HALYQLINE.KZ Біздің халықта ғылым жайлы қалыптасқан теріс ұғым бар, университетте жұмыс атқарса болды ғалым деген. Университеттің негізгі міндеті – білім беру, яғни, онда қызмет атқаратындардың дені – ұстаздар. Сол университет жанында ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми-зерттеу орталықтары, ғылыми-зерттеу зертханалары қызмет атқарады. Міне, сонда ғылым іске асады. Бірінші осыны ескеру керек.
Сосын профессор-оқытушы және профессор-ғалым деген ұғым бар, біріншісі тек студенттерге білім берумен айналысады. Екіншісі студенттерге білім берумен қатар, ғылыммен айналысады. Ғылым құр идеямен іске аса алмайды, оған міндетті түрде қаржы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттен конкурс негізінде гранттық қаржыландыру, бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру және т.б. түрлері бар, бірақ, бір өкініштісі бөлінетін қаржы өте аз.
Сондай-ақ, ғылыми дәреже және ғылыми атақ деген ұғым бар. Ғылыми дәреже алуда коррупциялық жағдайлар болып тұратын, бірақ, қазір өте қуантатын жағдай мұның тамырына балта шабылды десе де болады, енді ғылымға тек талабы бар жастар келеді. Ал, ғылыми атаққа келетін болсақ, оны ешқандай ақшамен сатып алу мүмкін емес, ол – нағыз еңбекпен келетін дүние. 2011 жылы жаңа Ғылым туралы заң қабылданды, содан бері біздің университетте бірде-бір ғалым атақ ала алмай жүрген, мен алғаш рет 2018 жылдың қыркүйек айында жаңа талапқа сәйкес профессор атандым.
Меніңше, ғылым жақсы табыс әкелмегендіктен, бай-бағландардың балалары ғылыми дәреже мен атаққа қызыға қоймайды. Олар бизнеске, банк саласы, саясат және т.б. салаларға кетеді. Ғылымға келетіндері шынайы ғылымға қызығатындары деп ойлаймын. Жалпы, ЖОО орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына барсаңыз, бай-бағландардың балаларын өте сирек кездестіресіз, бұл салаға көбінесе қарапайым отбасынан шыққандар келеді.
Өз басым, мектептегі балаларға ғылыми жұмыс бергенге қарсымын, олар көбіне білім додаларына қатысуы керек, мысалы, пәндік олимпиадаға. Ал, мектепте ғылым рефератпен шектелсе де болады, яғни ғалымдардың соңғы жетістіктерімен танысу мақсатында.
Жастарға күнкөріс керек, өсіп-өну, отбасын құру және т.б. Ал ғылыммен шынайы айналысатын болсаң, көп уақытты сарп етіп, төменгі табыспен ондаған жыл еңбек етуге тура келеді, содан кейін ғана ғылым жемісін беріп жатады. Ғалым ғылым жолында еңбек етуі үшін оған ғылыми инфрақұрылым (зертхана, ол зертханада қажетті құрал-жабдықтар, реактивтер, ыдыстар, зертханалық жиһаз және т.б.), еңбек ететін мамандар (әсіресе, жастар) және міндетті түрде қаржыландыру қажет. Бұлардың бірі болмаса, ғылымнан нәтиже көру бос әуре. Осыдан 10 жыл бұрын Елбасының қолдауымен өңірлерде ғылымды дамыту мақсатында ұжымдық қолданудағы зертханалар мен инженерлік бейіндегі зертханалар ашылған болатын. бұл өңірлерде ғылымды дамытуға айтарлықтай өз үлесін қосқаны анық. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі инженерлік бейіндегі зертхананың ашылуы өңірімізде химия, химиялық технология ғылымдарын дамытуға лайықты пайдасын тигізіп, бірқатар жас ғалымдарға жол ашты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы Ғылым туралы заң қабылданып, ол ғылымды қаржыландыруға жаңа серпін алып келді. Зертхана алғашында мемлекеттен базалық қаржыландыру алып, оның материалдық базасын жақсартуға бірқатар жақсы көмек болды, одан бөлек жас мамандарды жұмысқа тартып ғалым болып қалыптасуына дейін жалақы жағын шешуге мүмкіндік берді. Конкурстық негізде гранттық қаржыландыру арқылы ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін дамытуға көмектесті. Осы зертханада жүргізілген ғылыми-зерттеу нәтижелері алғаш рет өңірімізде коммерцияландыру жобасын ұтып алуға да қол жеткізілді. Істелген жұмыс аз емес, бірақ, жеткен жетістікте тоқтап қалмай ары қарай да жылжу қажет. Бірақ, кез келген нәрсенің де әттеген-айы болары рас, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру мемлекет есебінен ұдайы төмендеп келеді.
Химия ғылымдарының кандидаты, профессор
Нұрбол Аппазовтың «Халық» газетінде
жарияланған ой-пікірінен үзінді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!