсірткен орталық мемлекет қаржысына харассментті дәріптейтін видео түсіртіп ғана қоймай, бюджеттің, яғни біз бен сіздің ақшаңызға оны жастар отыратын әртүрлі площадкада жарнамалап отырған болуы мүмкін. Оны журналистер анықтай жатар.
Осы видеоның астына коммент қалдырғандар: «ҚЫЗДАРҒА обал жоқ, тана көзін сүзбесе бұқа жібін үзбейді, ЕШТЕ сол керек қызға, САУАП болды, ОРАМАЛ ТАҚПАҒАН соң сол әне» деген сықылды ой бөліскен. Яғни, бұл – тікелей жастардың ойын бұзу. Суреттен сол комментерден үзінді көре аласыздар.
Енді харассмент одан сайын көбейіп кетсе, желдің қайдан соққанын бағамдап жатарсыздар. Әлеуметтанушы, психолог мамандарға зерттеуге таптырмас тақырып.
Мынандай тобырлық санадағы елге цифровизация да, құқық, заң да ешнәрсе керек емес. Бастысы, қызды қымтап қойса болғаны…
Мөлдір ТӨРЕШ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!