Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы
Қайран Сыр! Ән-жырдың алтын арқауы, Тұранның асау ардасы, Алаштың аяулы ардағы едің сен. Басыңда дәуренің жүріп тұрғанда екен ғой! Ендігі күнің мынау… Аралдан кейінгі кезек саған да жеткендей… Неге бұлай?
Егемен елдікке жеткенімізге 30 жылға тақады. Бір қарағанға, аз уақыт емес. Жаңа тарихта жаңғырған дүние түбегейлі өзгерді. Тек Сырдариямызға деген көзқарас жоқ бұл қатарда. Мұнда «бәрі де таз қалпында» десек, шындыққа қиянат айтқандық болмас. Мысалы, биыл су басындағы мешкей мелдектер күптіліктен жарылып, тоқсан жерден буылған тар өзектерді топансу іреп жатқанда, сен жанарың жаутаңдап, бір жұтым нәрге зар, тәсілімдушар біреудей қатты шөліркеп жатырсың.
Адам істейді, зауалын дегдар табиғат тартады. Бірақ мұның ақырғы үлкен зауалы аумай-төкпей пенденің өзін таппаушы ма еді? Мен Сыр (Әму) бойында, мұхиттағы мұзтау шетіндей ғана көзге түскен, мәлім мәселелерді термешілеуден аулақпын. Тек, сезім сөзінің бір дәйекті табантірері үшін Қызылорда жеріндегі өзіме мәлім жайтты айтамын. Біздегі күріштік алқабы биыл 88 000 гектарға (!) жетіпті. (Басқа танаптарды айтпағанда). Дария тартылып, іргеден тықыр тақағанда, соның 7-8 мыңы қысқартылып жатқан сияқты. Бұл не? КСРО-ның өзі тым көп басымдыққа жібермей 60-70 мың гектарда ұстаған сол сусамыр дақылды, бүгінгі тірлігімізде, сонша – 88 мыңға жеткізу не шалқу? Бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояғандай бұл не іс?!
Аптабы Африкадан да өткен Сыр (Әму) бойына телінген сусамыр дақылдар… Олардың үстем-тәбетін тежеп, суды аз ішетін, үнемді тірлік-шаруашылықтарды әртараптандыру айтылып қояды, бірақ нақты істер мардымсыз. Халық дастарқанын ортайтпайтын тірлік жолдары, іздегенге табылады… Ал сол әр тамшысы алтындай судың рәсуасы қанша! Жасырын (ұрлық) гектарлар жыры бір бөлек. Төмен экологиялық мәдениет дейді мұны. Баяғы советтік күмпілдек рекордтар мен жеңістер желігі бүгін де басылмаған. Осыдан 27 жыл бұрын Қызылордада бас қосқан іргелес 5 ел басшылығы осы жайттың пәтуасына келген. Шындықтан қайда қашады! Арты не болды? Тарих жалған сөзді кешіре ме? «Хандардың екі сөйлегені өлгені» – мен тапқан кесім-сөз емес… «Арал тілсіз, Сыр көнбіс» деген әсірепрагматикалық көңіл-сенім қанымызға тыстамастай боп сіңіп қалған. Сырдың суы ең алдымен табиғат нәпақасы екенін айтсаң, сені бір, өмірден алыс деліқұлы көреді.
Өркениетті жұрттар «нанынан» бұрын табиғат жайын ойлайды. Оларда ең ұлы бастамалар алдымен табиғатына «тәу етеді». Биік парасат, мәдениет шарты сол. Өйткені, табиғаты саламат болмаса, нан-суың заһар, өмірің тозақ болары олар үшін басы ашық жайт. Ортақ суларға көзқарас та сондай. Техногендік зілі бізден мың батпан Еуропада, оншақты елден өтетін Дунай осыған мысал. Бұл қатарға Тигр-Евфрат, Ніл, Колорадо суларын қосуға да болады.
Күріш Іле өзені бойында да бар. Сырдарияға зіл сала бермей, таратып өсірем десе, бұл дақылға қолайлы өзге де жерлер бар. Бірақ осының бар міндеті бір Сырдың «мойнынан көрінген». Бұған мақтанатын рет жоқ енді. Сыр бойы – қалыптасқан қасаң ұғымымызда «күрішке ғана буаз» бола беретін сондай бір жабы-торы. Біздің осыған психологиямыз, ұғымымыз, діліміз мықтап байланған. (Бұл жерде, «муссоны селіккен өлкеде өсетін сусамыр дақылды мына шөл өлкеде өсіруге кімнің ақылы жеткен?!» деген сарысүйек сұрақты қайталамай-ақ қояйық). Сөйтіп, арда Сырымыздың, осы күні, біреудің қотан-қорасына келетін жап арықтан артық күні қалмады.
Асылы, Іле, Қаратал, Лепсі сияқты өзендерден, Сырдағыдай бар сөлін сығып ала берсе, ол жақта да мыңдап гектар көбейтіп, рекорд жасай беруге болар еді. Жалпы, қай суың да егіс-өріске бұрып ала беруге қолай ғой. Бірақ жаңғырған тарихымызда ол өлкелер жұрты парасатты тірліктерге ден қойды. Сонан да, Жетісуда бұхар бұғысы, тұран жолбарысын өсіреміз деп жатыр. Іле атырауына шаң тигізбей дәріптеу бар. Сонан да, Балқаш, Алакөл шалқып, Қорғалжынның базары тарқаған жоқ. Құдайға шүкір деу керек! Өнеге алатын үлгі-тірліктер. Яғни, өзге алаптар баптаулы ат әлетінде болса, біздің Сыр-Арал алабы шаруаға ғана қажет мініс мәстегі күйіне түскен. Неге? Олар сонша не жазып еді? Сырда сәл су бар деп, тағы «Күміскеткен», «Қараөзек» қоймалары салынбақшы. Әйтеуір, дария суын ала беру керек!.. «Мата атымен бөз…» өткендей – «Арал үшін», «керісуреттегіш» деген уәждермен кезінде арықтан аты өтіп алған «Көксарай» енді су қоймасы боп шалқайып отыр. Тіпті, «онда неге су аз?» деген ресми тараптар сұрағы бүкпесіз. Идея бойынша, дария бәсең жылдары онда су болуға тиіс те емес қой!
Мен жеп отырған ризығымның қадір-қасиетін білетін адаммын, күріш – қасиетті дәм. Бірақ, әр нәрсенің әсте-әстесі бар. «Көрпеңе қарай көсіл» деген тәубелі қазақпыз. Сыр сияқты «көрпеміздің» бас-аяғы шектеулі, дария суы топансу пұшпағы емес. Іргедегі Арал халі анау! Осылар бедерінде «Қазақстанның 90 процент күрішін біз береміз» деген мақтан сөз не? Табиғат «қанымен» келген, татымы ащы игілік емес пе ол?
Сыр табиғатының өзі, жалпы табиғат осы зілзалаға қарсылық көрсете бастағандай…
Бұл іспетті ойларды көршілердің мақталы өлкелеріне де арнауға болады. Жалпы, Орталық Азияның бұл реттегі проблемалары осы айтылғандармен егіздің сыңарындай…
«Пайғамбар тісі» реуішті ақ салыны адалынан өсірген кешегі диқан ақсақалдардың иманды тірлігіне оралу керек. Ең бастысы: қанағат, таупық, жанашыр тірліктер керек мына біздің төл бесік – туған табиғатқа.
20.05.2020 ж., сағат 12:00
* * *
Өшкен жанып, өлген тіріледі. Егер шын жанашыр жоқтаушысы болса. Жер бетінен біржола өшіріліп тынған кешегі Аралдың солтүстік шетінде өмірге қайта оралған Кіші Арал сол. Халық ізденісінің нәтижесі ол.
Кіші Арал! Бұл идеяның халықтық ауқымда көтерілгеніне 31 жыл (1989 ж. «Қазақ әдебиеті» газеті), сонан кейін, бірінші кезегінің іске асқанына 15 жыл (2005 ж). Мына заулаған уақыт бедерінде көптеу мерзім. Бірақ жұртшылық «мойнына бұршақ сала» сұрағандай осы талаптың ары жүзеге асуы ойдағыдай болмай тұр. Мына, соңғы жүрдек тарихта елімізде қанша шаруа тындырылды! Тек Аралдағы осы бастаманың алды бір ашылмай қойды.
Жалпы, дүние түбегейлі өзгерді, тек Арал өлімінің беті бір қайтқан емес. Жаңғырған тарихта ол КСРО-ның зорлық тепкінінен бетер халге түсті десем, шындыққа қиянат болмас. Әйтпесе, жаппай егемендік алған азат Орталық Азияның көгілдір сабаты Арал қайда кетті? Соңғы 30 жылда ол қалайша Жер бетінен жедел өшіріліп тынды. Енді, елдің де, жердің де соңғы үміті Кіші Арал болып қалды.
Қасіретті теңіз үстінде кезінде биік уәде, иман сөздері көп айтылған. Арал сонау біздің азаттығымыздың алғашқы жылдарында ел болып ұйысуымыздың, ұлттық санамыз оянуының бірден-бір ұйытқысы болып еді. Сол тұста науқаншыл ерлер мен қайраткерлік қаулап бас көтерді, биік ұрандар үлкен-үлкен әріптермен жазылды. Қайда енді сол науқаншыл «жарамазаншылар»? Бір-жар пайда баққан «желбаққыштар» болмаса, тиімі кеткен сәнсіз тақырыптан бәрі теріс айналып шыға келді. Ал халық діттеп сұраған Кіші Арал талабы, міне 31 жыл (арты 15 жыл) ары жылжымай, тұралап тұр. Бір тұрғыдан, пайда мен бедел қуған біреулер осыны дода етіп, елдің жігерін құм, талабын жер етіп отыр.
Аралдықтар өз ішінде ары тарт та, бері жықпен осылай ырқылжың соза берсе, расымен Сырдың суынан мақұрым қалатын сияқты. Алтау ала болса, ауыздағы кеткен. Су ресурстары комитетінің (СРК) мәліметі бойынша, 2005-2015 жылдар аралығында теңізге жылына орта есеппен 10 млрд. т.м. су түсіп, соның көбі Үлкен Аралға кеткен. (Жай кетпеген, мыңдаған тонна балықты өзімен бірге ала кетті, осыған ешкім әлі жауап берген жоқ). Бұрыннан бар суды қосқанда, бұл екі Кіші Аралды толтыратын су еді. Сонан айырылып, «ары тарт та, бері жықтан» аса алмай жүргенде, енді тіпті жақсы болды: «Көрдіңдер ме, биыл Сырда су жоқ, сондықтан Кіші теңіз болмайды!» деген жүрдек сөз шықты. Мұндай «мысықтілеу» жақсы емес. Сырдарияда су бар. (Әйтпесе, жоғарыда Шымқорған, төменде Күміскеткен, Қараөзек қоймалары қай несібеге салынбақ?) Тек, сол Сырдың суын (сыбағалы суымызды!) кеуделеп, бері қарай ала білу керек. Міне, нағыз азаматтық тұғыр тілейтін іс – осы. Бұл, ең алдымен, елдік мүдде: Сырдарияда Қазақстанның үлесті таза 12 млрд. т.м. суы бар. Бұл үлес әр жылдың жағдайына қарай, проценттік тұрғыда сақталып және алынып отыруы тиіс. Бұл – бір. Екінші, біздің Қырғызстанға көмір, астық, газ беріп сатып алған үстеу суымыз (жүздеген миллион т.м.) Ферғана, Ходжанд, Мырзашөлде ұрланып жоқ болмауы керек. Сонау елдер жерінен өтетін ол су сол елдерге аманат. Аманатқа қиянат – екі дүниеде де нәмәрттік. Су-дария олардың жерінен өтіп жатса, олардың өмір-дариясы біздің жер, әуемізден өтіп жатыр. Бұл да аманат. Біз сол аманаттарға сондай қиянат жасап отырмыз ба?..
Өзімізде ішкі су пайдалану мәдениетін көтеру керек. Адамдар қанағатты тірлікке келмей болмайды. Өрескел жайылып кеткен сусамыр дара дақылдардың мәлім және жасырын гектарлары азаюы тиіс. Дария шексіз емес, ондай «еркелікті» енді көтере алмайды. Су ысырабы көп. Айналып келіп, тепкіден көз ашпаған Сырды қинай беру сонша ерлік іс емес. Құдайдың от-аптабында 3 ай бойы суда тұратын сусамыр дақыл көлемін шектеу – енді қажеттілік. Жаңғырған сана, өркениетті қоғам, жаңа тарих талап етуде мұны. Биыл дана Табиғат адамдарға осыны көзге шұқып көрсетті. Табиғат шын назаланса, онан да зоры болар, Құдай оның бетін аулақ қылсын! Парасатты саясат қана нәубеттердің алдын ала алады.
Экологиялық мәдениет дария ризығын еселей алады. Суға құрмет, үнемдеу, жанашырлық артады. Су үнемді дақылдар орнату, әртарапты шаруашылық бағыттарын іздеу өмір талабына өткір көтерілді. Тірілген Кіші Арал өзінің заңды үлесін сұрайтын болады. Бұл – машақатты тірлік. Бірақ Сыр бойындай өлке үшін басқа жол да жоқ. Адамдар енді осы міндетке бет бұруы керек.
Шиелі ауданында тамшылатып суарумен бақшасын жайқалтып отырған иманды диқан үлгісін ынталандыру, өзгелерге өнегелеу керек. Туған табиғатқа жанашырлықтың қиын болса да, адал жолын таңдау – үлкен азаматтық.
Арал өңіріне Солтүстіктен су әкелу де күн тәртібіне көтеріліп келеді. Теңіз үшін жаңа бір кепіл көзі ол. Астанамыздың Есіл бойына қоныстануы, ол бетте жаңа су қоймалар салынуы – осының алтын кілті болғалы тұр.
Аралдың дәмді балығы, ағарған-ет молдығы және шағырмақ күні, ең бастысы, теңіз суының емдік қасиеті төңіректегі Ақтөбе, Жезқазған, Шымкент, Қызылорда жұртшылығы үшін алыстағы Қара теңіз, Ыстықкөл, жақындағы Алакөлден тиімді болмақ. Ұқсата білсе, туризм – өркениетті қоғамның тағы бір игілік көзі.
Сыр бойы махаббат пен қамқорлыққа лайық. Ән-жыр, думан-тойларымыз кеңпейіл, ақеден табиғат аясындағы алаңсыз перзент көңілі. Солар ортаймасын!
28.05.2020 ж.
Әлеуметтік желідегі
парақшасынан алынды.
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!