Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нар тұлғалы, ұлағатты ұстаз

20.02.2025, 15:00 73

HALYQLINE.KZ

«Жақсы басшыға қатысты: егерде басқарушы адал болса, онда оны қызметкерлер өздігінен бұйрықсыз орындайды, тыңдайды, егерде ол таза болмаса, бұйрық берілсе де, оның нұсқауы орындалмайды».

Конфуций.

Бүгінде облыс орталығының іргесінде жатқан Тасбөгет кентінде өңірімізге белгілі, мәуелі бәйтеректей жапырағы кеңге жайылған текті Әлиевтер отбасының. тұрып жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Отбасы ұйытқысы, діңгегі іспеттес, әулет мақтанышы, Сыр полициясының бүгінгі абыз ақсақалы, кезінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, өсірген милиция ардагері, отставкадағы милиция подполковнигі Төлеш Әлиев ағамыздың 90 жасқа келіп қалғанын естіп, қолға қалам алдым. Сонау 80-жылдары есімі Сыр милициясына, Жалағаш пен бұрынғы Сырдария ауданы халқына жақсы таныс, өзіндік, ерекше орны бар, балалары мен немерелерінің өнегелі әкесі, атасы, жарына жақсы, арқасүйер жұбайы бола білген, елге сыйлы, абыройлы, асыл азамат, ардақты Төлеш ағамызды сонау 80-жылдардың басынан бері білемін.

Төлеш Әлиев 1935 жылдың 30 тамызында Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1953-57 жылдары Түркістан педагогикалық училищесін аяқтағаннан кейін Тереңөзек ауданы мен Қызылорда қаласының білім саласында, 1958-61 жылдары кеңес әскері қатарында азаматтық борышын атқарған. Кішкентай ауылдан шыққан бозбала ішкі істер органдарындағы қызметін 1962 жылы облыстық ішкі істер басқармасының №10 еңбекпен түзеу колониясында инженер, 1963-69 жылдары облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, №10 тергеу абақтысында жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, 1969-74 жылдары бастық орынбасары, 1974-85 жылдары Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, ал 1985 жылдан бастап Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарып, 1988 жылдың шілде айында «милиция подполковнигі» арнайы атағымен абыроймен запасқа шықты.

Ол қызмет барысында Қазақ КСР ішкі істер министрлігінің, облыстық, аудандық партия комитеттерінің, облыстық ішкі істер басқармасының 17 ақшалай, заттай, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңес Президумының шешімімен ұзақ, адал еңбегі үшін «Еңбек Ардагері», «Кеңес милициясына 50 жыл», «Кеңес милициясының үздігі», «КСРО Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» I, II, III дәрежелі медальдарымен, Қазақ КСР ІІМ, ОІІБ құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақ КСР ішкі істер министрлігінің бұйрығымен жеке құрамның саяси сабақтарын белсенді ұйымдастырғаны үшін «Құрмет грамотасымен», 1969 жылы өткен жылдарда жасалған ауыр қылмыстарды ашқаны үшін лауазымдық жалақысының 50 пайызы көлемінде ақшалай марапатталған. Кезекті милиция подполковигі арнайы атағы 1981 жылдың 1 маусымында КСРО ішкі істер министрі, милиция армия генералы Н.Щелоковтың бұйрығымен берілген.

 Өмірлік тәжірбиесі мол Төкең жиырма алты жыл өмірін Сыр бойында қылмыс пен құқықбұзушылықтарға қарсы күресуге, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнады, елдің өркендеуіне айрықша үлес қосты.

Төкеңнің жеке ісіндегі мәліметтерге сәйкес, ол 1988 жылдың 16 маусымында ішкі істер органдарындағы шекті жасына жетуіне байланысты запасқа шыққан. Лауазымға тағайындалу, арнайы атағын алу құжаттарында сол уақыттағы облыстық милиция басшылары, Сыр милициясының аңыз адамы, көп жылғы бастықтың бірінші орынбасары, полковник А.Сағымбаев, басқа да өңірімізге белгілі полковник, подполковникер М.Мусаев, А.Юрин, Қ.Юсупов, Б.Сералиев, Қ.Сулейменов, С.Мусағалиев, Ж.Демеуов, т.б. ардагерлер қол қойған. 1978 жылы 20 қазанда басқарма бастығы, милиция генерал майоры Б.Омаровпен әзірленген аттестациялық параққа комиссия мүшелері, ішкі істер министрінің орынбасарлары, генералдар А.Жданов, А.Тұмарбеков., Н.Филипенко, жерлесіміз Н.Алмағамбетов, полковник Г.Береснев, т.б. қол қойған.

Ағамыздың жеке ісіндегі өз қолымен жазылған өмірбаянында оның 1959 жылы «кіші ұшқыш мамандарын дайындайтын» әскери мектебін аяқтағаны жазылған. Шамасы кезінде ДОСААФ жанында жұмыс істеген алғашқы әскери дайындық мектебі болған болу керек.

«Ел ағасыз болмас, көл жағасыз болмас» деген қазақта сөз бар. Жалпы өмірде әрбір адамның қадір тұтатын адамы болады. Мен үшін туымы, түрі, жүріс-тұрысы, сөзі, мінезі бөлек, жүрегі жұмсақ, тектілігімен, еңбекшілдігімен, әділдігімен ерекшеленген сондай адамдардың бірі – Төкең. Оны алғашқы көргенім әлі есімде. Сонау 1982 жылы арнайы оқу орнын аяқтағасын Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің Мемлекеттік өрт қадағалау бөлімшесінің инспекторы лауазымында үш ай қызмет атқарғаннан кейін әкемнің туып-өсіп, қызмет жолын бастаған Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Мемлекеттік өрт қадағалау инспекциясының аға инспекторы лауазымына тағайындалдым. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция подполковнигі Т.Әлиевтің көлемі үлкен қызмет бөлмесіне кіріп, лауазымымды, арнайы атағымды, аты-жөнімді, басқарма бастығының бұйрығымен тағайындалғанымды баяндадым. Жаңа жиһазбен жабдықталған бөлменің төрінде қызыл түсті қыжым мата жабылған емен ағашынан жасалынған үлкен столға қолдарын қойып, қара былғарымен қапталған креслода орналасқан жасы елуге жақындап қалған, үлкен, қара көзді, шаштарының самай тұстары енді ағара бастаған, үстінде өзіне жарасып тұрған милиция формасын киген еңгезердей ірі денелі, қараторы кісі мені өте жақсы, жылы қарсы алып, отыруымды өтінді. Артынша жедел-тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, милиция майоры Арыстан Аширов пен саяси-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, милиция капитаны Мақсұт Қошмановты шақырды. Төкең олардың көзінше менің аты-жөнімді, жасымды, туған жерім, аяқтаған мектеп, оқу орнымды, Жалағаштағы туыстарым, спирттік ішімдіктер ішетінім, ішпейтінім, әке-шешем, аға, апа, қарындасым, үйлену туралы жоспарымды, қайда, кімнің үйіне тоқтайтынымды, тағы басқа көптеген ақпарат сұрады. Соңында қызмет барысында қандай да бір мәселе туындаса, өзіне кез келген уақытта баяндауды, шешуге тырысатынын айтып, қызметіме сәттілік тіледі. Кейін қызмет барысында ол кісінің жас мамандарға қамқорлығы мені таң қалдырды. Кездесіп қалса немесе құжаттарға қол қойдыруға қызметтік бөлмесіне барғанымда үнемі хал-жағдайымды сұрап тұрды. 

Төкеңнің қарамағында 2 жылдан аса уақыт қызмет атқардым. Төкең қызметте әділ, аса салмақты, сабырлы, мәдениетті, өте кешірімді, артында зілі жоқ, әр мәселені ойланып, байыппен қарайтын, адамгершілік қасиеті жоғары, өте кең кісі болды. Бастықпын, құқықтарым бар деп асыра сілтеп, қарамағындағы қызметкердің ар-намысына тимеді. Ол кісінің қызметкер болсын, аудан көлемінде өткізілетін жаппай мәдени-спорттық іс-шаралар барысында бөлімге жеткізілген құқық бұзушы болсын, құрықталған қылмыскер болсын біреуге қатты жекіп, айғайлап жатқанын көрген, естіген емеспін. Қызметкерді өзіне жақын тарта білді, олармен тең дәрежеде сөйлесті, қандай да бір мәселе бойынша олардың ойын, пікірін тыңдап, содан кейін өзінің шешімін, тапсырмасын беретін. Әдетте күштік құрылым бөліністерінде тапсырма, бұйрықтар қысқа, нұсқа беріліп, түсінген, түсінбегенін сұрамай, бар, орында дейтін. Ондай тапсырманы жас қызметкерлер кейде түсінбей жатады. Ал Төкең ерінбей, асықпай тәптіштеп түсіндіретін, одан кейін түсінгендігін, түсінбегендігін сұрайтын.

Мен ол кісіден, оның тәжірбиесінен, жұмыс стилінен өзіме жақсы қасиеттерін алдым. Мемлекеттік қызметте, оның ішінде милиция-полицияда қызмет істеп келе жатқаныма қырық үш жыл, оның отыз жылдан астам уақытын кіші-орта ұжымдарын басқарып келе жатырмын. Күнделікті жұмысымда әрбір орындалмаған немесе сапасыз орындалған құжат үшін дауыс көтеріп, айқайлау деген менің табиғатымда жоқ. Бетің қып-қызыл болғанша айқайлап, өзіңнің, қызметкердің денсаулығына зиян тигізудің, жұртқа жеккөрінішті болудан өзімді аулақ ұстадым. Айқайлап, дауыс көтеріп жатпайтын басшылар бар, бірақ олар айқай-шусыз бірден қызметкердің үстінен баянат жазып, қызметтік тексеру жүргізіп, тәртіптік жаза қолдануды дұрыс көреді. Тағы бір басшылар санаты бар, олар қызметкерге өзі жаман атты болмай орынбасарлары немесе жұмыс көрсеткіштерін жоғарыдағы басшылар арқылы тексертіп тәртіптік жазаға тартып жатады. Біздің Төкең бұл үш санаттағы бастықтар қатарына жатпады. Төкең табиғатында өте жұмсақ, салмақты, салиқалы, алды-артын білетін, стратег, жеке құрамға, әсіресе жас кадрларға жанашырлықпен қарады. Кейбір адамның ойынша полицияда қатаң болып көріну үшін қарамағыңдағыларды үнемі айқайлап жұмыс істету керек.

Әділ басшы бола білген Төкең айқай-шусыз, тәп-тәуір-ақ ұжымды басқарды. Сол жылдары Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі облыста алдыңғы қатардағы, өзіндік орны бар мықты ұжым болды, милиция мен басшылар аудан партия-кеңес органдары басшылары алдында да үлкен абыройға ие болды. Ол кезді қазір тоқырау кезеңі деп жүр, бірақ ол кезде қатты тәртіп болды. Аудандық партия комитеті, оның бюросы, атқару комитеті, партия бақылауы органдары тарапынан басшыларға, коммунистерге қатты талап қойылатын уақыт еді. Төкең сол сынақтардан сүрінбей өтті.

Төкеңнің күштік құрылым болып табылатын ұжымды басқару стилі ерекше болды. Ол бастық ретінде қызметкерден қызметтік көрсеткішті талап етті, орынбасарларына сенді, қызмет салаларын орынбасарлары арқылы басқарды, олардың қызметтеріне араласпады, құзырын шектемеді. Бөлімнің алдындағы қойылған міндеттерді орындауға, қадағалауға көпті көрген, тәжірбиелі А.Аширов жауапты болды, жеке құрамның саяси-тәрбие жұмысын, заңдылықты, қызметтік тәртіпті сақтауын М.Қошмановқа тапсырды. Арекең қызметтік міндеттерін дұрыс атқармайтын қызметкерлерден қатты сұраныс жасай білетін, қатаң талап қойып, жедел ахуал мен орындалуға жататын бүкіл құжатты бақылауда ұстап отырды. Бөлім қызметкерлерімен қылмыстың алдын алу профилактикалық жұмыстар сапалы жүргізіліп, тіркелген қылмыстар уақытылы ашылып сапалы тергеліп, сотқа жолданып, әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталып, бөлімнің әрбір саласында жауапты қызметкерлер өз қызметтік міндеттерін атқарып, жеке құрам ауданның күнделікті өміріне белсене атсалысып жатса, социалистік заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтаса болды емес пе… Төкең аудандағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың жалпы ахуалын күнделікті бақылауда ұстап отырды. Төкең қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларға және аймақтық милиция инспекторларлының жұмысына жауапты болған А.Абсаттаровқа, социалистік меншікке қарсы күрес саласын БХСС аға инспекторы Ғ.Алпысбаевқа, қылмыстық іздестіру саласын аға инспектор Т.Дүйсенбаевқа, тергеу саласын тәжірбиелі аға тергеуші З.Алиев пен сол кезде болашағынан үлкен үміт күттірген менің құрдасым, досым марқұм Д.Әзқожаевқа, мемлекеттік автомобиль инспекциясының жұмысын А.Тобжановқа тапсырды. Төкең басқарған сол кездегі шеберлігі жоғары, сақадай жедел, тергеу, сыртқы қызмет салалары қызметкерлерінен жасақталған Жалағаш милиция бөлімінің жеке құрамы кез келген ауыр жағдайда қызметтік міндеттерді шешуге дайын болды. Ол кезде бөлім қызметкерлері 55-60 жастағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Тыл ардагерлерімен қатар, 30-дан асқан орта жастағы қызметкерлермен бірге біз сияқты 20-25 жастағы оқу орнын енді аяқтаған жас лейтенанттар мен әскерден енді келген сержанттардан тұрды. Сол кезде Төкеңнің жасы 47-де, Арекеңнің жасы 44-те екен. Қазір ойлап қарасам, олардың ойлау, сөйлеу, шешім қабылдау қабілеттері өмір көрген, мол өмірлік тәжірбиесі бар үлкен кісілердей еді. Төкең мен Арекеңнің әділдігі, біліктілігі, адамгершілік қасиеттері арқасында олардың бұйрық, тапсырмаларын үлкендер де, орта жастағылар да, жастар да бұлжытпай, уақытында, сапалы орындайтын. Жас мамандарды бастықтармен қатар ардагерлеріміз де тәрбиелейтін. Олар нағыз жанашыр ағалар, әкелер сияқты ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Ішкі істер министрлігімен бұрын өз деңгейінде жүргізіліп келген жас қызметкерлерді тәлімгерлермен тәрбиелеу жұмысы қазір қайта қолға алына бастады. 1980 жылдары тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру туралы ІІМ-нің бұйрығы болды, бірақ бастықтар мен ардагерлер тәрбие жұмыстарын бірлесіп, жоғары деңгейде ұйымдастыру салдарынан жеке құрам арасында қазіргідей қылмыстар орын алмайтын. Бұйрық пен тапсырмадан басқа арасында ақыл-кеңестерімен, өмірлік тәжірбиелерімен бөлісетін Төкең, Ареке, Мақаң сияқты бастықтарымыздың, жанашыр Сүйеніш, Нұрбек, Көшербек, Абсалам, Мақаш, Божбан, Амантай, Тәңірберген, Нұғыман, Алмас, Зұлқарнай, Ғазымбек, Төлеухан, т.б. алдыңғы буын ағаларымыздың жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз болды.

Әрбір ұжымда бастықтың айқайлап, жанына бататын, сүйектен өтетін сөздеріне еттері үйреніп қалған қызметкерлер болады, олар жай айтқан сөздерді түсінбейді. Қызметкерлердің басым көпшілігі қатты дауыс көтеріп ұрысқан басшылардан қорқып, сыйлайды. Солардың айтқандарын бұлжытпай орындайды. Ондай бастықтардан қорқып тапсырмаларын орындағанмен ондай кісілерді іштей ұнатпайды. Ал дауыс көтеріп, ұрыспайтын, қит етсе түсінік жаз деп, үстінен баянат жазбайтын, қызметтік тексеру жүргізбей, қызметкерге тәртіп жаза қолданбайтын әкелік, ағалық мейірім танытып, жай сөйлеп, түсіндіретін бастықтардың тапсырмасы, нұсқауы, бұйрығы кейде орындалмай қалып жатады. Өз басым қызмет бабында кез келген бастықтың тапсырма, бұйрықтарын уақытылы, сапалы орындауға, олардың сенімін ақтауға тырыстым. Міне, Төкең осындай бастық болды. Кеңес кезінде әскери, күштілік құрылымдарда командир, бастықтардың қарамағындағы қызметкерлерге қатты сөгіп айқайлауы қалыпты жағдай еді. Төкең анау-мынау басшыны тыңдай бермейтін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері А.Ашировпен жақсы тіл табысып, түсінісіп, бірге қызмет атқарды.

Қазір 43 жыл өткеннен кейін Жалағаштың сол ұжымын жиі еске аламын. Менің кейінгі, қазіргі кездегі қызметтегі жетістіктеріме Төкең бастаған сол ұжымның, ағаларымыздың еңбегі бар деп есептеймін. Осы жылдардағы қанша бірге қызметтес болған жігіттер бірі қызметтің ауырлығына, бастықтардың талабына шыдай алмай тағы бірі өз еркімен, теріс қылықтармен қызметтен шығып кетті. Қызметтің ауырлығына, талаптың қатаңдығына шыдап, заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтап әлі қызметте жүргенім осы Төкең, Арекең бастаған ардагерлердің еңбегі деп білемін.

«Ағадан ақыл, атадан нақыл» дейді дана қазақ. Адам баласының адам баласынан айырмашылығы – оның бойындағы ақылы, білімі, мінезі және т.б. жақсы қасиеттері. Осы және басқа да қасиеттер Төкеңнің бойынан табылды. Төкең туралы ешкім жаман сөз айтпайды, айта да алмайды, тек жақсылық істерін еске алады. Ел арасында құдайдан сұраған адам, ащы тілі жоқ дейді. Ол жұмыс барысында, жұмыстан тыс уақытта ешкімнің намысына, арына тиген жоқ дейді оны жақсы білетіндер.

Қызметтік міндеттеріне сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай ауданның тыныс-тіршілігіне бір кісідей ат салысты. Ол кездері аудандық мекемелер басшылары егін жинау, мал төлдету, мал қырқымы, жем-шөп жинау, т.б. ауыл шаруашылық науқандарына әр ауылға уәкіл болып жіберілетін, бұл шараларға Төкең де белсене қатысты. 1984 жылы қыста, әлі есімде, жем-шөптің жетіспеуінен аудан совхоздарында мал қырыла бастады. Төкең мені шақырып алып, бұйырмай, өзімен бірге Аққыр совхозына баруымды ұсынды. Әлі алыс совхозға бармаған, даланы, елді көруді ұнататын мен қуана келістім. Жылы киінуді тапсырды. Үстімде нысанды формалық киімнен шинелден басқа жылы киім жоқ мен ойланып қалдым, азаматтық киім киюге болмайды. Оны естіген бөлім қызметкерлері маған ағалық жанашырлық танытып, жылы киімдерін ұсынды. Бірақ, Төкең ұзын тон алып келіп, мені іссапар кезінде тоңып қалудан сақтады. Аққырда совхоз директорыТөлегенов Тынарбай ағаның үйінен тамақ ішіп, фермаларды араладық. Іссапар кезінде мен фермалардың өрт қауіпсіздігін тексеру үшін Төкеңнен бөлек кеткен маған ол ферма басшыларына менің қарным ашып қалмауымды тапсырды. Сөйтіп бірнеше күн Төкеңмен бірге болып, аман-есен Жалағашқа оралдық.

Сол жылдары бөлімде тергеуші лауазымын атқарған мен сияқты жас маман Әзхожаев Дәуіржанмен бірге қызметтес болдық. Сенбі, жексенбіде үйлерімізге Қызылордаға бірге қайтамыз. Төкең бізге жаны ашып, ол күндері кезекшілікке қоймауды тапсырып қойған. Бұл да ол кісінің жас мамандарға көрсеткен жанашырлығы болатын.

Заңғар тұлға Төлеш аға қызметкерлерді көтермелеп, марапаттауды жақсы жолға қойды, қызметтік-әскери тәртіпті бұзатын қызметкерлерге «Жолдастық сот», «Партиялық жиналыс», «Комсомолдық жиналыс», «Әйелдер кеңесі», т.б. қоғамдық ұйымдар арқылы ықпал ету шараларын қолдануды тәжірбиеге енгізді. Ол жұмыстар өз жемістерін де берді. Сол кездерде жеке құрам арасында қылмыс, төтенше оқиғалар болған жоқ. Қызметкерлердің қызметтік-әскери тәртіпті бұзу деректері марқұм, аға тергеуші болған Зұлқарнай Алиев төрағасы (мен орынбасары, кейін төраға болып сайландым) болған құрамына аудандық прокуратура, адвокатура, әскери комиссиариат, өрт сөндіру, АХАЖ бөлімдері кірген комсомол комитетінің жиналыстарында қаралатын. Т.Әлиев бұрын Тергеу абақтысында қызмет жасағаннан кейін, сол қызметтің қыр-сырын білетін болғасын Уақытша ұстау абақтысы мен әкімшілік жазаға тартылғандарды ұстау қапастардың (камералардың) тазалығына, санитарлық талаптарына қатты көңіл бөліп, техникалық жағдайын күшейту, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру, т.б. шаралар қабылдады. Бөлім бастығы лауазымын атқару кезінде аудандық партия комитетінің бірнеше бірінші хатшысымен, атқару комитетінің бірнеше төрағасымен жақсы тіл табысып, жұмыс істеді, аудандық кеңестің депутаты болды, жеке құрам да ел, халық алдында абыройлы болды.

Кезінде Төкеңнің қарамағында қызмет істеген, оның мейірім-шапағатын, қамқорын көрген, бүгінде полиция ардагерлерінің бірнешеуі ол туралы өз пікірлерін қалдыруды жөн көрді.

Жалағаш аудандық Полиция бөлімі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Б.Нұржанов: «…Әділдіктің ақ жолынан айнымай қызметін адал атқарған, ел арасында «құдайдан сұраған», «құдай берген» деп аталып кеткен өте сабырлы, халықшыл, қандай бір шиеліністі жағдайға байыппен қарайтын мінезі ұстамды басшы Төкең кезінде бөлім құқықбұзушылықтың алдын алу мен қылмыс ашуда облыста алдыңғы қатарда болды. Оны полицияның Абыз Ақсақалы деп атауға болады. Ол кезде аудан аумағындағы өзен-көлдерге сенбі, жексенбі сайын Байқоңырдан топ-тобымен демалуға ағылып келетін Мәскеуден басқаны мойындағысы келмейтін әскери шенеуніктермен милиция қызметкерлері арасында түсінбеушіліктер болып қалатын. Ол бірнеше рет кәнігі дипломаттай қиыннан жол тауып, екі жаққа тиімді шешім тапқан болатын. Сол жылдары Жалағашта құрылысы оншақты жылға созылған элеватор салынып жатқан болатын. Онда арнаулы комендатураға орналастырылған ел ішінде «химиктер» аталып кеткен сотты болғандар криминогендік ахуалға айтарлықтай әсер ететін. Бұрын қылмыстық атқару жүйесінде қызмет атқарған Төкеңнің қылмыстың алдын алу жұмыстарындағы озық тәжірибесінің көмегі көп болды. Төкеңнің шәкірттері кейіннен аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі ішкі істер органдарында басшылық қызметтер атқарды».

 «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», «Жеке ерлігі үшін» орденінің иегері Базарбай Ержанов: «…Төлеш ағаның тәрбиесімен түледік. Төкең милиция жұмысының күретамыры кезекші бөлім мен уақытша ұстау абақты жұмысына көңіл бөлді. Жаңа штаттық бірліктер енгізіп, сержанттық лауазымда жүрген мені штаб жұмыстарын үйреніп, құжаттармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Оның қамқорлығы мен тәрбиесін көріп, өскен жігіттер аудан, облыс аумағындағы қызметтер саласын басқарды. Ол аудан басшыларымен сыйласып, қоян-қолтық жұмыс істеп, аудан халқының сенімі мен құрметіне бөленді. Әлі де ұзақ жылдар ақылшымыз болып, алдымызда аман сау жүре беріңіз». 

ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері Н.Аманов: «…Төкең бастық болып келгенде қызметті бірден дөңгелетіп алып кетті. Ол уақытша ұстау абақтысы мен кезекші бөліммен қатар мемлекеттік автоинспекция, паспорт столы, учаскелік инспекторлары мен жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекция қызметтерін апта сайын сараптау, бағалау жұмыстарын өзі басқарып отырды. Аудандық партия-кеңес органдары тарапынан учаскелік инспекторлар мен өртке қарсы инспекция қызметкерлерін ретсіз шаруашылықтар жұмыстарына жұмсауына бөгет болып, оларға өзінің тікелей міндеттерін орындауларына мүмкіндік берді. Партия-кеңес органдары алдында қызметкерлерін қорғаймын деп өзі партиялық жазаға тартылған кездері де болды. Ол қызметкерлерге ең қатты айтқаны: «Диуана болу – бір пәсте, мұсылман болу – әсте-әсте, қызметтік тәртіпті бұзуды қашан доғарасың? Сенің әке-шешең, отбасың, шеттей балаларың бар ғой» дейтін. Ол кезде қызметкерлеріміздің ауызбіршілігі, мықты еді, «мынау сержант, мынау офицер» деп айыру жоқ, «бәріміз бір милиция» болдық. Ағамыздың қамқорлығын, жақсылықтарын көп көрдім. Өте сыпайы, ешкімнің де арына тиетін сөзді аузына алмайтын, қазақшылық пен милиция қызметін қатар алып жүрген оған Жаратқан иеміз әлі де мәнді-мағыналы ұзақ өмір сүруді нәсіп етсін, бүгінгі бедел-биігіңіз  төмендемесін деген тілегімді жолдаймын».

Қазақта 70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, 80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, қарт, қария, ал 90 мен 100 жас аралығы – селкілдек шал дейді екен. Бүгінде 90-ға келіп қалған, кешегі күнге дейін сапқа тұрмаса да өзін жақсы сезініп, өзінен әлдеқайда жасы кішілерден оқ бойы алда болған, запаста болса да милиция офицерін «селкілдек шалдар» қатарына жатқызу әлі ерте деп ойлаймын. «Ардагер аға алдында тұрсын, әдепті іні артында тұрсын» дегендей ардақты ағамызды әрдайым үлгі тұтамыз, алдына шықпаймыз.

Ұлт болашағының ең басты тұғыры, ең басты іргетасы – отбасы. Отан отбасынан басталады. Отбасы – мәуелі бәйтерек мемлекет тұғыры. Әлиевтер жанұясы – отбасы құндылықтарын сақтай отырып, қазақи менталитетімізге сай ибалылық, кішіпейілділік, қонақжайлылық, мейірімділікті бойға сіңіре білген отбасыларымыздың бірі. Жеңгеміз Алтынкүлмен бірге жоғарғы білімді, үйлі-баранды болған 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 19 немере, 30 шөбере көріп, бақытты отбасы атанып отыр. Қазір «Баласы жақсы адам қартаймайды» деп те айтылып жүр. Төкең мен жеңгеміздің осы жастарында тың, сергек болулары балалары, немерелерінің еңбегі болу керек. Үлкен ұлы Жұмабек Қызылорда қаласында абыроймен бірнеше мекемеде басшы лауазымдарын атқарды, немерелері Нұрлан Қызылорда қалалық сотында судья, Еркебұлан қалалық прокуратурасында жауапты қызметтер атқаруда. Ағамызға Алла қуат берсін. Әлде де өмір тәжірбиесін ұрпақтарына, жастарға үйрете берсін демекпін.

 «Аға алдында пейіліңді көрсет» деп те айтқан қазақ мақалы. Оның жүріп өткен жолдары біздер 80-жылдардың жас мамандары үшін үлгі болады, ағаларына өз пейілін көрсету – інілер борышы. Бұл күні асыл ағаны ардақ тұтатын інілері, шәкірттері жеткілікті.

15 ақпанда Жалағаш Орталық мешітінде полиция бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Нұржанов пен ардагерлердің бастамасымен  ұрын қызметте болып, бүгінде өмірден өткен 87 әке, аға, інілерімізге арнайы ұйымдастырылған аста Төкеңмен бірге табақтас болдық. Ағамыздың Аллаға шүкір отырып, тұруы әлі жақсы, келіп амандасқан жігіттерді танып жатыр, әңгіме арасында қарамағында қызметте болған жігіттерді еске алды.  

Қытайдың ұлы ойшылы, философы Конфуций мемлекетті басқару мәселесі туралы былай деген: «Бекзат тұлғалар сыйлықтардан сыпайы түрде тәуелсіз болуы керек». «Басшы адамдар өзімен қатар қызмет істегендердің ренжуіне себеп болмауы керек». «Ұлы болсаң да тәкаппар болма». «Оның байсалды, салмақты мінез-құлқына қарай жұрт оны құрметтейді». «Егерде басшы адамға өмір бойы есінде сақтап, басшылыққа алатын сөз қажет болса, онда ол сөз – «жұмсақтық», «кішіпейілділік».

Иә, бұл сөздермен Төкең таныс болмаса да, оның өз қызметінде басшылыққа алғандығы байқалады.

Хұсайын  ҚОРАЗБАЕВ,

Қазақстан Журналистер, Заңгерлер одағының мүшесі.

Ақпарат саласының үздігі. Қызылорда ОПД-нің бөлім басшысы, полиция полковнигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: